Kaspi bank бөлімшесіне кімдер қарақшылық шабуыл жасағаны белгілі болды – видео

7852653

Екі күдікті Алматы қаласында, ал үшіншісі Оралда ұсталған, қазір олар қамауға алынды. Ұрланған ақша тәркіленді

Алматы қаласында Kaspi bank бөлімшесіне қарақшылық шабуыл жасаған үш ер адам ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Алматы қаласы полиция департаменті криминалды полиция басқармасының мәліметінше, қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен 1985, 1986 және 1992 жылғы үш ер адам ұсталды. С. және У. есімді екі күдікті Алматы қаласында қолға түсті.

«Ал үшінші фигурантты Батыс Қазақстан облысының полицейлері Орал қаласында ұстады.  Заттай айғақ – ұрланған ақша тәркіленіп, Алмалы ауданының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-тармағы бойынша тергеп жатқан қылмыстық істің материалдарына қосылды», – делінген хабарламада.

Полиция қарақшылық шабуыл кезінде пайдаланылған аңшы мылтығы күдіктілердің біріне тиесілі екенін анықтады.
Ұсталғандар қамауға алынды.

Еске салсақ, осы жылдың 15 қазанында Алматыда Kaspi банктің бөлімшесіне қарақшылық шабуыл жасалды. Қылмыскерлер кассадан екі миллион теңгеден астам ақшаны алып кеткен. Ер адамдардың шабуыл жасаған сәті түсіп қалған видео әлеуметтік желіде тарады.