Республикамызды 1960-1962 және 1964-1986 жылдар аралығында ұзақ уақыт басқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосқан Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев (1912- 1993) болды. Ол КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, әрі үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Д.А. Қонаевтың қайраткерлігі мен адамгершілік қасиеттері де халыққа мәлім болды. Сонымен бірге мемлекет қайраткері ретінде Д.А. Қонаев та сол уақыттағы әміршіл-әкімшіл жүйенің перзенті еді. Сол себепті Д.А. Қонаевтың саяси тағдырын Кремль шешті.

1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Ү Пленумы шақырылды. Пленумда ұйымдастыру мәселесі қаралып, ол не бары 18 минутқа созылды. Пленумның қаулысы бойынша КОКП ОКөкілі Г. Разумовскийдің ұсынысымен Қазақ КСР КП ОК-нің бірінші хатшысы Д.А. Қонаев қызметінен алынды. Қазақ КСР КП ОК-нің бірінші хатшысы болып Ульяновск облыстық партия комитетінің біріші хатшысы болып істеген Геннадий Колбин тағайындалды. (1986-1989).

Орталықтың мұндай өктемдігі қазақ халқының тарапынан заңды наразылық туғызды. Өйткені қоғам өмірін қайта құрамыз, демократия мен жариялық орнатамыз деп ұрандаған партия басшылығының бұл саяси қадамына халық бірден қарсылық білдірді. 1986 жылы 17 желтоқсанда Алматыда қазақ жастарының жаппай толқуы басталды. Мұндай наразылық шерулері республиканың басқа қалаларында да ұйымдастырылды.

Желтоқсан көтерілісінің сылтауы Г.В. Колбиннің республика басшысы болып тағайындалуы еді. Ал Желтоқсан көтерілісінің басты себептері- Мәскеудегі орталық биліктің ұлт саясатындағы әділетсіз ұстанымы мен Кеңес үкіметінің ұлттық мәдениет пен халықтың салт-дәстүрлеріне қысым жасап, ашық түрдегі орыстандыру саясатының жүргізілуі болды. Қазақ тілінде білім беретін мектептердің жаппай жабылуы мен жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім беретін бөлімдердің болмауы да ауылдан қалаға келген жастар үшін ауыр психологиялық қысым болатын. Қайта құру жариялаған демократиялық ұстанымдар арасындағы қарама-қайшылықтар, яғни орталық партия басшылығының сөзі мен ісіндегі сәйкессіздік те халықтың ашу-ызасын туғызған еді.

Жастардың наразылығы бейбіт әрі саяси сипатта басталды. Басқа ұлт өкілдеріне қарсылық пен мемлекеттік құрылысты өзгерту туралы үндеулер көтерілген жоқ. Конституцияға қайшы келетін саяси талаптар да қойылған жоқ болатын. Алайда партия басшылығы саяси наразылықты өкімет билігіне төнген қатер деп бағалады. Сол себепті бірден Алматы гарнизоны әскери дайындыққа келтірілді. КСРО Ішкі істер министрі А. Власов Кеңес Одағының 8 қаласынан Алматыға Ішкі істер министрлігі әсәскерлерінің арнайы бөлімдерін жіберуге шешім қабылданды. Бұл билік тарапынан жасалған Конституцияға қайшы келетін заңсыз әрекет еді. Бейбіт шеруді тарату мақсатында билік арнайы «Боран» («Метель») операциясын жасады. Бұл операцияға Г. Колбин өзі жетекшілік етті. Кеңес әскері халыққа қарсы сойылдар, саперлік күректер, арнайы үйретілген иттер, су шашатын машиналар сияқты қару түрлерін қолданды.Осылайша Комунистік партия мен Кеңестік өкімет билігі адамзатқа қарсы жасалған қылмыстың басты ұйымдастырушысына айналды. Мыңдаған қазақ жігіттері мен қыздары Желтоқсан көтерілісінің құрбандары болды. Солардың бірі Алматы архитектура құрылыс институтының студенті Қайрат Рысқұлбеков еді. 1988 жылы КСРО жоғарғы соты оған берілген ату жазасын 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырды. өкінішке орай, ол 1988 жылы мамырда белгісіз жағдайларда қайтыс болды. 1996 жылы 9 желтоқсанда президенттің жарлығымен Қ. Рысқұлбековке Халық Хаһарманы атағы берілді.

Соңғы деректерге қарағанда, 17-19 желтоқсанда алаңға 60 мыңдай адам шыққан, соның 8 мыңнан астамын ұстап, қаланың сыртына апарып тастаған, 103 адам бас бостандығынан айырылып, екі адам (Қ.Рысқұлбековпен М. Әбдіқұлов) ату жазасына кесілген. 52 адам партиядан және 787 адам комсомол қатарынан шығарылып, жоғарғы оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.

1987 жылы шілдеде КОКП Орталық Комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие берудегі жұмыстары туралы » қаулы қабылдады. Бұл қаулыда Желтоқсан көтерілісі «қазақ ұлтшылдығының көрінісі деп бағаланды». Ресми билік қазақ халқының саяси наразылығының маңызын төмендету мақсатымен оны қатардағы оқиға ретінде бағалаған болатын .

1989 жылы маусым-мамыр айларында КСРО Халық депутаттарының 1сьезінде М.Шаханов СОКП басшылығынан Желтоқсан көтерілісіне әділ баға беруді талап етті. М. Шахановқа академик А. Сахаров белсенді саяси қолдау көрсетті. Осындай талаптың нәтижесінде Желтоқсан оқиғаларына байланысты түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия құрылды.Комиссия төрағалығына М. Шаханов бекітілді. Комиссия жұмысының нәтижесінде қаулыдағы «қазақ ұлтшылдығы» деген айып қате деп танылды.

1990 жылғы 24 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысында бейбіт шерудің жаппай тәртіпсіздікке ұласып кетуінің себебі көрсетілді. Республика басшылығының саяси дәрменсіздігі, қиын жағдайда бейбіт жол көрсете алмауы мен партия жетекшілерінің қарулы күшке сүйенуі болған еді. Өйткені Челябі, Новосібір, Ташкент, Уфа, Тбилиси, т.б. қалалардан әкелінген әскери бөлімдердің жауынгерлерінің қатыгездікпен жасаған әрекеттері қазақ жастарын да жауап қайтаруға мәжбүр етті.

1991 жылы желтоқсанда 1986 жылғы 17-19 желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау жөнінде президенттің жарлығы шықты. 17 желтоқсан –Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.

Желтоқсан көтерілісінің саяси және тарихи маңызы зор болды.

Бөлісу