Ақылды енелі бол.
Абысынға беделді бол.
Қайын апаңа жағымды бол.
Қайын жұртыңа жұғымды бол.
Ардақты аталы бол.
Оң ісіңмен баталы бол.
Қайын ағаңа қадірлі бол.
Ар ісінде сабырлы бол.
Байыңа сүйікті бол.
Ай, жылында жүкті бол.
Қайын сіңліңе сырлас бол.
Қайныңа құрдас бол.
Малға барсаң көнекті бол.
Суға барсаң шелекті бол.
Ошаққа барсаң отынды бол.
Бауға барсаң желекті бол.
Кішіпейіл, сүйкімді бол.
Өнерге икемді бол.
Жұмысыңда епті бол.
Шаңырағыңда көпті бол!

***

Еліңе елеулі бол,
Халқыңа қалаулы бол,
Ата-енеңе жағымды бол,
Қайынаға, қайныңа қайырымды бол.
Ауылыңа айбарлы бол,
Күйеуіңе жайдарлы бол.
Әумин!

***

Отша лаула, сөнбегін,
Еш жамандық көрмегін.
Қосағыңмен қоса ағар,
Құтты болсын қадамың,
Келін болдың, қарағым.
Салтын ұста, ардақта,
Үлкен ата-бабаңның.
Ошақтан от кетпесін,
Үйіңнен көп кетпесін,
Адал болғын жарыңа,
Лаула, оттай, жалында!
Әумин!

***

Құдайым осынау үйге дуа берсін,
Тіл-аузын дұшпанның буа берсін.
Келіннің балағынан бала саулап,
Салпы ерін сары ұлдар туа берсін.

***

Жас келіннің қонған жері,
Құтты қоныс тұғыр болсын.
Біреуі шал біреуі кемпір –
Қос ағарған ғұмыр болсын!
Балапанмен, балақанмен
Бесік іші жыбыр болсын!
Құлан-тайдың асырымен
Оттың басы дүбір болсын.
Сүйіспендік махаббатпен
Тәтті күлкі, сыбыр болсын.
Кәрі күліп бала бағып.
Мол қызықтан ығыр болсын.
Кәрілерге мейірімді келіндерде
әдеп болсын.
Ата күту, ана бағу –
Ата жолы әдет болсын!
Әумин.

***

Келінің баянды болсын,
Үлкендерді сыйлайтын аяулы болсын!
Жылы жүзді болсын!
Жұмақ сөзді болсын!
Келінің бақытты болсын,
Ел қыдырса сыпайы жүрсін.
Күлсе сыпайы күлсін,
Ашпын деп жалаңдамасын.
Өз байымнан анау тәуір екен деп,
Шаш қайырғанға алаңдамасын.
Алдымен еріне жақсын.
Қолға қонған қырғидай
Атасы мен анасына жақсын.
Әумин.

***

Айналайын қарағым!
Алтыннан болсын тарағың.
Күмістен болсын жарағың.
Бақыт қонып басыңа,
Басталсын өмір парағың.

Ашық болсын есігің.
Ұлды болсын бесігің.
Қазаның жиі майланып,
Алладан болсын несібің.

Айналайын қарағым!
Ақылды болсын сыңарың.
Жаратқан Ием жар болып,
Алладан болсын тұмарың.

Айналайын қарағым!
Ашық болсын қабағың.
Бағың артып күн сайын,
Көктен болсын сыбағаң.

Мұң баспасын жүзіңді.
Құм баспасын ізіңді.
Жұлдызың тұрсын жарқырап,
Көктемдей қылып күзіңді.

***

Ақылды енелі бол.
Абысынға беделді бол.
Қайын апаңа жағымды бол.
Қайын жұртыңа жұғымды бол.

Ардақты аталы бол.
Оң ісіңмен баталы бол.
Қайын ағаңа қадірлі бол.
Әр ісіңде сабырлы бол.

Байыңа суйікті бол.
Ай, жылыңда жүкті бол.
Қайын сіңіліңе сырлас бол,
Қайныңа құрдас бол.

Малға барсаң көнекті бол.
Суға барсаң шелекті бол.
Ошаққа барсаң отынды бол.
Бауға барсаң желекті бол.

Кішпейіл, сүйкімді бол.
Өнерге икемді бол.
Жұмысыңда епті бол.
Шаңырағыңда көпті бол.

***

Шайың қызыл болсын,
Ғұмырың ұзын болсын.
Несібең таса берсін,
Дұшпаның қаша берсін,
Құдайым ұзақ ғұмыр жаза берсін!

***

КЕЛІН ТОИ БАТАСЫ

Жас келіннің батасы,
Жастардың көп қатасы.
Жек көрмейді баласын
Анасы мен атасы.
Балалар, көтер қолыңды,
Хайырлы құтты жолыңды.
Ием берсін мал мен бас,
Толтырсын оң мен солыңды.
Мен берейін батамды,
Кішіпейіл болып, келінжан,
Сыйла енең мен атаңды,
Кекшіл болма, қарағым.
Кешірер әркім қатаңды.
Бола берсін ойын-той,
Қызықтап тойлау — құрмет қой.
Ақыл, естен айрылмай,
Жастарым еске алып қой,
Хайырлы болсын тойыңыз,
Құдалар кеуде соқтырып,
Құйрық-бауырға тойыңыз,
Аллаһу акпар!

 

КЕЛІН ТҮСКЕНДЕ  АЙТЫЛАТЫН БАТА

Семьяң үлкен бай болсын,
Төрт түлігің сай болсын,
Ата-анаңның көңілі жай болсын,
Шаңырағың жоғары, биік болсын
Мал-басты үйіп берсін,
Босағаң берік болсын,
Тату-тәтті махаббатты
Бір-біріне серік болсын,
Дастарқандарыңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін,
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін,
Дендеріңе саулық берсін,
Қызметтеріңе табыс берсін,
Қол жеткісіз ырыс берсін!
Дастарқандарың тоқ болсын,
Уайым-қайғыларың жоқ болсын,
Отбастарың шуылдап,
Күлшашарларың көп болсын!
Бақ-дәулет берсін бастарыңа,
Ғұмыр берсін жастарыңа,
Пәле-жала, жын-шайтан
Жоламасын қастарыңа!
Аллау әкбәр!..

***

 

Бөлісу