Қыз зорлап, сотталып кеткен ер адамның әкесі куәгер әйелге пышақпен шабуыл жасады

Қыз зорлап

Қыз зорлап, сотталып кеткен ер адамның әкесі куәгер әйелге пышақпен шабуыл жасады

Шығыс Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмаған қызды зорлау ісі бойынша резонанстық сот отырысы кек қайтарумен аяқталды

НҰР-СҰЛТАН, 18 қазан — Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында қыз зорлап, сотталып кеткен ер адамның әкесі куәгер әйелге пышақпен шабуыл жасады, деп жазады өңірлік Устинка LIVE.

Қылмыстық істер бойынша ауданаралық соттың шешімімен Суықбұлақ ауылында кәмелеттік жасқа толмаған қызды зорлаған ер адам 12 жылға сотталды.

Басылымның хабарлауынша, үкім шыққан күні қылмыскердің 62-жастағы әкесі ішіп алған. Ұлының кінәлі екеніне сенбеген тұрғын қолына пышақ алып, ауылдастарының үйіне барады. 11 жасар қыз бен оның шешесі сотта куәгер болған еді.

«Әйелдің үйіне келген ол қолындағы пышағын сермеп, балағат сөздер айта бастайды. Баласының сотталып кеткеніне айыптап, оны өлтіремін деп айғайлаған. Әйел оның киіміне жармасқан, осы сәтте ол пышақты сол қолына алып, оң жұдырығымен басынан, денесінің басқа жерінен бірнеше рет ұрады. Әйелді итермек болған кезде екеуі бірге жерге құлаған», – деп жазылған аудандық соттың үкімінде.

Осы кезде әйелдің көршілері келіп қалып, шабуыл жасаған ер адамды тыныштандырып, үйіне алып кеткен. Зардап шеккен келіншектің айтуынша, бұл уақытта қызы үйде тығылып қалыпты. Өзі жеңіл жарақаттар алған.

Аудандық сот ауылдасына пышақпен тап берген ер адамға қатаң жаза қолданбады, ол 25 айлық есептік көрсеткіш (69 450 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді. Сонымен қатар ер адам зардап шегушілерге арналған өтемақы қорына 14 мың теңге беруі тиіс.

Сот үкімі заңды күшіне енді.