Ауыл әкімі қамауға алынды

Ауыл әкімі

Мемлекеттік қызметкер жалған құжаттар мен түбіртектерді пайдалану арқылы қаражат алып, оны өз қажеттілігіне жұмсаған

Қаржы мониторингі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті Мұғалжар ауданы ауылдық округі әкімінің алаяқтық әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

«Аграрлық несиелік корпорация» АҚ Ақтөбе қаласындағы филиалы «Құлан» бағдарламасы бойынша шаруашылық қожалығының иесіне 40 жылқы сатып алу үшін жалпы сомасы 11 840 000 теңгені құрайтын несие бергені анықталды», – делінген хабарламада.

Алайда, бөлінген несие шаруа қожалығының иесіне жетпеген.

Ауылдық округтің әкімі жалған құжаттар мен түбіртектерді пайдаланып, көрсетілген қаражатты алып, оны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігіне сай (аса ірі көлемдегі алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Соның аясында ауылдық округ әкіміне «қамауға алу» шарасы қолданылды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.