Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі өзгерістердің бірі астананың ауысуы болды. Қазақстан Республикасының Президенті өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдамас бұрын ұзак ойланғанын, барлық қадамдарын есептеп, тарихшылармен, саясаттанушылармен, мәдениеттанушылармен ақылдасқанын, басқа елдердегі астаналарын көшіру тарихымен танысқанын айта келіп, астананы ауыстырудың негізгі себептерін былайша түйіндейді:

Біріншіден, астананы ауыстыру Қазақстанды геосаяси жағынан күшейтудің қажеттігінен туындайды. Сондыктан елдің бас қаласының орнын анықтауға ерекше көңіл бөлінді. Астана өзіне еуропалық және азиялық озық дәстүрлерді сіңіріп отырған Еуразия құрлығының орталығы болып табылады.

Екіншіден, бұл шешімді қабылдағанда қауіпсіздік мәселесі де еске алынды. Тәуелсіз мемлекеттің астанасы, мүмкіндігінше, сыртқы шекараларынан жырақта және елдің ортасында орналасуы тиіс.

Үшіншіден, астананың орнын ауыстыру Қазақстанның экономикасын сауықтыру қажеттігінен де туындады. Ол елдің экономикасы үшін тиімділікті қамтамасыз етті. Облыс орталықтары дами бастады, экономиканың құрылыс материалдары өндірісі, жол төсеніштері, энергетика және машина жасау сияқты салалары аяғынан тік тұрды. Тұрғын үй құрылысы бұрын-сонды болып көрмеген қарқынмен дамуда.

Төртіншіден, астананы көшіре отырып, құрамы жағынан көп ұлтты біз, тұрақты полиэтникалық мемлекетті құру, Қазақстанды мекендеп отырған халықтардың арасындағы достықты сақтау бағытын да есте ұстадық.

Қазақстан Республикасының 1994 жылдың 6 шілдесіндегі «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» қаулысы тәуелсіз мемлекетіміз астанасының тағдырын шешті. 1995 жылы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заң күші бар Жарлығы, 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлығы шықты.

1997 жылдың 10 желтоксанында Президент Н.Ә. Назарбаевтың төрағалық етуімен Парламент пен Үкіметтің біріккен мәжілісі өтті. Осы күннен бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып танылды.

1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы астанасының ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өтті.

Бөлісу