-Әже, анам мен әкем қайда?,-деген немересінің сұрақтарына жауап беруден қалған Асылхан әжей әжім торлаған нұрлы жүзін сәл тыжырайтқандай болды да, қабақ шытты:
-Болды, балам бұл сұрақты қойма деп қанша айтамын, әке–шешең алыс сапарға, Меккеге кеткен,-деді артынша шытқан қабағын қайта жайып, немересіне сүйсіне құшақ жайды.
-Келші, қарғам, бір иіскейін маңдайыңнан,-деді де немересін ыстық құшағына алып, терең тыныс алды. Көзінен мөлт-мөлт аққан жасы немересінің басына тырс-тырс тама берді.
Асылхан әже мұңға батып жүргеніне бірнеше жылдардың жүзі болып қалған еді. Асыл жарының артынан қалған жалғыз тұяғы осы немересінің әкесі Тұмарбек еді. Қайда жүріп жоқ болғаны белгісіз.
-Қалай айтамын, есі кірмеген балаға әкең қу арақтың соңынан кетіп, анаң ауыр сырқаттан жер жастанып кетті деп қалай түсіндіремін. Мен бейбақ, қанша ғұмырым қалды екен, мына тұқымымды кімге аманаттап, кімге тапсырамын,-деп өздігінен тұншыққан ойына зар иленіп Асылхан әжей отыр.

–Әй, лағынет болған, шайтан су. Әй, тұқымың тұздай неге құрып кетпейді екен, әй, осы қу арақты шығарғандардың обалы кімге тиер ау,-деп жалғыз баласының шайтан суды ермек етіп кеткен жолына қарап, кімді қарғап отырғанын да білмей әжей көз жасына ермек беріп жүр.
-Әже, қарным ашты, нан жегім келеді,-деді тағы немересі Жомарт әжесіне жүгіріп келіп.
-Нан, нан дейсің бе, қазір балам,-деді де әжей үйге кіріп, дастарханға қарады. Дастарханда бір үзім нан мен қара су бар.

–Құлыным, міне мынаны жей тұр, қазір көршінің дүкеніне барып келейін,-деді де немересіне үзім нанды ұстатты да, сыртқа шыға жөнелді.
-Мына қиыншылықтан құтылар жол бар ма екен? Иә, Аллам, өзің жар бола көр, заман тыныш, елім аманда, мендей бір құлыңа сабыр бере көр,-деп келеді іштей күбірлеп. Көршінің дүкеніне буыны сыздаған аяғын әзер басып кіріп келді.
-Әжей, келіңіз, не сұрайсыз,-деді сатушы Айым келіншек.
-Қызым, бір бөлке наның мен сары майыңды бере тұршы, зейнетақымды алғанда қарыз етіп қайтарамын, қарғам сөйте ғой,-дегені сол еді, Айым шап берді:
-Әжей, қандай адамсыз, қарызыңыз міне он мыңнан асып барады, ұят бар ма өзі сізде, менің күйеуім тым қатал, мына қарызыңызды көрсе, үлкен-кіші демейді, енді сізге қарыз берілмейді, мына қарызыңызды төлемейінше, бір үзім нан да берілмейді,-деді.
-Қызым-ау, әлгі немерем, нан жегісі кеп…
-Әжей, айттым болды, ештеме берілмейді сізге.
Жүрегі қарс айырылды Асылхан әженің. Шым-шым етіп, басы салбырап барады.
-Әй қу, заман ай, әй Аллам ай, сабыр бере көр, бір үзім нанға да зар болғанымыз ба, немеремнің не кінәсі бар еді?,-деп келеді көзінің жасын төгіп.
Жүрегі тағы сыр беріп жүргенін де сезеді. Шым-шым еткен жүрек тұсы, жүрегін жұлып алардай тартып тұрып алады да, сәлден кейін қайта босатқандай болады. Тынысы тарылып, көзі қарауытып кетеді. Сондайда жалғыз немересін ойлап, егіледі-ау. «Кімге аманаттаймын, болашағы не болмақ, тегін ұмытып кетпесе игі еді» деген ойлар сан-тарапқа алып кетеді.
Асылхан әже басы салбырап үйге кірді.
-Әжей нан әкелдің бе?,-деді немересі қара суды сіміріп алып мөлдіреген көзін жыпылық-жыпылық еткізіп, күлімдеп.
-Ә, балам нан жоқ екен, қазір кішкене ұн қалса саған бауырсақ істеп беремін,-деді де әжей апыл ғұпыл қаптың түбінде қалған ұнды алып, сумен илеп жіберді де бір шыны қалған майды отқа қойды.
-Әй, жалған ай,-деп қояды ара тұра. Жүрек тұсы ауырып, сол қолы икемге келмей бара жатқан сияқты.
-Балам, баламды қайтемін,-дейді тағы іштей. Қып-қызыл болып қуырылған ыстық баурсағын оттан ала отырып, сыздаған белін де ұқалап қояды.
-Жоқ, олай істей алмаймын,-деді өз ойынан өзі шошып кеткен Асылхан әжей.
Есіне көше басындағы жетім балалар үйінің меңгерушісінің айтқан сөзі түсті.
-Апай, сіздің денсаулығыңыз жоқ, сіз алай-былай болып кетсеңіз, мына балаңыз далада қалады. Аман кезіңізде, өтініш жазып, жетім балалар үйіне өткізіп қойыңыз, ұйқыңыз тыныш болады, таза жерде өседі ғой балаңыз, әкесі келмейді бәрібір, қазіргі кезде «БОМЖ» болып кеткен шығар,-деген еді сол меңгеруші.
-Жоқ, жоқ мен тірі тұрғанда, жалғызым жетімдер үйін паналамақ па? Жоқ, жол бермеймін,-дегені сол еді сол қолы ұйып, қолында тұрған қасығы жерге сыңғыр етіп түсті. Қайнап тұрған майға қолы тиіп, ол төңкеріліп кетті де, лақ етіп жерге төгілді. Аяғын ыстық май қарпып өтті.
-Балам, балам,-деуге тілі келді де, көзі қарауытып құлап бара жатты. ..
Аурухананың сызды бөлмесінде мұрнын дәрінің кермек иісі жарып оянған Асылхан әжей жан жағына қарап немересін іздеді.
-Балам, балам Жомарт бармысың,–деп қояды үйде жүріп, үйде демалып жатқандай сезініп.
-Әжей, ояндыңыз ба?,-деді қасында жатқан тағы бір науқас.
-Немерем бар еді, қайда екен,-деді әжей сонда да еш сөз мәнісін түсінбей.
-Ә, Жомарт па, жаңа осы маңда жүрген еді, ойын баласы емес пе? Сыртқа шығып кетсе керек,-дегенде барып «үһ» деді.
Асылхан көп ойланды, Алла сақтап, бір өлімнен қалған секілді. Жалғыз немересі Жомарт қайда қалмақ? Бар ойы Жомарттың болашағы болып тұр.
– Сөйтейін, жаман жерде қалмас, сірә, мен кетсем де, бұл қаңғырмасын,-деп іштей күбірледі…
-Балам, балам, Жомарт бері кел,-деп үйге шығып келген Асылхан әжей істің мәнісін түсіндірмек болып, немересін шақырып жатыр.
-Әу, әже келе жатырмын, әжетай, не болды?,-деп еркелеп басып Жомарт келді.
-Балам, асылым менің, иісіңнен айналдым ғой, мені тыңдайсың ғой, иә балам,-деді сөзінің басын бастай алмай тұрған әжесі.
Жомарт басын изеді.
-Тыңда балам, менің қанша ғұмырым қалғанын білмеймін, сенің тамағыңды да тауып бере алмай жүрмін, қарызым бастан асады, сенің қарныңды тойдырамын деп өзіме дәрі де алмай, ауруыды асқындырып алсам керек, енді халім нашар секілді, мені тыңда, сен, сен,-дей берді де еңіреп көз жасын сықты.
Әй, қу дүние ай, әй сормаңдай сорлы балам-ай, не жазығың бар еді,-деп еңіреп жылап жіберді.
-Әже, жыламашы, мен бірдеңе бүлдірдім бе? Әже тек жыламашы, енді ештеңе істемеймін, бүлдірмеймін, дүкеншінің баласы маған сағызды өзі берді,-деп қалды Жомарт аң таң күйде, аузындағы бір тұтам сағызын жерге тастай салып, -Міне қараңызшы, енді ештеңе алмаймын ол баладан, әже тек жыламаңызшы,-деп Жомарт та жылап жіберді.
-Қой, балам жылама, жылама, мен тек, мен тек,-деп әжей күбіртіктеп, қипалақтап, немересін ыстық құшағына қыса түсті.
-Балам,-деді біраздан соң сәл тынысын кеңге жая, -Анау көшенің жоғарғы жағындағы балалар үйін білесің ғой, сол жерде сенімен қатар көп балалар бар, ол жерде дайын тамақ, тегін киім береді екен. Менің қауқарым қалмай бара жатқан сияқты…,-дегені сол еді, жаны жайсаң бала, тамақ бар дегенде қуанып кеткендей тіл қатты:
-Әже мені сонда алып баршы, ол жерде кәмпит те береді екен деп естігем, сонда барайықшы,-деді Жомарт.
-Иә, тегін екен. бірақ ол жерге әжейлерді кіргізбейді, тек балаларды қабыл алады екен.
-Жоқ, онда мен бармаймын, әжемсіз мен ұйықтай алмаймын ғой,-деп бала күміліп қалды.
-Балам сен барасың,-деп Асылхан әжей еңкілдеп кеп жылап жіберді-ау…
Күннің көзі ашылмай, толастамаған жауыннан аяғынан сыз өтіп үйге жүгіріп кірген Жомарт үйінде бейтаныс әйел мен бір кісінің отырғанын көрді. Ақырын амандасты да, су болған жыртық аяқ киімін шешіп, әжесінің құшағына жақындады.
-Балам, бұл кісілер сені алып кетуге келді,-деді әжесі ақырын, баланы шошытып алмайын дегендей.
-Мені? Қайда?,-деді Жомарт таңдана.
-Әлгі, көп кәмпиттер беретін жер, көп балалар ойнап жүретін, тегін тамағы бар жер,-деп кемпір еңкілдеді.
-Жоқ, әже мен онда сенсіз бармаймын, жоқ бармайымын,-деді тағы Жомарт.
-Балам, бара ғой, мен кетіп сенің далада қаңғып қалғаныңды қаламаймын, менің көзім тірісінде, таза жерге орналасқаныңды қалаймын,-деді Асылхан әжей көзінің жасын ормалының ұшымен сүртіп.
Жомар еңіреді. Асылхан әжей еңкіледі. Әже мен немеренің арасында қалған бейтаныс адамдар бір-біріне қарасты да қалды.
Даладағы жауын әлі толастар емес. Аспаннан шелектеп құйған жауын, өңмеңіңнен өтіп, Асылхан әженің қисайып тұрған үйінің бір бұрышын селдей әкетті. Найзағай да азды мазды соғып, артынша күннің күркірі естіледі. Жомарттың жылаған даусы сылдырлаған жауынның үніне қосылып, көшені алып жатты.
-Жоқ, әжей, бармаймын, жоқ, жібермеші мені, әжееее, жалынамын, әже,-деген Жомарт көз жасын төге әжесінің қолын жібермей жылап тұр.
Баланың зарланған дауысына көрші қолаңдар құлақтарын түре сыртқа шығыпты.
-Бара ғой, балам, баруың керек, сен үшін ғой бұл,-деп еңкілдейді кемпір.
Құйған жауынның астында еңіреген бала мен қарт әжейдің даусы жер жарғандай болып тұр. Көрші қолаң да көздеріне жас алып, «енді қайтсін» десті. «Сорлылар-ай, амалының жоғы ғой», «балаға обал-ақ» деп сыбыр-сыбыр етті.
…Жауыннан жиылып қалған суды жан жағына көлігімен шашырата, көрші дүкеннің иесі Айым келіншектің күйеуі зу етіп келіп қалды.
-Әй, мыналар не істеп жатыр,-деді Айымға кейіп.
-Әй, ана немересін баға алмай, балалар үйне өткізбекші екен, бала жылап, бармаймын деп жатыр,-деді Айым келіншек.
-Тұра тұр, мына баланы жетімдер үйіне алып кетпекші ме?,-деді Айымның күйеуі Нұрбек балаға көзін тастап қимастық сезімін жасырмай. –Обал, обал, жоқ, болмас,-деді де, Асылханның үйіне қарай жақындады.
-Әжей, мұныңыз не, баланы неге жібересіз?,-деді жылап тұрған баланың басын сипап.
-Қайтейін, балам ау, өзім әзер жүрмін, бір үзім нанды да таба алмай қалатын кездерім көп, денсаулығым да құрып бітті, қай күні дәм тұзым таусылар деп күтіп жүрмін, менен не қуат қалды дерсің,-деді Асылхан көзінің жасын сығып.
-Тұра тұрыңыз, нан таппай қаламын дейсіз бе? Мына дүкеннен неге алмайсыз, көршім аш жатқанда менің көлік мініп, тоқ жатқаным не сұмдық, неге сұрамадыңыз?,-деді Нұрбек таңданып. Асылхан Айымға көз тастады, ол басын төмен салбыратып тұр.
-Онсызда сендерге қарызым он мыңнан асып кетіпті, масыл болмайын қарғам, -деді әжей.
-Әже, сіз менің көршімсіз, ал байлық қолдың кірі, қарыз емессіз бұдан былай,-деп Айымға қарады да, -Мен бір балаға зар болып жүргенімде, сіз маңдайыңыздағы баланы жетім етпекшісіз бе, болмас,-деді де, жетімдер үйінен келген адамдарға кете беріңдер дегенедей сұсты көзбен бір қарады.
-Әже, бұдан былай, не ішем, не жеймін деген уайым болмасын, бұл бала менің қол балам, енді таршылық көрмейді, үйге кіріңіздер, болды, әй Айым үйдегі қазыңнан ас, сорпа бер көршіңе,-деп айғай салды…
-«Шамаларың келгенше Алладан именіңдер. Оның айтқанына (әміріне) бойұсыныңдар, (Алла жолында) мал-мүліктеріңді жұмсаңдар. Бұл өздерің үшін қайырлы. Кімде-кім нәпсі сараңдығынан сақтанса, ол мақсатына жетуші. Егер Аллаға жақсылап қарыз берсеңдер (садақа берсеңдер), Алла оның сауабын еселеп қайтарады. Сендерді жарылқайды. Алла береген (аз жақсылыққа, көп сауап беруші) кеңпейіл, жазалауға асықпайды. Ол құпияны да, әшкерені де білуші. Ол аса үстем хикмет иесі» («Тағабұн» сүресі, 16-18-аяттар),- деп Құран аяттарын оқыған имам Азан шақырды да, Нұрбек пен Айымның тұңғыштарының құлағына есімін сыбырлады. «Сенің есімің Жанәділ» деп қайталады. Сонда Асылхан әжей тіл қатты: «Ақиқат байлық – мал-мүліктің көп болуы емес, ақиқат байлық – кеңпейілділік, қайырымдылық», «Қайырымдылық – жақсы қасиет». Балам Нұрбектің он жылдан кейін келген тұңғышының асар асуы биік, еліне қалаулы азамат болсын,-деді. Соңғы сөзі екенін сезді ме екен, күлімдеп отырған Жомарттың басынан бір сипап, иіскеп алды да, терең ұйқыға кеткендей болды. Десе де, жүрегі Жомарт немересі үшін тыныш еді…

Қарлығаш Сарыбай

«Қамшы» сілтейді

Бөлісу