Әже туралы ән. Әжені құттықтау

Құрметті де аяулы менің әжетайым! Бетіңізден сүйдім. Бүгінгі 70 жасқа келген белесіңізді шын жүректен құттықтаймын. Ғұмыр жасыңыз ұзақ болып, немере шөберелеріңіздің қызығын көре беріңіз, біздің қасымызда әрқашан ақылыңызды айтып жүре беріңіз деген ниетпен сізге мына бір өлең жолдарын оқып бергім келіп тұр:

Қадыр Мырза Әли

Әже туралы ән

Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған,
Сағынышым – сары ормандай самсаған.
Әке болып жүргенімді ұмытып,
Әлі күнге еркелеймін мен саған.

Құлындаймын асыр салған аңғарда,
Қозыңдаймын ойнақтаған албарда.
Өзің барда қысылмаймын күлуге,
Жылауға да қысылмаймын сен барда.

Мен өзіңнен қабылдаппын сүюді,
Мен өзіңнен қабылдаппын күюді.
Сенің жаның жүрегіме ораулы,
Менің жаным жаулығыңа түюлі.

Тұра тұршы түзелгенше бұзығың,
Жүре тұршы жалғанғанда үзігің.
Маған дәулет неге керек, ақ әже – ау,
Өзің бірге көре алмасаң қызығын?!