1988 жылдан бастап, Балтық бойындағы ұлттық-демократиялық қозғалыстар тарапынан жаңа одақтық шарт жасау туралы мәселе қойыла бастады. Бұл мәселе КСРО халық депутаттарының I съезінде көтерілген болатын.
1989 жылғы маусымда КСРО халық депутаттарының І съезінде Кеңес қоғамының дағдарысқа ұшырау себептерін талдауға талпыныс жасалды. Онда нарықтық қатынастарға көшу, жекеменшікті енгізу, тоталитарлық империяның орнына демократиялық, азаматтық, құқықтық қоғам орнату мәселелері айтылды.

КСРО-дағы реформалардың жүргізілу барысындағы түбегейлі бетбұрыстар осы кезеңнен басталды. 1990 жылдың күзінде КСРО құрамындағы республикалар өз егемендіктерін жариялай бастады. Ұлттық республикалардың тәуелсіздікке бағытталған қадамдарын орталық басшылары сепаратизм және жершілдік, ұлтшылдық деп бағалады. Ресей Федерациясының өз егемендігін жариялауы кеңестік жүйеге ауыр соққы болып тиді.

1990 жылы сәуірде республиканың Жоғарғы Кеңесінің ұйғаруымен Қазақ КСР-і Президентінің қызметі тағайындалды. Тұңғыш президент болып Н.Назарбаев сайланды. 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес “Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация” қабылдады. Аумағына, табиғи ресурстарына, суына республика ерекше меншік құқығын жариялады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері көрсетілді. Халықаралық қатынаста республиканың дербестік танытатыны айқындалды. Декларацияның тарихи маңызы: республиканы толық тəуелсіздікке бастап апаратын шынайы қадам болды.

Жоғарғы Кеңес жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң қабылдады. Тұтас парламенттік аппарат құрылды. Халықаралық қатынастардағы жаңа бағыт ретінде Семейдегі атом полигонының жабылуының маңызы зор болды. Қазақстан Президенті Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік кеңесін құру жөнінде, Қазақ КСР-нің алтын және алмас қорын құру жөнінде, Қазақ КСР-нің сыртқы экономикалық қызметінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету жөнінде Жарлықтар шығарды. Қазақстан 1990-1991 жылдары Беларусь, Əзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Украинамен экономикалық шарттар, ынтымақтастық келісімдер жасасты.

 

Бөлісу