Өзінің тұрып жатқан үйін жалға беретіндер 2,3 миллион теңге грант алады

үйін жалға беретіндер

Шығыс Қазақстан облысында өзінің тұрып жатқан үйін туристерге жалға беріп, бизнес жасағысы келетін катонқарағайлықтарға 2 миллион 300 мың теңге грант беріледі. Бұл туралы ауданды тұрақты дамыту қорының атқарушы директоры Серік Жүнісов айтты, деп хабарлады Алтайньюс.

Әсіресе Катонқарағай, Өрел және Берел ауылдарына басымдылық берілген. Қордың атқарушы директорының сөзінше, бір жылдың ішінде үйлерін туристерге берген 5 адамға грант ұсынылған.

«Ол ақшаға су тартып, дәретхана салып, демалушыларға қолайлы жағдай жасау керек. Туристер саны жыл өткен сайын көбейіп, ауылдағы тұрғындар саны азайып барады. Қалаға көшіп кете бермей, ауыл туризмі бағытын көтеруіміз керек. Жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, алдағы 5 жылдың ішінде Катонқарағай ауданының картасынан тағы 13 ауыл жоғалайын деп тұр», — дейді Серік Жүнісов.

Тағы бір ескеретін жайт – грант алғысы келетін адам сол ауылдың жергілікті тұрғыны болуы керек. Сырттан келіп туризммен айналысам дегендерге көмек көрсетілмейді.