XIX ғасырдың 60-жылдарындағы әкімшілік реформалар жартыкеш болып шықты. Онда қазақ халқының құқықтары тым шектелінді. Мұның өзі қазақтардың тарапынан қатты наразылық пен қарсы әрекеттер тудырды. Сондықтан да патша үкіметі 80-90-жылдары реформаны одан әрі жаяғастыруға мәжбур болды.

1869—1880 жылдары Кіші жүзде болған көтерілістер патша үкіметі жүргізген реформалардың әлі аяқталмаған сипаты бар екенін дәлелдеп берді.

Реформаларды одан әрі жалғастыру қажеттігі басқа да себептерге байланысты болды. Қазақстанның үш генерал-губернаторлыққа бөлінуі Ресейдің еуропалық бөлігіндегі шаруаларды Қазақстанға көшіруге байланысты мәселелерді жедел әрі жүйелі түрде шешуге мүмкіндік бермеді. Орта Азияның Ресей империясына әскер күшімен қосып алудың сәті түсті. Мұның өзі орасан зор кең-байтақ аумақты басқаруды қайта құруды және қаржы мәселесін үнемдеуді талап етті. Патша үкіметі бұл міндетті қазақ өлкесін Ресейдің өзге бөліктерімен бірте-бірте біріктіру арқылы шешуді жоспарлады. 1867-1868 жылдардағы ережелердің әуел баста-ақ уақытша, яғни өтпелі сипаты болып еді.

Көп жылға созылған талқылаудан кейін Ресей императоры III Александр 1886 жылғы 2 маусымда Түркістан өлкесін басқару туралы жарлыққа қол қойды. Ол 1867 жылғы «Уақытша ережеге» кейбір қосымшалар енгізді. Жаңа Ереже бойынша Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына Сырдария, Ферғана және Самарқан облыстары кірді. Оған 1897 жылы Жетісу облысы қосылды. Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласы болды.

1890 жылдың ақпан айында «Закаспийск облысын басқару туралы уақытша Ереже» бекітілді. Бұл әкімшілік бірлігінің құрамына негізінен түркімендер тұратын бес уезд – Красноводск, Ашхабад, Теджент, Мерв және Маңгыстау уездері кірді. Маңғыстау уезінде Кіші жүз, соның ішінде адай руының қазақтары тұратын.

Үшінші құжат — «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торгай облыстарын басқару туралы ереже». Оған 1891 жылғы 25 наурызда қол қойылды. «Ереже» бойынша Дала генерал-губернаторлығы құрылды. Оның құрамына Қазақстанның Сырдария облысынан өзге барлық облыстары түгел кірді. Жаңа аумақтық құрылымның орталығы Омбы қаласында болды.

Сөйтіп, бұрынғы үш генерал-губернаторлықтың орнына енді екі генерал-губернаторлық құрылды. Маңғыстау уезі олардың ешқайсысының құрамына енгізілмеді. Бұдан «бөліп ал да, билей бер» деген империялық пиғыл айқын аңғарылды. Сөйтіп бұрынғы біртұтас Кіші жүз енді үшке бөлінді. Соның салдарынан оның бір бөлігі Ішкі Ордaның, екінші бөлігі Закаспийск облысының, ал үшінші бөлігі Дала генерал-губернаторлығының құрамында болды. Патша үкіметінін мұндай қадамға баруы Кіші жүз қазақтарының қайта-қайта көтеріліс жасай беруіне байланысты еді.

Бөлісу