Достар! Достар! Мен сендерге қостым үн,

Сендер барда жоқ қой менің еш мұңым.

Достық болып оралады өзіме,
Өздеріңе жасап жүрген достығым.
Болсадағы қазан басқа, от басқа,
Жарасады жүрісіміз топтасқан.
Бәріміздің мұңаяды жүзіміз,
Бірімздің көңіліміз «тоттанса».
Болсын аулақ тоттану мен мұңдану,
Одан да біз достық жырын тыңдалық.
Жүрегіміз ақ таңменен апталсын,
Қалсын шетте қап-қара боп түн налып.
«Есепті дос айырылмайды» дегенге,
Мақал ғой деп, бір айтыспай көнем бе?
Тек достықтан қуат алып тұрғандай,
Ып-ыстық қан жүйткіп жүрген денемде.
Достық деген өлшенбейді безбенмен,
Қасиетін ұга алмайды кез келген.
Достық деген Қыз Жібектей ару ғой,

Төлегенге семсер ұстап, сөз берген!

Авторы: Айтқали Нәріков

***

Достық                               

Ғажап қой мына өмірде дос дегенің,

Көбейгенін досымның қош көремін.

Көрген жанға жылы қабақ танытсам,

Әр баласын қазақтың дос көремін.

Достарыммен әрқашан мақтанамын,

Өздеріңмен өмірден бақ табамын.

Ұлы ұғым болса-дағы үш әріп,

Солар менің байлығым мен аппақ арым.

Құдай сүйген жасамайтын күнәлар,

Достарым бар бір мен үшін тым адал.

Мен қайғырсам менімен бірге қайғырып,

Мен қуансам, шын жүректен қуанар.

Жүрегімнің жыр бағынан жыр үзіп,

Достық жайлы өлең жаздым бір үзік.

Жүрген досқа жаныңдағы не жетсін,

Жүрегіңді жүрегіңмен түсініп.

***

Бөлісу