«Димаш Қырғызстанда сұхбат алушыға өзінің қырғыз екенін айтқан» Димашты қазаққа қимаудың себебі не?

Димаш

Қазақтардың этникалық негізге ерекше мән беретіні шындық. Себебі ерте заманнан бері тайпалық тегін ұмытпай келе жатқан халықтың бірі. Бірақ шежіреге үңілсек, оның екі-үш ғасырдан аржағы көмескіленіп кететініне қарамастан өздерін Адам атадан бері қарай таратуға құмар қазақтардың бүгінгі трайбалистік сезімі генетикалық жақындыққа мән беруден гөрі басқа мән алып бара жатқандай. /turkystan.kz/

Рас, қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспайтын салты ұлттың генефондын сақтауға, яғни қан тазалығына үлкен пайдасы болды. Бірақ қазақтың бәрінің қаны таза ма? Рулық шежірелерді ақтарсаң ішінде кірмесі (яғни белгілі бір руға сырттан келіп қосылғандар) жоқ рудың өзі жоқ. Демек, бүгінгі қазақтың энтикалық негізінің 100 пайыз тазалығына ешқандай кепіл жоқ. Оның үстіне жаугершілікті басынан көп кешірген халықтың жеңген дұшпанынан қыз-келіншектерді олжалап, оларды әйелдікке алуы қалыпты жағдай болған. Демек, бүгінгі қазақтың қанына, күллі ортаазиялық түркілерді былай қойғанда, қалмақтардың, қызылбастардың (иран), еуропалықтардың да қаны араласып кеткені шындық.

Бірақ біз қалайша бір ұлт болып отырмыз? Бізді ұлт қылып ұйыстырып отырған құдіреті – тіл мен салт-дәстүрдің бірлігі. Соны біле тұрсақ та, қазақтар бір-біріне этникалық тұрғыдан сын көзімен қарап, «ананың аталары қалмақ», «мынаның тегі қызылбас», «бұл араптан келген кірме», «мұның бабалары қазаққа қырғыздан келіп сіңіскен» деген сияқты таусылмайтын күдік пен күмәнге жол беріп, қараптан қарап бір-біріне деген сенімсіздіктің түтінін бықсытып отырады. ХХІ ғасырда әлемдік өркениет көшіне ілесіп отырмыз десек те, ойымыз әлі орта ғасырда!

Жұрт не десе о десін, бүгінде ұлт деңгейінде ойлай алмай артта қалып отырған халықтардың бәрі бәрі трайбалистік болмыстың құрсауында қалғандар. Мысал керек пе? Азиядағы қазақ, қарақалпақ, қырғыз, башқұрт ұлттары, АҚШ-тағы үндістер, Австралиядағы, Индонезиядағы аборигендер, Африкадағы тайпалар… Бұлардың бәрі де тайпалық сезімнен ада болмағандар!

Әрине, қазақ ұлт ретінде барлық символдарға ие, бірақ ойлау дәрежесінде әлі тайпашылдық бар. Оған көп мысалдың керегі жоқ, әлеуметтік желідегі рулық мәселе жайындағы постар мен оған жазылған комментарийлерді бір шолып шықсаңыз жеткілікті!

Кешелі бері әлемге танымал қазақ әншісі Димаш Құдайбергенді біреу «қырғыз», біреу «қырғыз емес» деп таласып, оның тегін қазбалап жатуымыз өзге жұрттың алдында тым ұят-ақ нәрсе болды! Жұрт жақсысына кір жұқтырмайды, ал біз өзімізге қимаймыз! Неге? Бәрі – жоғарыда айтқан рушылдықтың кесірінен!

Жасыратын несі бар, қазақтың көбі мақтаншақ! Өз руынан біреу шықса, соны аспандатып, жерге табанын тигізбей мақтап, мадақтап, тап солардың руынан басқа рудан ешкім шықпағандай қылып екіленгенде езуінен көбік ағады! Мейлі дейсің, дұрыс-ақ, жақсы дейсің. Бірақ оған тоқтай қоятын қазақ бар ма, енді сенің мойындағаның оның шабытын одан әрі қоздырып, «сендерден ондай шықпақ қайда» дегенге саятын менмен пікірлерін үдетіп, әлгі бәрекелді деп отырған қазақтың түбесіне су шашқысы келеді. Сосын ортада ерегіс басталады да, одан әрі бір-бірін тілі жеткенше тілдеп, аузы толғанша боқтап – дұшпаннан жаман болады. Бұл бұрында кішігірім той-жыйында аса сирек болатын жағдай болса, бүгінде күн сайын әлеуметтік желіде жүріп жатқан мылтықсыз майдан!

Ал енді Димашқа келсек, оның «қырғыз» екені жайлы әңгіме осыдан бір жарым жыл бұрын бір рудың шежіресіне арналған топта басталған-ды. Сонда фейк есіммен отырған біреу топтағы ана постқа бір, мына постқа бір «Димаш қазақ емес, ол қырғызбын деген» деп қайта-қайта коммиентарий жазып отырды. Кейін тағы бірде Вконтакте желісінде жарияланған бір бейнежазбаны салыпты. Онда Димаш қырғыз елінде жүріп, сұхбат алушыға өзінің руының қырғыз екенін сөз арасында айтып қалады. «Е-е» деп қоя салғанбыз. Аса мән де бермедік. Себебі түрлі ұлттың атымен, оның ішінде «қырғыз» деп аталатын рудың барын, оның кіші жүзде ғана емес, орта жүздің ішінде де бірнеше рудың ішінде кездесетінін білетін едік. Бірақ…

Кешелі бері Димаштың тегін әңгіме қылушылар желіде көбейіп кетті. Сайттар да бірінен соң бірі мақала жариялап жатыр. Алайда бір жақсысы ,бұл мәселеге әлеуметтік желіде пікір білдірушілердің көбі Димаштың қазақ баласы екеніне күмәндануға болмайды деген пікірде. Ал бұл шу қайдан пайда болды, оны жасап жүргендердің мақсаты не? Біздіңше бұл рушылдықтың кесірі. (Димаш біздің рудан болмаса, мүлде керегі жоқ деген  пиғыл ғой). Бүгінде кейбір рушылдар өз руынан болмаса, өзге рудан шыққандарға жаны ашымайтын жағдайға жеткен. Сондай тар пиғылға қамалып қалған қызғаншақтықтың  кесірі, міне, бүкіл ұлтымызды күллі әлемге танытып жүрген бекзат ұлға да тиіп жатыр…

Ал осы күнге дейін қазақты әлемге Димаштай таныта алған кім бар??

P.S.  …Өткенде рушылдықтың шоғын көсегендердің бір тобы «Әлем ханшайымы» атанған Жұлдыз Әбдікәрімованың жеңісіне күмән келтіріп, олардың асқынған қызғанышы халықаралық конкурс ұйымдастыру комитетінен «отандасымыздың жеңісті қаншаға сатып алғанын» сұрауға дейін жеткізіп еді, енді міне, сондайлардың тағы бірі Димаштың ұлтына күмәндандырмақшы. Бұндай ұлтымыздың атына дақ түсіретін әрекеттерді тоқтатпасақ болмайды. Ондай зымияндықтың түбінде, көп жағдайда тайпашылдықтың жататыны бар…

Жалпы, кең тұрғыдан алғанда, тіпті, ұлты өзге болса да өзін қазақ санайтын әр азаматтың қазақ саналуына хақы бар.

Әлемде ағылшын, француз, неміс, орыс секілді ірі халықтарды былай қойғанда, оңтүстіктегі түбір бір туысқан көршіміз үшін кім өзбекше сөйлеп, өзбек дәстүрін ұстанса соны өзбек санайды. Ал біз өз ұлымызды сыртқа тебуге дәтіміз барды…

 

Ахмет ӨМІРЗАҚ
/turkystan.kz/