Қырғызстан президенті Жээнбеков мәлімдеме жасады – видео

Жээнбеков мәлімдеме жасады

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков бүгін, 6 қазанда елдегі саяси жағдайға қатысты бейнеүндеу жасады

Мемлекет басшысының баспасөз қызметі оның видеосын президенттің YouTube каналына орналастырды, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.

Президенттің айтуынша, кеше кешке кейбір саяси күштер билікті басып алуға тырысты.

«Олар сайлау сылтауымен қоғамдық тәртіпке қайшы әрекет етіп, қаланың тыныштығын бұзды. Сондай-ақ, полицияға бағынбай, дәрігерлерді ұрып-соғып, ғимараттарды қиратты. Мен құқық қорғау органдарына ешқандай қан төгіліп, ешқандай бейбіт тұрғынға қауіп төнбеуі үшін оқ атпауға бұйрық бердім. Біз жағдайдың шиеленісуіне жол бермеу үшін барлық мүмкін шараларды қабылдадық. Елдің тыныштығы, қоғамның тұрақтылығы кез-келген депутаттық мандаттан жоғары», – деді Жээнбеков.

Сонымен қатар ол Орталық сайлау комиссиясын заңбұзушылықтарды тергеуге және қажет болған жағдайда сайлау нәтижелерінің күшін жоюға шақырды.

«Мен саяси партиялардың жетекшілерін сабырға шақырып, өз жақтастарын жинамауға үндеймін. Барлық отандастарымды бейбітшілікті сақтауға, арандатушы күштерге алданбауға және заңсыз қадамдар жасамауға шақырамын. Біздің еліміздің тыныштығы мен қоғамымыздың қауіпсіздігі бәрінен жоғары», – деді Жээнбеков.

Айта кетейік, 5 қазанда наразылық білдірушілер орталық алаңда парламенттік сайлаудың нәтижесін әділ емес және заңсыз деп санайтынын білдіріп, қақтығысқан болатын. Нәтижесінде, олар Ақ үйді басып алып, бұрынғы президент Атамбаевты босатты.