КСРО-ның ыдырау барысын тездеткен 1991 жылғы тамыз бүлігі 1991 жылдың қазанына қарай көптеген республикалардың өз тәуелсіздігін жариялауына септігін тигізді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жөнінде Конституциялық Заң қабылдауы улкен айтыс-тартыстың арқауы болды. Сөз жоқ, осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның тәуелсіздігі жөніндегі Заң көптеген қарсылықтарға ұшырар еді, 1991 жылдың соңғы 4 айының ішіндегі саяси процестер тығырықтан шығудың табиғи жолына бастап әкелді:Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. «Мұндай заңды көп ұлтты Қазақстан халқы көптен күткен еді, – деп мәлімдеді республиканың халық депутаты С.Сартаев, – егер де оны біздің халқымыздың көптеген ұрпақтары жақындата түсті десем, ақиқатқа қарсы айтқан болмас едім. Тәуелсіздік үшін күрес үздіксіз дерлік жүргізіліп келді».
Қабылданған құжаттың 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық, унитарлық және құқықтық мемлекет деп анықтама берілген. Ол өз аумағында барлық өкімет билігін толық жүзеге асырады, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізеді, басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынасын халықаралық құқық қағидалары негізінде құрады. Қазақстан аумағы біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғылмайтын болып табылды.

Заңның 2-бабында республика азаматтары ұлтына, діни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстығына, шыққан тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, кәсібіне, тұрған жеріне қарамастан барлық құқықтар мен міндеттерді, бостандықтарды пайдалана алатыны атап көрсетілді. Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі республика азаматтары болып табылады. Республика аумағынан кетуге мәжбүр болған және басқа мемлекеттерде тұратын қазақтарға өздері азаматтары болған мемлекеттің заңдарына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының азаматтығын да қоса алу құқығы берілді. Республика аумағынан жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру, басқа да адамгершілікке қайшы акциялар барысында қашып шыққандар мен олардың ұрпақтарының елге оралуына қолайлы жағдайлар жасалды.

Мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі қазақ ұлты және Қазақстанда тұратын басқа ұлттар мен ұлт өкілдері мәдениетінің қайта өрлеуі мен дамуына қамқорлық жасау болып табылады. 3-бапта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өкімет органдарының құрылымы анықталды. Қазақстан Республикасының және оның атқарушы өкіметінің басшысы – Президент болып табылады. Республика мемлекеттік тәуелсіздігінің экономикалық негіздері анықталған 4-баптa республиканың тәуелсіз мемлекет мәртебесіне сәйкес келетін және меншіктіңбарлық түрлерінің көпқырлылығы мен теңдігіне негізделген дербес экономикалық жүйесінің болатыны атап көрсетілді. Жер мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер және жануарлар дүниесі, басқа да табиғи байланыстар, ғылыми-техникалық және экономикалык мүмкіндіктер Қазақстан Республикасының меншігіне жатады.
Қазақстан Республикасы дүниежүзілік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі, ол өзінің тәуелсіздігін қорғау мен ұлттық мемлекеттілігін нығайту шараларын қабылдайды. Республиканың ажырамас құқығын құрайтын мәселелерді шешуге кез келген сырттан қол сұғушылық оның мемлекеттік тәуелсіздігіне нұқсан келтіру ретінде бағаланады. Қазақстан Республикасының өз мемлекеттік рәміздері – Елтаңбасы, Туы, Әнұраны бар. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң тарихи маңызды құжат және егеменді, демократиялық қоғам қалыптастырудың негізі болып табылады.

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдау жөніндегі хабарды республика халқы қуана қарсы алды. 1991 жылғы 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні болып жарияланды. Бұл күн 1986 жылғы желтоқсанқұрбандарын еске алудың бес жылдығымен тұспа-тұс келді. Алматыда өткен митингіде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев, академик С. Зиманов, желтоқсан оқиғасына қатысқандар, алыс және жақын шет елден келген қонақтар сөз сөйледі. «1986 жылы желтоқсанда екі күш – жас, қатайып үлгермеген демократия мен тоталитарлық жүйе қақтығысты, – деді митингіде сөз сөйлеген М. Шаханов. – Алматыдағы оқиғалардан соң көптеген демократиялық бой көрсетулер болып өтті, тоталитарлық жүйе күйреді. Қазақстанның тәуелсіз мемлекеттердің қатарынан өз орнын алуында 1986 жылғы желтоксанның баға жетпес сіңірген еңбегі бар».

Көп ұзамай Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде дүние жүзінің жетекші елдері таныды. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүшелікке қабылданды. Республика өзіне Ұйымның Жарғысын бұлжытпай орындау міндеттемесін алды. Қазақстан адам құқығының БҰҰ ортақ декларациясымен бекітілген құкықтары мен бостандықтарының басымдығын мойындай отырып, дүниежүзілік қауымдастыққа лайықты түрде қосылуға ұмтылатынын, алған міндеттемесін мүлтіксіз орындайтынын нық мәлімдеді.

1992 жылы каңтарда Қазақстан өзінің тұңғыш алтынын шығарып, мемлекеттің алтын қорын жинауды бастады.

Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен 1992 жылғы қаңтарда Ішкі істер әскері құрылды. Армия қатарына шақырылған жастар Қазақстан аумағында әскери борышын өтеу мүмкіндігіне ие болды. Бұрын, ұзақ жылдар бойы «эксаумақтық» қағида бойынша әскерге шақырылғандар туған жерінен неғұрлым алыс аумақтарда қызмет етуге тиіс болатын. 1992 жылы тамызда Республика Президенті әскери қызметшілер үшін әскери анттың жаңа мәтінін бекітті.

Бөлісу