Қыдырәлі Болманов сүйінші жаңалықты хабарлады

Қыдырәлі Болманов

«Ұлытау» тобы Лос-Анджелесте ұйымдастырылған The Djooky Music Awards байқауында бірінші орын алды. Қуанышты хабарды топтың продюсері Қыдырәлі Болман хабарлады. Sputnik. 

Қыдырәлі Болманның жетекшілігімен топ АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен Djooky Music Awards халықаралық музыкалық байқауында рок-металл санаты бойынша жеңіске жетті. Топ Махамбет Өтемісұлының «Жұмыр қылыш» күйін орындаған.

Байқау онлайн дауыс беру арқылы өтті. Дауыс беру 27 ақпан таңғы 06.00-де басталып, 1 наурыз күні тоқтатылды.

«Бүкіләлемдік жеңіс құтты болсын, қазақ елі! Мың алғыс, мың тағзым! Күмбірлеген, тасып-төгілген күйлерімізді әлемнің сахнасына шығарып, домбырамызды аламан бәйгелерге қосып, бас жүлделер бұйыртқан Аллаға сансыз мадақтар болсын! Үлкен қолдау қөрсетіп, таңғы 6:00-ге дейін «Ұлытау» тобымен бірге болған сіздерге, Қазақстан өнер жұлдыздарына, біртұтас қазақ еліне, мың алғыс, мың тағзым!», — деп жазды Болман.

Айта кетейік, Djooky Music Awards халықаралық музыкалық байқауына әлемнің 86 елінен 13 музыкалық бағыт бойынша музыканттар қатысты.

Байқаудың қорытындысы аралас форматта шығарылды: 50% – көрермендердің дауыс беруі, 50% – америкалық продюсер Брайан Малуфтың шешімі.

«Ұлытау» тобы – 2001 жылы құрылған этно-рок стиліндегі музыкалық ұжым. Сол жылы топ Голливудта өткен бүкіләлемдік музыка орындаушыларының чемпионатында бас жүлде алды.