Ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуына саяси жағдайлар әсер етті. 1863 жылы ұйғырлар Цинь империясының отаршылдық саясатына қарсы шығып, нәтижесінде көптеген ұйғырлар Жетісу жеріне қоныс аудара бастады. 1866 жылы көтеріліс болған аумақ Іле сұлтандығының құрамына енді. Шығыс Түркістанда құрылған Іле сұлтандығының құрамында ол кезде 100 мың адам болса, оның 38,2 мыңы ұйғырлар, 22,3 мыңы қазақтар мен қырғыздар, 12,8 мыңы тоғауыттар (қалмақтар), 15,5 мыңы сибо, 5,2 мыңы дүнгендер еді.

ХІХ ғасырдың соңында Қазақстанға орыс шаруаларымен қатар ұйғырлар мен дүнгендер де қоныс аударды. Өйткені 1871-1881 жылға дейін Іле аймағы патшалық Ресейдің қол астында болды. 1881 жылы 12 ақпанда Қытай мен Ресей арасында «Петербург шартына» қол қойылды. Шарттағы 17 баптың алғашқылары келісімнің мәнін жан-жақты ашып көрсетті. Мысалы, шарттың 3-бабында: «Іле аймағының тұрғындарына Қытай қоластындағы мекендерінде қалу немесе Ресей жерлеріне көшіп, Ресей азаматтығын қабылдау ұсынылады» — деп қарастырылған. Ұйғырлар мен дүнгендерді Жетісуға қоныстандыру арқылы патша үкіметінің көздеген мақсаты — оны жергілікті халықтың ұлт-азаттық көтерілісіне қарсы қолшоқпар ретінде пайдалануды көздеді. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, қоныс аударғандарды Шелек және Іле өзенінің аралығында орналастыру туралы шешім қабылданды. Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныс аударуы 1881-1883 жылдар аралығында жүзеге асырылып, 1884 жылдың басында 9572 ұйғыр отбасы қоныс аударды, оның 24628 ер адам болса, ал 20745 әйелдер болды, барлығы 45373 адам еді. Сонымен қатар, Қазақстанға барлығы 5055 дүнген қоныс аударды.

Қазіргі Алматы мен Талдықорған жерінде Жаркент, Ақсу-Шарын (қазіргі Ұйғыр ауданы), Малыбай (Шелек ауданында), Қорам (Шелек ауданы), Қарасу (Еңбекшіқазақ ауданы), Кетпен болыстары құрылды (қазіргі Жаркент ауданында). Жаңа құрылған болыстың басшысы болып сол бұрынғы Іле аймағында болған басшылар сайланды. 1897 жылы Жетісудағы санақ бойынша ұйғырлар саны 55999 адамға, ал дүнгендер саны 14136 адамға жетті.

Ұйғырлар мен дүнгендердің шаруашылығы. Ұйғырлар мен дүнгендер өздерімен бірге Жетісуға жасанды жолмен суландырылатын егіншіліктің әлдеқашан қалыптасқан дәстүрлерін әкелді. Ұйғырлардың негізгі кәсіпшілігі егін шаруашылығы болды. Бірақ патша үкіметі оларға егіншілікпен айналысуға мүмкіндік бермеді. Ұйғырлардың жан басына орта есеппен 3 десятина жер берілді. Ұйғырларда күріш өсіру дүнгендердегі сияқты негізгі дақылға айналған жоқ. Олар  негізінен бау өсіріп, бақша салумен айналысты (халықтың шамамен алғанда үштен екісі). Дүнген шаруашылықтарының үштен екісінен астамында бау-бақша да болды.

Жетісудағы су қорының негізі казак кулактары мен қазақ, ұйғыр байларының қолдарында болды. Кедейлер су тапшылығынан жерлерін арзан бағаға байларға сатты. Ауқатты ұйғыр байлары негізінен мал шаруашылығымен айналысты. Байыған ұйғыр кәсіпкерлері Іле өзенінде кемемен жүк тасуды ұйымдастырып, су диірмендерін, мал шаруашылығы шикізаттарын өңдейтін өндіріс орындарын салуға қаражат жұмсай бастады. 1883 жылы ұйғыр байы Вали Ахун Юлдашев Іле өзеніндегі су жолын алғаш рет пайдаланып, кемемен тауар тасиды. Оның жеке меншігінде 10363 десятина жер болды. Ал қарапайым ұйғырлар мен дүнгендердің әлеуметтік жағдайы өте ауыр болды.

Ұйғырлар мен дүнгендердің мәдениеті. Ш.Уәлиханов, Н.М.Пржевальский сияқты ірі ғалымдар ұйғырлардың рухани мәдениеті жайында көптеген мәліметтер қалдырған. «Он екі Мұхам» ұйғыр халқының ХІХ ғасырдағы озық ауыз әдебиетінің үлгісі ретінде белгілі болған. Бұл шығарма ұйғыр әдебиетінің аса үздік туындысы болып табылады. Ұйғыр халқының рухани және материалдық мәдениеті туралы деректер аз сақталды. Жетісу жеріне қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендер мәдениетінің кейіннен біршама жақсы дамығаны белгілі.

Бөлісу