Исраил Сапарбай отандық бағдарламалардың бірінде қазақ қыздарының ертеден келе жатқан ерекше болмысын сөз етті. Ақын осы тұста нәзік жандылардың ерекше мінезді болуына жігіттердің тікелей қатысы барын айтып өтті. Мұнымен қатар, қазіргі жігіттердің өз позициясы мен миссиясын қыздарға беріп қойғанын да жасырмады.

«Мен осы уақытқа дейін де «Қазақ қызы» атты өлең жазған болатынмын. Ол туынды қазақ қызын мадақтайды. 1986 жылы алаңға жиылған жастардың тең жартысы қазақ қыздары болған соң, сол қанды оқиғаны өз көзіммен көрген соң, оның үстіне өзім қатысқаннан кейін қазақ қыздарының бойында ұлт жиынтығының қаншалықты екенін көрдім. Қазақ қыздарының бойында ата-бабамыздан қалған ана сүтінің көбірек сақталғанына көзім жетті. Жеме-жемге келген кезде өзінің нәзіктігін, табиғатын, болмысын қоя тұрып, бірден алға шығып кетеді. Енді басқа ұлттармен салыстырғанда, қазақ қыздарының ерекшелігі сол. Біз қызды еркін өсіреміз. Отбасында жан-жақты, еркін тәрбие алған қыз қоғамға келген кезде, бірден сіңісіп кетеді.

Әрине, оған қоғам болмысы тағы әсер етеді. Дегенмен, ел басына күн туған кезде, батырдың қасына атқа мінеді. Бұл баяғы Тұмар ханшайымнан, Әлия мен Мәншүктерден келе жатқан дүниелер ғой. Қазақтың жігіттері – шаңырақтың иесі әрі мұрагері. Мен мақтап отырған қазақ қыздарының жары. Бұрындары қазақтың марғасқа жігіттері батыр десең батыр, сөзшең болған. Бұрынғы қазақтың қыздары сол қазақтың жігіттеріне қарап бой түзеген. Осының жары болсам, түсіне түссем деп. Қазір матриархат келді деп есептеймін. Дегенмен ауыспалы кезеңнің әсері шығар. Мына желтоқсан оқиғасында халықтың ар-намысына, рухына келген кезде, қазақ қыздарының бойында сол сақталып қалған…

Таразының тепе-тең болуы мүмкін емес. Бір жағы екіншісін басуы керек. Бірінші орынға әрине жігіттер шыққаны жөн. Өзіміз Тәуелсіздік алған кезде қазақ қыздарына қарап қалмауымыз керек. Қоғамда болып жатқан дүнелердің себептері мен салдары бар екенін жақсы түсінемін. Дегенмен қазақ жігіттері өзінің орны мен миссиясын беріп қойған секілді. Бұрындары қазақ жігіттері өздерінің намысты екенін, қоғамға деген қажеттілігін көрсететін. Қазір болып жатқан құбылысты “қоғамдық деградация” деп атайды. Мысалы, біз Тәуелсіздік алып қуандық. Бөркімізді аспанға лақтырып, алғашқы 4-5 жылда бізде эйфория болды. Жігітің сұлтандары мен арулары шықты. Артынша 4-5 жылда сап тыйылып қалды. Өйткені ол уақытша қуаныш еді», – дейді Исраил Сапарбай.

ВКдағы Қатты тисе де, ащы шындық тобы

Бөлісу