«Содан оралмапты…» Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтің қарындасы жайлы

Мақпал Жүнісова

Күні кеше Әсел Қалабаева есімді әйел анасының Заманбек Нұрқаділовтің туған қарындасы екенін айтты. Жағдайы төмен отбасы Мақпал Жүнісова мен халықтан көмек сұрады. Бұл ретте Мақпал Жүнісованың өз айтары бар. 

Мақпал Жүнісова Рая Қалабаеваны танымайтынын, оның Заманбек Нұрқаділовтің қарындасы екеніне сенбейтінін айтты, деп жазады Sputnik.

«Мен бұл әйелді танымаймын. Зәкең өзі жайлы жазған кітабында бір анадан екі бауыр туғанын айтады. Біз Шонжыда талай болғанбыз. Егер қарындасы болса, Зәкең міндетті түрде оның үйіне барып қайтар еді. Зәкең 1 жаста болғанда әкесі фронтқа кетіп, содан оралмапты. Жолдасым тірі болса, биыл 77 жасқа толар еді. Ал ол әйел 71 жаста екен. Қисынға да келмейді. Мен оның қайдан шыққан қарындас екенін білмеймін», – деді Жүнісова.

Мақпал Жүнісова ешқандай туыстың Нұрқаділов қайтыс болғанда көңіл айтып келмегенін жеткізді. Одан бөлек бұл туралы хабар жасаған журналист алдымен фактіні тексеріп алуы керек еді деп ренжіді.

 

«Мен өз өнеріммен, өз еңбегіммен нан тауып отырған адаммын. Ешкім маған көмектесіп жатқан жоқ. Ол кісінің аға-әпкелері бар екен. Неге олар көмектеспейді. Неге мен көмектесуім керек? Маған Зәкеңнен мұра қалған жоқ. Егер мен бай болсам, тойға шығам ба?», – деді халық әртісі.

Айта кетейік, Әсел Қалабаева есімді әйел анасының Заманбек Нұрқаділовтің туған қарындасы екенін айтты. 22 жылдан бері баспанасыз қаңғырып жүрген отбасы халықтан көмек сұрады. Одан бөлек Мақпал Жүнісовадан көмек күтетінін айтқан еді.

1944 жылы туған Заманбек Нұрқаділов – саясаткер, әр жылдары Алматы қаласының әкімі, парламенттің депутаты, Алматы облысының әкімі болған, өмірінің соңғы жылдарында оппозициялық қызметпен айналысқан. Нұрқаділовтің денесі 2005 жылдың 12 қарашасында әйелінің үйінен табылды. Ресми нұсқа бойынша, өз өзіне қол салған.