Қазақстанның зайырлы және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасу барысындағы қоғамдық дамудың табиғи атрибуты – республикада көппартиялы жүйенің өріс алуына жол ашты.

Заңды түрде өмір сүрген көппартиялы жүйе қоғамда әр түрлі мүдделер мен көзқарастарды мойындауды білдірді. 1993 жылдың соңына қарай Қазақстанда ресми тіркеліп, әрекет еткен үш саяси партия – Социалистік партия, Қазақстанның Республикалық партиясы және «Қазақстанның халық конгресі» мен қоғамдық қозғалыстар – ядролық жарылысқа қарсы «Невада-Семей», «Қазақстанның халық бірлігі», «Азат» азаматтық қозғалысы, 11 республикалық ұлттық- мәдени топтар болды. Сонымен бірге республикада 300-ден аса коғамдық-саяси бірлестіктер, олардың ішінде ондаған әр түрлі қорлар жұмыс істеді.

Саяси процестерге қатысатын, бірақ әр түрлі себептермен заңды қызметке рұқсат алмаған партиялар мен әлеуметтік қозғалыстар да болды. Қазақстандағы ықпалды саяси қозғалыстардың бірі – өз қатарына әр түрлі әлеуметтік топтардың, негізінен, интеллигенттердің бір бөлігі мен басшыларды біріктірген «Қазақстанның халық бірлігі» одағы еді. Одактың ұйымдастыру конференциясында Н.Ә.Назарбаев оның басшысы болуға келісімін берді. Одақтың төрағалығына сол кезде Республика Премьер-Министрінің орынбасары болып істейтін Қ.Сұлтанов тағайындалды.

«Қазақстанның халык конгресі» партиясы республиканың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, саяси партиялар, жергілікті өзін-өзі басқару, оппозиция, Қазақстан Республикасындағы сот реформасының тұжырымдамасы жөніндегі заң жобаларын қабылдау мен талқылауға, Жоғарғы Кеңестің сайлауына қатысты. Партия басшысы О. Сүлейменов еуразиялық интеграция идеясын жақтаушы ресейлік «Азаматтық одақ» және «Демократиялық реформалар қозғалысы» сияқты қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатты.

Қазақстанның Социалистік партиясы (ҚСП) өзін ұйымдық жағынан нығайту, материалдық-техникалық базасын жақсарту жолында біраз жұмыстар атқарды. Осы мақсатпен ҚСП саяси атқару комитеті партияны қолдайтын кәсіпкерлер мен коммерциялық құрылымдардың республикалық мәжілісін өткізді. 1993 жылы күзде «Қазақстан халық конгресі» сияқты бұл партия да өз газетін шығара бастады.
«Азат» қозғалысы мен Қазақстан Республикалық партиясы тактика жағынан көп қиыншылыққа ұрынды. Бірқатар басшылар өкіметті әлсіздігі, батылсыздығы үшін айыптап, оған үнемі қысым көрсету жолын берік ұстанса, басқалары келісімпаздық тактикасына ойысып, қоғамның эволюциялық дамуын жақтады. Мұндай алшақтық кейіннен дербес ұйымдардың құрылуына алып келді.
Өз төңірегіне негізінен республикадағы славян халықтары өкілдерін топтастырған «Лад» республикалық қозғалысы өз қатарын нығайту жөнінде белсенді жұмыс жүргізді. Осылайша 1993 жылдың соңында қоғамдық-саяси қозғалыстар республикада нақты саяси күшке айналды. Қалыптасу кезеңінен өткен саяси партиялар күнделікті қызметінің түрлері мен әдістерін жетілдіріп, қызмет аумағын едәуір кеңейтті және өздерінің саяси күреске араласа алатынын көрсетті. Қозғалыстардың басшылары бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен пайдалана бастады.

Бөлісу