«Біз түнді жырада өткіздік». Қостанай облысында 4 қыз адасып кеткен

9 қазанда Қостанай облысының ауылында 7, 9 және 12 жастағы төрт қыз жоғалып кетті. Полиция қызметкерлері мен еріктілердің көмегімен олар 10 қазанда таңғы сағат 8-де табылды, – деп хабарлайды Qazbrand.info Tengrinews.kz ақпаратына сүйеніп.

Еріктілер әлеуметтік желілерде хабарлағандай, қыздар шамамен сағат 16-да Асенкритовка ауылынан жоғалып кеткен.

«Алдын ала ақпарат бойынша, қыздарды автобустан шығарып жіберген, содан кейін олардың қайда екендігі белгісіз», – дейді еріктілер.

Қамқор азаматтар қыздарды іздеуге шыққан болатын.

Төртеуі де таңертең сағат сегіздер шамасында Николаевка ауылының маңынан табылды. Қыздар түнде сайда түнеген екен. Автобус туралы ақпарат расталмады.

Аудандық полиция бөлімі балаларды іздеуге қатысқан барлық қамқор азаматтарға алғысын білдірді.