Қазақстанның ХХ ғасырдың бас кезіндегі оқу-ағарту ісі. Қазақ халқы ерте заманнан-ақ білімді де сауатты болуға ұмтылған, надандық пен топастықты әжуа етіп, күлкіге айналдырған. Әрбір ата-ана баласына әдептілікті үйреткен, сауатты да білімді болуға баулыған. Бұған мысал ретінде қазақтар арасында «Қара күш бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақал кеңінен тараған. ХІХ-XX ғасырлардың бас кезінде Қазақстанда халыққа білім беру ісі екі: діни және зайырлы бағытта жүргізілді. XIX ғасырдың орта кезіне дейін қазақ балалары мектептер мен медреселерде мұсылманша білім алды. Оларды негізінен молдалар оқытты. Оқу ата-аналарының қаржысы есебінен жүзеге асырылды. Мұсылмандар мектебінде негізінен ер балалар оқыды.

Халық арасында медреселердің беделі күшті болды. Олар молдалар мен мектеп мұғалімдерін даярлады. Оқу мерзімі 3—4 жылға дейін созылды. Медресе шәкірттері ислам дінінің негіздері бойынша бастауыш білім алумен қатар философия, математика, медицина, тарих, тіл білімі (лингвистика) және астрономия жөнінде де едәуір хабардар болып шықты. Діни оқу орындарының басты қызметінің бірі жастардың бойына әдептілік өнегесі мен адамгершілік қасиеттерді дарыту болды. 1870 жылдан бастап патша үкіметінің бастамасы бойынша медреселерде міндетті түрде орыс тілінің негіздерін үйрету енгізілді.
Медреседе бірнеше сынып бөлмелері болды. Олар шәкірттер тұратын, дәрет алып, жуынып-шайынатын, сондай-ақ тамақтанатын бөлмелер еді. Медреседе ұстаздыққа әдетте жасы 40-тан асқан адамдар ғана қабылданатын. Олардың медресені бітіргені туралы дипломының болуы талап етілетін. Кейіннен патша үкіметі мұсылманша оқытуды да өз бақылауына алуға тырысты. Мәселен, 1867—1868 жылдардағы әкімшілік реформалар бойынша мектептер мен медреселер ашу үшін уезд бастығының арнайы рұқсатын алу керек болды. Патша үкіметі мұсылмандардың оқу орындарын ашықтан-ашық кемсітіп, қорлау саясатына көшті.

Жаңа әдістемелік мектептер. XX ғасырдың бас кезінде дәстүрлі мектептер мен медреселер коғамның өскелең талаптарын қанағаттандырудан қалды. Мұсылман мектептерін реформалау қозғалысы басталды. Оны ұйымдастырушылар жадидшілдер болды. XX ғасырдың бас кезінен бастап жаңа әдістемелік мектептер пайда бола баста- ды. Оқытудың бұл әдісінің негізін қалаушы белгілі түркі тілдес халық ағартушыларының бірі, қоғам қайраткері И. Гаспринский болды.
Жадидшілдер мектептерде арифметика, география, жаратылыстану, тарих сияқты басқа да зайырлы пәндерді оқыту қажеттігін дәлелдеді. Жаңа әдістемелік мектептерде білімді де білікті мұғалімдер сабақ берді, оларда қажетті оқу құралдары мен жабдықтары жеткілікті болды. Оның үстіне, оқыту әдістемесі де әлдеқайда тиімді еді Қазақстандағы ең алғашқы жаңа әдістемелік мектеп 1900 жылы Түркістан қаласында ашылды. Ондай мектептер Ақтөбе, Жаркент, Верный, Қазалы, Қостанай, Перовск, Семей сияқты басқа да қалаларда пайда бола бастады. Қазақ зиялыларының едәуір бөлігі жаңа әдістемелік мектептерде білім алып шыққандар болатын. Мәселен, Уфадағы «Ғалия» медресесінде Б. Майлин, Орынбордағы «Усмания» медресесінде Қ. Болғанбаев және басқалары оқыды. Абай Құнанбаев та Семейдегі Ахмет Риза медресесінде жаңа әдістемелік оқыту мето- дикасын жақтаушы ұстаздардан дәріс алған болатын.
Алайда жаңа әдістемелік мектептер елге кең көлемде тарай алмады. Патша үкіметі жаңа әдістемелік мектептердің ашылуына барынша қатты қарсылық көрсетті. Себебі ондай мектептерді панисламизм мен пантүркизмнің ошақтары деп білді. Соның салдарынан 1917 жылы Қазақстан аумағында 100-ге тарта ғана жаңа әдістемелік мектеп бар еді.

XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ өлкесінде зайырлы мектептер мен оқу орындарының ашылуы. 1813 жылы Омбыда, ал 1825 жылы Орынборда әскери училищелер ашылды. Кейіннен олар Сібір және Орынбор Неплюев кадет корпустарына айналды. Бұл оқу орындарына қазақ балаларын қабылдауға едәуір шек қойылды. Ұлты қазақ кадеттер бірқатар әскери пәндерді оқып үйренуге жіберілмеді. Омбы кадет корпусын белгілі қазақ ғалымы, зерттеуші әрі ағартушы Шоқан Уәлиханов бітіріп шықты.
1841 жылы Бөкей хандығында Жәңгір ханның бастамасы бойынша алғашқы қазақ мектебі ашылды. Ол мектептің оқушылары орыс тілін, математиканы, географияны, бірқатар шығыс халықтарының тілдерін, сондай-ақ ислам дінінің негіздерін оқып үйренді. Қазақ балаларының сабақ үйренуін Жәңгір ханның өзі тікелей бақылауға алып, тексеріп жүрді. Неғұрлым қабілетті деген балаларды ол Қазанға, Ресейдің басқа да қалаларына оқуға жіберіп отырды. Казак станицаларында, бекініс-қамалдарда діни шіркеулер және казактардың балалары оқитын мектептер болды. Олардағы оқыту деңгейі тым төмен еді. Мұғалімдердің басым көпшілігін шала сауатты дьяктар, сондай-ақ қызметтік міндетін өтеген солдаттар мен казактар құрады.
Жалпы алғанда, Қазақстанда халыққа білім беру ісі мен сауаттылық деңгейін қанағаттанарлық болды деп айтуға келмейтін. Зайырлы мектептер өте аз еді. Маман мұғалімдер жетіспеді. Көшпелі және жартылай көшпелі өмір салты жағдайында тұрақты мектептер ашу қиын болды.

XIX ғасырдың екінші жартысы – XX ғасырдың бас кезінде зайырлы мектептердің ашылуы. Қазақстанды өнеркәсіптік тұрғыдан игерудің басталуына байланысты сауатты да білімді адамдарға деген сұраныс арта түсті. Сондықтан да 1850 жылы Орынборда оқу мерзімі жетіжылдық жаңа үлгідегі мектеп ашылды. Онда негізінен хатшылар мен аудармашылар даярланды, орыс тарихы, математика, география, геометрия, сондай-ақ исламның негіздері оқытылды. Ал 1857 жылы осындай мектеп Омбыда да ашылды.
1861 жылы Троицкіде, басқа да қалаларда орыс-қазақ мектептері ашылды. 1867—1868 жылдардағы әкімшілік реформалары енгізілгеннен кейін және қоныс аударып келуші шаруалар қатарының арта түсуіне байланысты зайырлы мектептердің қатары көбейді. Олардағы оқу бағдарламаларын генерал-губернатордың өзі белгілеп, Халық ағарту министрлігімен келісіп алып отырды. Қазақтардың балалары орыс поселкелері мен казак станицалары жанындағы мектептерде тегін немесе азын-аулақ ақы төлеп оқуға құқықты болды.
1879 жылы Ташкентте мұғалімдер институты ашылды. 1879 жылы Торғай облысында алғашқы екі сыныптық орыс-қазақ мектебі пайда болды. 1883 жылы Орынбор губерниясының Ор қаласында қазақтарға арналған мұғалімдер мектебі түңғыш рет ашылды. Ол мектептің ашылуына Ыбырай Алтынсариннің қосқан үлесі орасан зор болды.
1885 жылдан бастап барлық уездерде ауыл шаруашылық мектептері ашылды. Олар қазақ өлкесінде білім және қолөнер түрлерін дамытуға бағыт ұстады. 1887 жылы барлық жерде бірдей болыстық орыс мектептері пайда бола бастады. Ал 1891 жылы Торғай, Ақтөбе, Қостанай және басқа қалаларда қыз балаларға арналған бастауыш мектептер ашылды. 1892 жылдан бастап қазақ балалары үшін ауылдық көшпелі мектептер ұйымдастырылды.
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Омбы, Семей, Орал, Ақмола қалалары халыққа білім беру орталықтарына айналды. Қазақстандағы орыс тілді халықтың арасында сауатсыздардың пайызы тым жоғары болды. Мұны 1897 жылғы халық санағы айқын көрсетті. Атап айтқанда, халықтың 8,1 пайызын ғана сауатты деуге болатын еді. Соның ішінде ерлердің 12 пайызы, ал әйелдердің 3,6 пайызы ғана хат таныды. Орысша сауат ашқан қазақтардың пайызы бұдан да төмен болды. Ал мұсылманша оқып сауат ашқан дала қазақтарының саны өте көп еді. Бірақ олардың қанша пайызының сауатты екеңдігі халық санағын өткізу кезінде есепке алынбады.
Ресей империясы қазақтардың орта және жоғары білім алуына жол бермеуге тырысты. Сауатты қазақтардың қатары өскен сайын олардың Ұлттық сана-сезімі тезірек оянады деп қауіптенді. Мәселен, 1885 жылы Қазақстанда орыс мектептерін ашудың басты идеологта- рының бірі Ильминский былай деп ашықтан-ашық жазған болатын: «Бізге тиімді болатын бір жағдай бар. Ол — бұратана халықтың әрбір өкілінің орысша сөйлегенде шатасып, қысыла қызарып тұратын болуы. Ол — орысша жазғанда да аяқ алып жүргізгісіз қыруар қате жіберіп, өз ойын дұрыс жеткізе алмауы. Олар губернаторлардың алдында ғана емес, сонымен қатар кез келген бастықтардың алдында да қалтырап-дірілдеп тұруы керек». XIX ғасырда ауыл шаруашылық және фельдшерлік мектептері ашыла бастады. Олар орта білімді дәрігер мамандарын даярлап шығарды. Алайда Қазақстанда бірде-бір жоғары оқу орны ашылған жоқ.

Дала өлкесінде ауыл мектептерінің пайда болуы. 1901 жылғы маусым айында Дала генерал-губернаторы Сухотин Ақмола және Семей облыстарының әскери губернаторларына орыс-қазақ мектептерін ашуға ұсыныс жасады. Алғашқыда бұл идеяға қазақтар қауіптеніп сақтыкпен қарады. Балаларын орыстандырумен қатар шоқындырып жібереді деп қауіптенді. Қазақтардың және бір қорыққан нәрсесі — орыс-қазақ мектептері арқылы балаларды орыс шаруаларына айналдырып жіберер, содан соң әскер қатарында міндетті қызмет атқаруға мәжбүр етер деп шошынды.
Сондықтан Акмола облысындағы Халық училищесінің директоры А.Е. Алекторов ел арасында жаңа мектептерді ашудың мақсат-міндеттерін түсіндірді. Орыс-қазақ мектептерінің материалдық базасын қамтамасыз етуге баса назар аударды. Ол ауыл мектептеріне арналған «Ақмола және Семей облыстарындағы ауыл мектептерінде сабақ берудің тәсілдері мен оқулықтары», «Қырғыз хрестоматиясы» әдістемелік оқу құралдарын құрастырды. Оқудың қазақтардың ана тілінде жүргізілуі туралы айтты. Сонымен қатар ол қазақ өлкесін шоқындыруға бағытталған діни миссионерлік қызметін де белсенді түрде өрістете түсті. 1902 жылы Далалық өлкеде осындай 14 мектеп ашылған болатын. Олардағы оқу мерзімі екі жыл еді. Оқушылар қазақ және орыс тілдерін, арифметиканы оқыды. Кейінірек ислам дінінің негіздерін оқытуға да рұқсат етілді. Бірақ бұл ретте жұмсалатын қаржыны мұсылмандар өз қалталарынан төлеуге тиісті болды.
1904 жылы болыстық жерлерде бір сыныптық және екі сыныптық училищелер жұмыс істей бастады. Бір сыныптық училищелерде балалар төрт жыл оқыды. Олар онда орыс тілін, дін оқуын, қазақ тілін, арифметиканы, ән сабағын оқып үйренді. Ал екі сыныптық училищелердегі оқу мерзімі алты жыл болды. Олар әлгі пәндерден тыс географияны, жаратылыстануды, сызуды, геометрияны және орыс тарихын оқыды. Оқу алғашқыда екі жылда қазақ тілінде, содан соң орыс тілінде жүргізілді. Алайда орыс-қазақ мектептерінде мұғалімдер жетіспеді. Өйткені олардың жалақы мөлшері төмен болды. Оның үстіне, ол мектептердің материалдық-техникалық базасы да қанағаттанарлық дәрежеде қамтамасыз етілмеді.

Омбы — Далалық өлкенің ірі білім орталығы. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің бірі С. Сәдуақасовтың пікірі бойынша, Ақмола облысының Омбы уезі Қазақстанның ең ірі ағартушы аймақтарының бірі болды. Ал Омбы қаласы іс жүзінде бүкіл Қазақстан үшін ең әйгілі білім орталықтарының біріне айналды. 1789 жылы Омбыда Азия мектебі ашылды. Ол отаршыл аппарат үшін шенеунік кадрлар даярлаумен айналысты. XIX ғасырдың бас кезінде қазақ ақсүйектері өздерінің балаларын Омбыдағы оқу орындарына жібере бастады. Мәселен, 1827 жылы Уәли ханның ұлы Шыңғыс Сұлтан казак әскерлерінің Сібір шебіндегі училищесіне түсті.
1865 жылы Қазақ өлкесін шаруашылық тұрғысынан игеру қажеттігінің тууына байланысты жергілікті әкімшілік алғашқы қазақ мектебін ашты. Онда Ақмола мен Семей облыстарынан 20 бала оқыды, 1872 жылы Омбыда мұғалімдер семинариясы ашылды. Ол іс жүзінде бүкіл Қазақстан үшін мұғалім кадрларын даярлайтын орталыққа айналды. Онда бастауыш училищелер үшін мұғалімдер даярланды.
1877 жылы Омбыда, сондай-ақ Көкшетау мен Ақмолада қазақ балалары үшін жатып оқитын интернаттар ашылды. Оларға жұмсалатын шығынды қазақтар қайырымдылық көмек есебінен өздері төлейтін болды. Әр қазақ болысынан оқуға жылына 2 баладан жіберіп түру келісілді. 1882 жылы Омбыда техникалық училище ашылды. Ол зауыттар мен фабрикалар үшін, сондай-ақ көлік саласындағы қызмет үшін орта білімді басшы маман кадрлар даярлауға тиісті болды. Атап айтқанда, осы училищені Қарқаралы уезінің түлегі, болашақ көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов бітіріп шықты. 1852 жылы негізі қаланған Омбы мал-дәрігерлік-фельдшерлік мектебінде көптеген қазақ балалары оқыды. Бұл мектеп осы салада бүкіл Қазақстан үшін маман кадрлар даярлайтын бірден-бір арнаулы оқу орны болды.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде Омбының оқу орындарында қазақ халқының көрнекті өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Айдархан Тұрлыбаев, Отыншы Әлжанов, Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсеков. Ережеп Итбаев, Сейілбек Жанайдаров, Асылбек, Мұратбек және Мұсылманбек Сейітовтер, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Қошке Кемеңгеров, Дінше Әділов, Смағүл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжанов, Жұмат Шанин, Әбілқайыр Досов, Бекмұхамед Серкебаев, Бірмұхамед Айбасұлы, Әміре Исин, Мұхтар Саматұлы, Мұқан Әйтпенов, Көлбай Тоғысов, Нығмет Нұрмақов, Шәймерден Әлжанов сияқты көптеген азаматтар оқып бітіріп шықты. Олардың бәрі де халық ағарту ісіне, Қазақ өлкесіндегі Ұлттық-демократиялық қозғалысқа, сондай-ақ туып-өскен өлкені ғылыми тұрғыдан зерттеуге лайықты үлес қосты. Басым көпшілігі кейінірек, Кеңес өкіметі кезінде, саяси қуғын-сүргінге ұшырады, атылып кетті.

Ресей империясының жоғары оқу орындарындағы қазақ студенттері. Бірінші орыс революциясының ықпалымен қазақтардың Ұлттық сана-сезімі елеулі түрде өсті. Неғұрлым алыстан болжап, көре білетін қазақтар өздерінің балаларын Ресей мен шетелдердің орта және жоғары оқу орындарына оқуға жіберетін болды. Олар білім алуды өздерінің тапталып, аяққа басылып келген құқықтарын бұдан былайғы жерде сеніммен қорғаудың кепілі деп білді. Қазақ жастарының елеулі бөлігінің заң факультеттерін тандауы тіпті де тегін емес болатын. XIX—XX ғасырлар тоғысында тек Қазан қаласының өзінде ғана (императорлық Қазан университетінде, Қазан мал-дәрігерлік институтында, Қазан мұғалімдер семинариясында) 100-ге жуық қазақ жастары оқыды. Көптеген қазақ жастары Санкт-Петербург, Мәскеу, Томск, Саратов, Киев, Тарту, Каир, Бомбей, Стамбұл және Варшава университеттерінде оқыды. Мәселен, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін М. Шоқай мен A. Тұрлыбаев алтын медальмен бітіріп шықты. Ал Ә. Бөкейханов Санкт-Петербург Орман институтын, С. Асфендияров Санкт-Петербург әскери медицина академиясын, А. Сейітов Томск университетінің медицина факультетін, Ж. Досмұхамедов Тарту университетінің заң факультетін, М. Ғабдолғазизов Каир университетін, 0. Тұрмағанбетов Бомбей университетін, X. Нұржанов Киев университетінің заң факультетін бітірді. Басқа да көптеген қазақ студенттері болды.
Қарқаралыдан түлеп ұшқан Дінмұхамед Сұлтанғазин (1867—1918) өте сирек кездесетін талантты студент болды. Ол 1890 жылы Томск университетінің медицина факультетін, ал 1895 жылы Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетін, 1897 жылы заң факультетін бітіріп шықты. 1908 жылы Петербург әйелдер медицина институтын Асфендиярова Гүлсім Жағыпарқызы (1880— 1941), одан кейін Асфендиярова Мәриям Сейітжағыпарқызы (1887—1937) бітірді. Қазақтардың жаппай білім алуға көшуі олардың патша үкіметіне қарсы Ұлт-азаттық қозғалысынын күшейе түсуіне, өз алдына автономия алуға ұмтылысына жеткізді.

Бөлісу