«Ешкім менің ата жауым емес, бірақ…»: Экс-министр Тұңғышбай Жаманқұлов туралы ойын ашық айтты

20161103124945

«Тұңғышбай ағамызды көп айтып жатырмыз, алдында да айттық. Енді мен сізге шынымды айтайын. Әрине, ол кісіні өнер тұлғасы ретінде бәріміз сыйлаймыз: ойнаған образдары, шәкірттері, ұстаздық еткені бар. Бірақ мен бұл қадамға өзім әдейі тігінен бардым. Көбісі «Онымен шатақтасып не керек? Бір сұрағанын бере салшы» деді.

Егер біз кино саласын дұрыс жолға қоямыз десек, бәріне үлгі болатындай үлкен бір қадамға баруымыз керек. «Жігіттер, осымен бітті, тоқтайық немесе таза кино түсіру керек. Әйтпесе, сол баяғыдай киноға ақшаны беріп, рахметін алып, ешқандай кино жоқ, басқа да жоқ болып жүреміз» деп айттым. 25 жыл ішінде «Жаужүрек мың баладан» басқа қандай кино бар? «Көшпенділер 35 миллионға түсірілді. Арты немен бітті?» – деп күйінді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Әрі қарай экс-министр әр адамның азаматтық ұстанымы болуы керегін, сондай-ақ, жасаған әрекеті үшін еш өкінбейтінін жеткізді. Бұдан өзге уақыты келген кезде жала жапқан жандардың өтірігі әшкере болатынын да айтты.

«Ана қыз да ұятты болып бір күні шығады. Талғат деген жігіт те бар. Барлығы мені бопсалап, жолдан алып тастау керек болды. Олардың артында бұрынғы президент әкімшілігінің жетекшісі Азамат тұрды. Оның өзі шпион болып ұсталды. Міндетті түрде жоғарғы жақта қарап тұратын адам болады. Сол жазасын міндетті түрде береді. Әрине, ешкім менің ата жауым емес. Бірақ осы қызметке келген соң, азаматтық көзқарасымыз, ұстанымымыз бар.

Оны мақтанышпен алдыға қарай жылжытып отыруымыз қажет. Әйтпесе біреуді жөнсіз қудалау, сотқа беру деген жоқ. Неге сотқа бердім? Жала жапқан соң, заң бойынша міндетті түрде сотқа беруім керек. Сотқа бермесем, «Бұл кінәсін мойындап отыр» деп айтатын еді. Қалай кінәңізді мойындайсыз? Ал соттың арты немен біткенін өздеріңіз білесіздер», – деп ағынан жарылды Арыстанбек Мұхамедиұлы.