Қазақ әдебиетінің әлем әдеби мұраларымен байланысы
/Солон және Шәкерім/

Еркегүл АРЫҚҚАРАҚЫЗЫ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Отырар кітапханасы» Ғылыми Орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

Көркемдік дамудың әдеби процестік маңызды бір заңдылығы- әдеби байланыстар – әдебиет әлеміндегі тоғысулар, қарым-қатынастар, рухани байлықтар алмасулары. Қоғамның прогресс жолымен дамуы қажеттілігінен туған мәдени, әдеби байланыстардың өзіндік мол тарихы, бай мазмұны бар. Қай халықтың болсын өнер жағынан дамуында әдеби байланыстар сол ұлт әдебиетінің өркен жая өсуіне, оның әлеуметтік ықпалының күшеюіне септігін тигізіп, сөз өнерінде көрінген халықтың рухани қалпын, арман-мүддесін, өмір тарихын басқа халықтардың даму тарихымен ұштастыруға, сөйтіп, олардың өзара білісуіне, түсінісуіне, бірін-бірі құрметтеп достасуына дәнекер болады. [1, 123]
Қазақ әдебиетінің тарихына үңілсек ұлт әдебиетінің құнды да бай алтын қорына әдеби мұрасын қалдырған ақындарының бірі, ойшыл, аудармашы, асқан білімпаз ақын – Шәкәрім Құдайбердіұлы.
«Шәкәрім көп оқыған адам. Бірнеше тіл білгендіктен әлемдік тарих пен мәдениеттен мол хабардар болған. «Крез патша» поэмасы осы сөзімізге айшықты дәлел. Ақынның 1988 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген жинағында «Алты әңгіме» деген топтамасында «Крез патша» деп аталатын 24 шумақты шығармасы берілген. «Крез патша» – ақынның 1924 жылы қазақ тіліне аударған «Алты әңгімесінің бірі» [2, 211] – дейді белгілі ғалым, философ Ғарифолла Есім.
Крез патша тарихи тұлға. Ол Лидия елінің ең соңғы патшасы (б.з.б. 560-546) Кіші Азияның батыс бөлігін жаулап алып, патшалығын ұлғайтып, бірінші алтын ақша шығарған аты аңызға айналған өте дәулетті адам, бірақ осы атақ , ересен байлық құмға сіңген судай боп жоғалып, Крездің басынан бағы тайып, дұшпанының қолынан қаза табады. Оны ақын дөп басып былайша жырлайды:
Ей, Крез! Сенен менің ойым бөлек,
Бұл дүние – шыр айналған бір дөңгелек.
Өлімнің сағатына кірмей тұрып,
Еш адам мен бақыттымын демеу керек! [3, 245]
Шәкәрімнің бұлай дейтіні Крез Парсы патшасы Кир ІІ мен соғыста тас-талқаны шығып жеңіліп, тұтқынға түседі. Сонымен Лидия патшалығы тарихтан өшеді… [2, 212]
Осы Крездің шақыруымен Сардаға Солон-ғұлама келеді. Оған Крез-патша байлығын көрсетіп мақтанып, дүниеде менен бақытты адам бар ма деп сұрақ қояды. Солон бар дейді. Бұл жауапқа ашуланған патша, Солонды ренжітеді. Солонмен болған әңгімені Кирмен соғыста жеңіліп, тұтқынға түсіп, отқа тірідей жаққалы жатқанда есіне түседі. Сонда жан дәрменімен «О, Солон!» – деп үш рет айқайлайды. Сонда есіне түскен Солонның сөздері еді. Кир бұл Солон деген кім құдай ма, адам ба, біл деп кісі жіберсе, Крез Солонмен арадағы болған әңгімені айтып, ғұламаны тыңдамағанына өкініш білдіреді. Ақылды Кир бұл сөзді ғибрат көріп, Крезді өлтірмей, қасына ертіп серіктес қылған көрінеді, – дейді Плутарх.
Шәкәрімнің Солон – ғұламаның аузымен Крезге «өлімнің сағатына кірмей тұрып, еш адам мен бақыттымын демеу керек» деуі осыдан.
Шәкәрім «Бұл дүние – шыр айналған бір дөңгелек» – дейді. Бұл ақынның дүниетанамына қатысты әңгіме. Мұндай идеяны көптеген ғұламалар айтқан, бірақ оның ғылыми түрде концепциясын жасаған итальян философ Дж. Вико (1668-1744) оның «Айналым теориясы» атты еңбегі өзінен кейінгілерге зор ықпал еткен ілім.
«Крез патша» поэмасы аударма емес ақынның төл шығармасы деп қарау керек. Бұл жерде Абай дәстүрінің жалғасы бар. «Ескендір» поэмасында негізгі бейне Аристотель хакім болса, мұнда Солон-философ. Мәселе Крезде немесе Кирдің ақылдылығында емес, негізгі сюжет қазығы Солон бейнесі. Оның данышпандығы ұрпақтарға ғибрат. Өлмейтін, өшпейтін, солмайтын, ескірмейтін – даналық.
Солонның өзі өлседе, сөзі дұрыс,
Жастарды соны ұғуға қақпалаймын.
Адамның зор кеселі осы мақтан,
Бұл құрғырдан ешкімді ақтамаймын. [3, 245]
Ол б.э.д 640 және 635 жылдар. аралығында туып 559 жыл шамасында дүниеден өткен, Афина мемлекетінің саяси қайраткері әрі әлеуметтік реформаторы. Б.э.б 594ж Солонды архонт етіп сайлады. Оны Аттиканың бүкіл тұрғындары құрмет тұтты. Ол өте әділ, ақылды, дарынды, шешен болған. Солон өмір бойы оқып, өзінің білімін тереңдетіп отырған. Әр түрлі тақырыпта өлеңдер де жазған.
Шәкәрім Солон данышпандығын суреттеген. Осы тұста біз бір мәселені есте ұстауымыз керек; Шәкәрім тарихты баяндап отырған жоқ. Тарихтан бізге не қалғанын айтып отыр. Шәкәрімнің «Крез патша» поэмасынан ақынның эрудициясының ғажап кеңдігі аңғарылып тұр. [2, 211]
Солон тарихта жеті ғұламаның бірі атанған ойшыл. Шәкәрім Абайдың жолын қуып өз ұлтын, халқын надандықтан, қараңғылықтан, өзімшілдіктен арылтамын, түзу жолға саламын деп алдына жан салмай еңбек атқарған ғұламаның бірі. Бұл екі ғұламаның атқарған жұмыстары бір екенін осы Шәкәрімнің туындысы «Крез патша» поэмасынан көрініп тұр.
Жоғарыда келтірілген деректерде сөз болған мәселені қорытындыласақ мынадай түйін шығаруға болады; Адам еш уақытта мен баймын, бақыттымын, қол созған арманыма жеттім, менен ұлы адам жоқ деп жар салуы міндетті емес. Өйткені ол ең алдымен алдағы өмірі жайлы ойлауы керек. Болашағы қалай болары пендеге, адам баласына белгісіз күйде, жұмбақ қалыпта болмақ. Бұл ойды, осындай терең гуманистік идеяны көтере білген, әрі әлемдік мәдениет пен әдебиет тарихынан мол хабары бар Шәкәрім ақынның әдеби мұрасын бүгінгі күн тұрғысынан қайта танудың мәні зор деп ойлаймын.
Қай әдебиет болса да өзара байланыссыз, қарым-қатынассыз толық кемеліне келе алмақ емес. Қазақ әдебиетінде әлем әдебиетімен өзара байланыс, әсер-ықпал, қарым-қатынас өте ерте кезден бастап қалыптасқаны да белгілі болып отыр..
Ойымызды қорытындылап айтқанда; Қазақ халқы өз тарихында әлем халықтарының рухани байлығынан хабардар болған, ұлт дамуының қажет мұқтаждарына сәйкес өзіндік қарым-қатынас, байланыс жасап отырған. Әрине бұл тарихи-әдеби құбылыста әлем әдебиеті мен мәдениетінің үлкен рөлі, маңыз-мәні бар.
Ғылымдағы бүгінгі жаңалықтарға сүйеніп, ұлттық әдебиетімізді қайта танып, саралап, ой қорытып, түйіндеудің маңызы зор болмақ. Өйткені, осы кезеңдерге дейін қазақ әдебиетінің әлем халықтарының, шығыс шайырларының әдеби мұраларымен байланыстылығы, сабақтастығы жайлы өте аз айтылып жүргендігі ащы да болса шындық. Сондықтан ұлт әдебиетін жан-жақты танып, білу үшін оның әдеби байланыстарын белгілі бір жүйеде зерттеп біле беру қажет. (1, 4)

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Сәтбаева Ш. Әдеби байланыстар. Алматы, Жазушы.– 1974. -216 бет.
2. Есім Ғ. Сана болмысы. Алматы, Қазақ университеті. – 1997. – 223 бет.
3. Шәкәрім Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, Жалын. – 1988. – 252 бет.
4. Есім Ғ. Қазақ философиясының тарихы. Алматы, Қазақ университеті. 2006. – 215 бет.

Бөлісу