ӘКІМДІ ҚОНАҚҚА ШАҚЫРСАМ …
(Аяз атаға кешіккен хат)

Деген ой болды басында. Қаурыт шаруамен басы қатып жүргенде жазғаны былшыл, айтқаны ыңқыл, өнері қыңқыл маған уақыты қайдан болсын деген үш дипломы бар, данышпан ой тағы миыма сақ ете қалды да, ол райымнан қайттым. Енді, кеш болса да Аяз атаға хат жазғаннан басқа амал қалмады. Аяз атаға хат жазудан тәжрибесі бар адамдардың кеңес беруін өтінем.
“Қып-қызыл мұрныңнан айналаып қана кетейін Аяз ата! Елдің баласы Сізге хатты ерте жолдайды. Елдің баласы болмағасын есім кеш кіріп отыр, ол үшін пардон! Мен Алматының қақ ортасында, атақты бір композитордың атымен аталатын, көп көлік жүрмейтін, көлеңкелі, көрікті көшеде тұрам. “Алматының бәрі көрікті!” – дейтініңізді білем, бірақ, әркім өз көшесін асыра мақтай берсе Алматы одан да жайнай түсетін сияқты болады маған. Кезінде “Басқалаға көш, өнеріңе орын табылар” – дегендердің ақылын тыңдамай, Алатаудың баурайын қимай, Басқаламен алыстан сыйласып тұруға бел байлап қалып қойғамын. Алматым мені құшағынан шығармай қойғандай көрінетін еді. Енді міне, Жаңа жыл келместен бұрын, үйімізді бір жағымсыз иіс жайлады. Өзгеден көрмей өзімізді кінәлап үйренген пендеміз ғой, өзімнің иіс шығып кетуі мүмкін деген жерлеріме күдікпен қарап біраз күнді өткіздім. Ақыры ол иіс подъезге тарай бастады. Көршілер мені қуып жіберетін шығар деп иманым ұшып, үйіме ұрын келіп, жасырын кетіп жүрдім. Алмалы деген әдемі ауданның “Жетісу” деген КСКасына, “аварийнная служба” дегеніне ептеп ызбандап та көрдім. “Неге ептеп?” – дейсіз бе? Олар телефонға сені бір сотталған адам сияқты “Дүңк” – ете қалады ғой, содан қатты қорқамын. Сондықтан ептеп сөйлесіп едім, “Ол иіс Сіздерден шығып жатқан жоқ, сіздің подъезд таза!” – деп көңілімді жұбатты. “Ух!” – деп, бір жеңілдеп алдым. Бірақ иіс кетпей қойды. Ол көрші №7-подъездің астынан шығып жатыр екен. Сол жақта кәкәй шығатын труба жарылған сияқты.Подвал арқылы бізге келеді екен. Оны жөндеудің орнына “Тазалап кетіп жатырмыз ғой!” – деген жауап береді.
Құрметті Аяз ата, ескі жаңа жылды тұншықпай қарсы алайын деген арман ойдан кетпей қойды. Мыналар ол иісті мүлдем кетіру үшін не істегенім дұрыс? Өз басым өмірі ешкімді жамандап, біреуге арызданып көрмеппін. Әлде “Алматының әкімі үйіме қонаққа келеді!” – деп қорқытсам, сене ме екен? Жоқ, одан да қорқынышты адамдар бар ма?
Мақта сақалыңның садағасы болайын Аяз ата, сенен маған кәмпит керек емес, керек болса өзің келіп, қонақ боп, кәмпит жеп кет. Мына иіс кетсе, менің үйімде келесі Жаңа жылға дейін тұра бер. Тек осының амалын тауып берші, а?”
Сәлемнен, Асқар ғой сол.
Р/S: Қазіргі біздің үйдің тұрғндарының түрі менің мына суретімнен аумайды. Көрсеңіз шатастырып, танымай қалуларыңыз мүмкін.

Асқар Наймантаев фейсбук парақшасынан

Бөлісу