Тәуелсіз мемлекетке айналған Қазақстан, отаршылдық езгіге түскен соңғы 200 жылдан астам уақыттан кейін Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізуге мүмкіндік алды. Құрылтайға түрлі кезеңдерде Отанынан кетуге мәжбүр болған дүние жүзінің 30 елінен келген қазақтар қатысты. Мұндай жиынды өткізу өз отандастарының алдында кешігіп болса да атқарылған гуманизмнің жоғарғы көрінісі болды. Отандастар әр түрлі жағдайларға байланысты, негізінен мемлекет тарапынан жасалған күш көрсетудің нәтижесінде, туған жерлерін тастап, шет елдерді мекендеуге мәжбүр болған еді. Қазақстаннан тыс жерлерде қоныс аударушылар кемсітушілікке де ұшырап, көптеген қиыншылықтарды бастарынан өткізді. Қонақтардың арасында кернекті діни қайраткерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер мен студенттер болды. Құрылтайға көптеген елдерден, оның қатарындағы үлкен қазақ диаспорасы бар Ресейден, Өзбекстаннан делегациялар келді. Құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев, көрнекті ақын және қоғам қайраткері О. Сүлейменов, Түркиядан келген дінтанушы ғалым Халифа Алтай, Ресейден келген қонақ Аман Төлеев т.б. сөз сөйледі. Қоғам күштерін барынша жұмылдыру мен халықтар достығын нығайтуда 1992 жылғы желтоқсанның ортасында өткен Қазақстан халықтарының форумы үлкен рөл атқарды. Форумдаинтернационализм, тату көршілік қатынастарды дамытудың қағидалары жаңа тұрғылардан қарастырылды. Өзінің форумда сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев Қазақстанды мекендеген халықтардың ұлттық келісім саясатын бекем және ақырына дейін жүргізетініне, олардың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрлерін дамыту үшін сенімді құқықтық кепілдіктерді құрудың қажеттігіне ерекше тоқталып өтті.

1993 жылдың соңы Қазақстанда Кеңестердің жаппай өзін-өзі таратуымен де есте қалды. Кеңестер көп жылдар бойы КОКП-ның өз билігін жүзеге асыруға пайдаланған шымылдық-пердесі болды. КОКП тарап, басқару жүйесі негізінен аудандық, қалалық, облыстық әкімшіліктер болып құрылған соң, Кеңестер өздерінің бұрынғы мазмұнынан айырылды. Көптеген Кеңестерде айтарлықтай елеулі жұмыстар жүргізілмеді, сан мыңдаған депутаттар корпусы немен айналысуын білмеді. Сондықтан «Кеңестерге не істеу керек?» деген сұрақ қоғамның кең топтарының арасында айтыс-тартыс нысанына айналды. Кеңестердің өзін-өзі тарату идеясы туындады.

Өзін-өзі тарататыны жайлы алғаш рет Алматы қаласы Алатау аудандық кеңесінін депутаттары мәлімдеп, басқа депутаттарды өздерінен үлгі алуға шақырды. Өз әріптестеріне арнаған үндеуде олар мұндай шешім қабылдау себебін ескі кеңестердің бүгінгі заманда елдегі саяси және экономикалық процестерде елді дағдарыстан шығаруға ықпал ете алмайтындығымен түсіндірді. Қараша айының соңына таман өзін-өзі тарату жөнінде Алматы қалалық және облыстық кеңестері, жүзге тарта жергілікті кеңестер мәлімдеді. Бірқатар халық депутаттары Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің де өзін-өзі таратуы жайлы мәселе көтерді.

Осындай жағдайда 1993 жылғы 8 желтоқсанда Алматы қаласында республика Жоғарғы Кеңесінің XI сессиясының екінші кезеңі өз жұмысын бастады. Сессияның жұмысына Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев, Министрлер Кабинетінің мүшелері, облыстық өкілдер қатысты.

Кіріспе сөзді Жоғарғы Кеңестің төрағасы сөйледі. Кеңестердің болашағы жөнінде депутаттардың көзқарастары екі ұдай болды. Депутаттардың басым көпшілігі жергілікті кеңестердің өкілеттілігін жаңадан сайланған жергілікті өкілдік органдары жұмыс істей бастағанға дейін, мерзімінен бұрын тоқтатуды жақтады. Барлық ұйымдастыру-құқықтық істер әкімшілік басшыларына тапсырылды. Бұған қоса Парламент «Қазақстан Республикасының сайлау туралы кодексін» қабылдап, Орталық сайлау комиссиясын құрды. Жоғарғы Кеңес өзін-өзі тарату туралы шешімін жариялады. Келесі Парламент Сенат пен Мәжілістен тұратын қос палаталы Парламент болды.

Бөлісу