Праймериз-2020: Nur Otan қанша адам депутат болатынын жариялады

Праймериз-2020

Праймериз-2020: Nur Otan қанша адам депутат болатынын жариялады

Праймеризге қатысқан 11 мыңға жуық адамның 6 мыңнан астамы партиялық тізімдерге ілінеді. Соның ішінде 3 300-ден астамы депутаттық мандатқа ие болады

Праймеризге қатысқан мыңдаған кандидат депутаттық мандатқа ие болады. Бұл туралы  Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Осылайша, праймериздің алғашқы деңгейі аяқталды. Енді, кандидаттардың рейтингісін зерделеп шыққаннан кейін әйелдер мен жастардың квотасын ескере отырып, партиялық тізімдер жасақталады. Ал облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына, сондай-ақ, мәжіліске баруды жоспарлап отырғандар үшін күрес әлі аяқталған жоқ. Олар партиялық конференцияларда тағы дебатқа қатысады», – деді Қырықбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, праймеризге 10 990 кандидат қатысты. Олардың ішінде 7 143 адам – өзін-өзі ұсынған үміткерлер. Кандидаттардың орташа жасы – 43. Бүгінде партияның ішкі іріктеуіне қатысқан әрбір адамның аты-жөнін және рейтингісі праймериздің ақпараттық жүйесіне жүктелді. Оны primaries.kz және nurotan.kz сайттарынан табуға болады.

«Осы қатысқан 11 мыңға жуық адамның 6 мыңнан астамы партиялық тізімдерге ілінеді. Соның ішінде 3 300-ден астамы, бұйыртса, депутаттық мандатқа ие болады. Ашық айтуымыз керек, біз праймериз арқылы алдағы мәжіліс пен мәслихат сайлауларына дайындалып жатырмыз. Бізге мықты көшбасшылар қажет», – деп атап өтті Қырықбаев.

Оның сөзіне қарағанда, қолдауға ие болған шынайы патриоттар партия назарынан тыс қалмайды.

«Біздің партиямыздың құрамында жер-жерде түрлі кеңестер, партиялық бақылау комитеттері, оның өкілдіктері сияқты органдар көп. Соның ішінен белсенді азаматтарды тартамыз. Қажет болса, басқа органдарға орналасуына, сол жерде елге қызмет етуіне жағдай жасаймыз», – деді Қырықбаев.