Мұхтар ШЕРІМ. ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ…
Біздің елде ең төменгі жалақы алатындар анықталды. Құдайым–ау, ең төменгі жалақы алатындар мәжіліс депутаттары болып шықты! Не деген масқара? Айлықтары шайнауға жетпейді, небәрі 28 мың ғана! Байғұстар ішер ас, киер киімге жарымайды. Сөйте тұрып, заңдар қабылдайды, арасында планшеттерінен «ютубты» тамашалайды.
Ал, министрлердің айлығы биыл көтерілді. 29 мың теңге еді, 29200 теңге болды! Халық қамқор көңілмен қанша шуласа да, айлықтары бір көтерілмей қойды. Портфельдері жырым–жырым, тізелері жыртық… Оу, біз қандай елміз өзі? Шетелдіктер күлетін болды ғой? Үкімет басшысының өзінің айлығы отыз мың теңге! Премьер– министр қызметіне ылғи автобуспен барып жүр. Өткенде ақшасы болмаған екен, кондуктор ұрсеп, ұрсеп, аялдамадан түсіріп кетіпті. Халық шулап жатыр. Неге атқа мінерлеріміз соншама кедей тұрады деп… Байғұстардың пәтерлері де жоқ қой, кезекке тұрғандары сол. Пәтер жалдап тұрады бәрі… «Самұрық қазына» ұлттық қорының басшыларын, менеджер¬лерін аяп кетемін. 31 мың теңгемен қалай күн көреді олар? Орынбасар¬ларының бірі Астана көшелерінде қайыр сұрап жүр… О–ой, әкімдердің айлығын сұрама! Небәрі 28мың 150 теңге! Кредиттерін төлей алмай жүр… Өткенде бір облыс әкімі несие алғаны үшін қызметтік креслосын кепілдікке қойған екен, банк алып қойыпты. Біздің елде тоқшылық жайлаған дейді. Қайдағы? Миллиардер дегендеріміздің өзі ақшаларын шетелде сақтап, оған бара алмай, аштан қатып жатыр.
Сот, прокурорларың бір–бірлерінен қарыз ақша сұрап жүр. 20 мың теңге айлықтары олардың жаппай арықтауларына әкеліп соқты… Ал, бір аудан әкімі банк тонап, масқарасы шықты. Айлығы 15 мың теңге, жетпеген соң да, осындай қылмысқа баратыны! Жемқорлармен күресетін жемқорлардың айлығы да жоқ! Олар жемқорларды құстырып жүріп нәпәқа табады. Арзымайтын… Сонда деймін–ау, біздің ел қашан дамыған отыз елдің қатарына қосылады? Еее, халықты айтсаңшы, халықты! Олардың айлықтары миллион теңгеден асып кеткен. Мұғалімдер 1миллин 500 мың, дәрігерлер 1 миллион 200 мың, еден жуушылар бір миллион 800 мың, журналистер бір миллион, 900 мың, пошташылар 2 мимллион, дәнекерлеушілер 3 миллион, кеншілер 5 миллион теңге, ақын–жазушылар қаламақысына 10 миллион теңге алады! Міне, біздең ел сондай бай, сондай керемет, шалқып өмір сүріп жатырмыз, іштерің күйсе, тұз жалаңдар, шетелдіктер!

Мұхтар ШЕРІМ фейсбук парақшасынан

Бөлісу