Қайта құру және Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер. 1980-ші жылдардың басында Кеңес Одағындағы дағдарыс пен тоқырау тереңдей берді. Әкімшіл-әміршіл басқару әдісі елді дағдарыстан алып шығуға дәрменсіздігін көрсетті. Халық шаруашылығындағы жоспарлы экономика жүйесі тиімсіз екендігі айқын көрініс берді. Бұдан кеңестік қоғамның саяси-экономикалық жүйесіне түбегейлі реформалар жасау талабы туындады. 1985 жылы наурызда КОКП ОК Бас хатшысы қызметіне М.Горбачев сайланды. 1985 жылы сәуірде өткізілген КОКП ОК пленумында М.Горбачев әлеуметтік-экономикалық жүйе мен қоғамдық өмірге реформалар – қайта құрулар жүргізетінін мәлімдеді.

Қайта құру саясаты мемлекеттің қоғамдық- саяси институттарының бүкіл жүйесін демократияландыру және халықтың өзін-өзі басқаруын тереңдету деп түсіндірілді. Қайта құру саясатының негізгі бағыттары- қоғам өмірін демократияландыру және жариялықты дамыту, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету болды. Сонымен бірге 1985 жылы сәуір Пленумында әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету туралы қаулы қабылданды. Жеделдету саясатының мақсаты-өндірісті басқару әдістерін өзгертіп, ғылыми-техникалық жетістіктерді енгізу арқылы халық шаруашылығын дамыту. Іс жүзінде ол өндіріс орындарын шаруашылық есепке көшіру және жекеменшік түрлерін дамыта отырып, нарықтық экономикаға бетбұрыс жасау еді. Бұл саясатты іске асыру бағытында бүкіл елде кооперативтік қозғалыс басталды. Кооперативтік шаруашылықтардың тиімді жақтары бірден байқалды. Бірақта жеделдету бағыты ғылыми тұрғыда негізделмей асығыс енгізілген еді. Мемлекет басшылары экономиканы басқаруда әлі де директивалық әдістерге сүйенді. Бұл жеделдету бағытының басты қайшылығы болатын. Бірақ бұл шаралар экономиканы дағдарыстан шығара алмады. Халық шаруашылығындағы жағдай ауырлай түсті. Күнделікті тұтынатын тауарлар тапшылығы айқын сезіле бастады. Азық-түлік түрлері азайып кетті. Қоғамның саяси жүйесін жаңартпайынша экономиканы басқарудың жаңа әдістері нәтиже бермейтіндігі дәлелденді.

1987 жылы қазанда КОКП ОК Пленумында Мәскеу қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Борис Ельцин қайта құру мен реформалардың жүзеге асырылуының баяулығын қатты сынға алды.

1987 жылы қарашада Қазан төңкерісінің 70 жылдық мерекелік мәжілісі болып өтті. Онда М. Горбачев кеңестік қоғамның дамуының негізгі тарихи кезеңдеріне саяси баға берді. Бас хатшының баяндамасында сталинизм қылмысты құбылыс деп танылып, тарих «ақтаңдақтары» жаңа тұрғыдан қаралуы тиіс деген қортынды жасалды.

1988 жылы маусымда КОКП ХІХ Бүкілодақтық конференциясы өткізілді. Конференцияда қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты талдау жасалды. Онда партия басшылары тарапынан саяси жүйеге реформа жүргізбейінше әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жасаумүмкін еместігі мойындалды.

Қоғамның саяси және әлеуметтік өміріндегі қайшылықтар күшейе берді. Мемлекеттік жоспарлау барысында республикалар мүддесі екінші кезекке ысырылды. Өйткені қазба байлықтан түскен табыстар республикаларға аз мөлшерде ғана беріліп, жергілікті халық оның игілігін көре алмады. Тұтыну тауарларының 60 %-ы шеттен тасымалданды. Ғылым мен мәдениет, білім беру салаларын қаржыландыруда «бюджеттік қалдық» ұстанымы сақталып қалды. Рухани салада да терең қайшылықтар орын алды. Мәдениет халықтық дәстүрінен, ұлттық келбетінен айырыла бастады. Қазақ тілі қоғамдық қызметінен айырылып, тұрмыстық тіл деңгейіне түсті. Нәтижесінде 1954- 1986 жылдары 600- ден астам қазақ тілінде оқытатын мектеп жабылды.

Маңызды саяси шешімдер Мәскеуде қабылданып, одақтас республикаларға оларды орындау үшін бұйрық ретінде жіберіліп отырды. Орталықтың шешімдерімен келіспеу, оған сын айту «ұлтшылдық» ретінде бағаланды. Қазақстан халқының көз алдында Арал мен Семей экологиялық қасіреті қалыптасып жатты. Кеңес қоғамында адамдардың әлеуметтік немқұрайдылығы күшейді.

1986 жылы ақпан-наурызда Қазақстан Компартиясының ХҮІ съезі болып өтті. Съезде әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың жекелеген кемшіліктерін сынаумен шектелді.

Бөлісу