Қазақ жеріндегі Колчак әскерін талқандау Шығыс майданының Солтүстік және Оңтүстік топтарына жүктелді. 1919 жылы қолбасшы М. В. Фрунзе бастаған Қызыл әскер топтары Қазақстанның солтүстік аудандарында, ал Чапаев бастаған топтар оңтүстік – батыс аудандарда соғыс жүргізіп, Колчак әскерлерінің Деникин әскерлерімен қосылуына жол бермей, оларға күйрете соққы берді. Нәтижесінде Оңтүстік топ әскерлері (қолбасшы М. В. Фрунзе) Уфаны азат етті, ал Чапаев дивизиясы 1919 жылғы 25 шілдеде Оралды жау қоршауынан босатты, 1919 жылы жазда Қызыл Армия Челябіні азат етті.

Осыдан кейінгі міндет – Орал мен Орынбор облыстарын азат ету Түркістан майданының 1 және 4 армияларына жүктелді.

Бірінші армия колчакшыларға қарсы Ақтөбе бағытында шабуылдады. 1919 жылы қыркүйекте бірінші армия Ақтөбе майданымен Мұғалжар станциясында (Орынбор – Ташкент темір жолы) түйісті. Нәтижесінде Түркістан Орталық Россиямен қайта қосылып, Ақтөбе майданы жойылды.

Орал облысын азат етуге төртінші армия мен 25-ші В.И. Чапаев дивизиясы жіберілді Үлбішін түбіндегі шайқаста В. И. Чапаев және бригада басшысы Садық Уәлиев қаза тапты (1919 ж. қыркүйек). Ал 1919 жылы қарашада Қызыл Армия Үлбішін мен Жымпитыны азат етсе, осы жылдың соңында Орал облысы ақ гвардияшылардан толық азат етілді. Сөйтіп, 1920 жылы қаңтарда Орал майданы жойылды.

1919 жылы күзде Шығыс майданының бесінші армиясы (қолбасшысы М. Н Тухачевский) Солтүстік және Шығыс Қазақстанды азат етіп, Петропавл, Ақмоланы жаудан босатты.

1919 жылы қарашада Семейде Колчак өкіметі құлатылып, Кеңес үкіметі қайта орнады, ал 1920 жылы наурызда Семей облысы түгел азат етіліп, Жетісу майданы жойылды.

1920 жылғы маусымда Верныйда контрреволюциялық бүлік ұйымдастырылып, Верный бекінісін жаулап алды. Қызыл армияның күшімен бүлік тоқтатылды.

1920 жылы наурызда азамат соғысының қазақ жеріндегі ең соңғы майданы – Солтүстік Жетісу майданы жойылды.

1920 жылы Қызыл Армия Колчак әскерін талқандап, Колчак Иркутск ревкомының үкімі бойынша атылды.

Азамат соғысының барысында Кеңес үкіметі ұлт аймақтарындағы жаңа үкіметтің оқшаулануын ескере отырып, Алашордамен келіссөз жүргізді. Ақ гвардияшылар мен интервенттер тарапынан болған қатыгездік пен зорлық «Алаш» өкілдерін бастапқы бағыттарын өзгертуге итермеледі. А. Байтұрсынов «Төңкеріс және қазақтар» мақаласында «Алаш» зиялыларын Кеңес үкіметі жағына шақырып, ұлттық келісім тактикасына қол жеткізді.

1919 жылы 4 сәірде Бүкілроссиялық Орталық атқару Комитеті Алашорда мүшелеріне кешірім (амнистия) жариялады.

Азамат соғысының салдарлары:

1) Демографиялық жағдай ауырлап, 8 млн. адам қаза тапты

2) Мал саны күрт азайды

3) Қазақ ауылдары мен қыстақтар материалдық жоқшылыққа ұшырады.

4) Қатігездік пен зорлық – зомбылықтың күшейтілуі (ақвардияшылар тарапынан) үрей және ертеңгі күнге сенімсіздік туғызды.

Бөлісу