ҚАРАСАЙ, ҚАЗИ

(Мұрат Мөңкеұлы нұсқасы)

Өткен заманда Мұса деген би болыпты. Мұса биден отыз ұл қалады. Отыз ұлдың ішінде Мамай би болып, ел билейді, Орақ батыр болып, ел қорғайды. Мамай мен Орақ билік пен батырлықты қатар жүргізіп, еліне өте қадірлі болады. Мұса бидің қалған балалары, басы – Қарабатыр, Тілеке, Алшы, Исмайыл, Тобаяқ дегендер болып, бұларды күндейді. Бұлар Орақтың алмас қылышын жасырып алып, түнде Орақ жатқан үйдің есігіне көлденең құрып қойып, ауылды айнала жылқы қуып, «Жау келді! Аттан, Орақ! Аттан!» – деп айқай салады. Төсекте жатқан Орақ сыртқа жүгіре шығамын дегенде, есіктегі құрулы алмасқа ұшырап, жараланады. Осы жерде Орақ өледі. /Батырлар жыры/

Орақтың артында Қараүлек деген шешесі, бір аяғы ақсақ, бір көзі соқыр қатыны, Қарасай, Қази деген екі баласы һәм Қибат деген бір қызы қалады.

Қарасай, Қази жасынан-ақ батыр болып, атасының дұшпандарымен көп жауласып, Орақтың елін қайта меңгеріп алады.

Орақ ауырып жатқанда Ақмырза деген досының айтқаны:

– Ебей басты құба үлек,

Сенен соң жүк көтерер түйе жоқ!

Айғыры өлген ақ байтал,

Сенен соң ат туарға бие жоқ!

Бұ сөзімде жүйе жоқ,

Ертеңнен кешке зарласам,

Есіркер бізді ие жоқ!

Арыстан сынды ер Орақ

Жатыр екен бүгіліп,

10. Әділ жаннан түңіліп,

Досыма жаман түс көріп,

Бір ұқсаусыз іс көріп,

Ертеңменен мен жазған

Шыға да салдым жүгіріп,

Көтерсем басын, тұрмайды,

Отырмын жаман түңіліп,

Жел жағыма желпілдеп

Жапанға біткен бәйтерек

Ортасынан шарт сынып,

Екі басқа көрінді.

20. Дұшпанға сенген қан жұтар,

Жазған, ақылың неден бүлінді?!

Қай жаманға тастайсың

Орда байтақ еліңді?

Аңдып жүрген көп жаман,

Сындырған екен беліңді!

Қапылықпен кеттің бе,

Бір сермемей қолыңды!

Артыңа тастап барасың

Алған бір жұпты теліңді.

30. Қарасай мен Қазидай

Жас қалдырдың төліңді.

Тілесек бізге берер ме

Бұ секілді өлімді?

Жарылқаса Жасаған,

Шәйіттің кеттің жолында!

Сарғайғанмен, сарғайып,

Қиямет болмай, көрмек жоқ.

Қош, аман бол, жан достым,

Ұжмақтың болшы төрінде.

Орақтың қайырған жауабы:

40. – Ақмырза досым, келдің бе?

Орақты жатқан көрдің бе?

Мен сөйлейін, сөз тыңда,

Зейініңді қой да, тез тыңда.

Қос-қос орда, қос орда

Қосылып қонбас менен соң.

Қоспақ өркеш нар түйе,

Бұрынғыдай қом бітіп,

Өркеш алмас менен соң.

Жарлылардың жаз аты

50. Жалдана алмас менен соң.

Адырмақтың Алатау

Баса жайлап, шет көшіп,

Ел қона алмас менен соң.

Былдыр-былдыр сөйлеген,

Адам тілін білмеген.

Басы шоқты қалмағың,

Аузы түкті кәуірің

Жан-жағыңды қамалап,

60. Қала салар менен соң.

Қара қазан, сары бала,

Үш Бұлдыртау, маң дала,

Мұсылманды қуалап,

Қалмақ алар менен соң.

Әмір жазып, пешеттеп,

Мал-басыңды есептеп,

Біліп алып шешіміңді,

Қыраж алар менен соң.

Тәртібіне көнбеген,

70. Малынан қыраж бермеген

Қойдай шулап, қоныстан

Көтерілер менен соң.

Еділдің бойы ен тоғай,

Ендей көшкен көп Ноғай

Қарасынан жүргізбей,

Қалмақ алар менен соң.

Арыстан досың кеткен соң,

Байтақтан қалған көп халық

Бұрынғыдай көшіп-қона алмас.

80. Артымда қалған көп жаман

Ер Орақтай кек ала алмас.

Еділ, Жайық арасы,

Екі судың саласы 

Байтақта қалған көп жұртқа

Алдасы болғай панасы.

Қош, аман бол,жан досым,

Көкіректе шыбын жан

Кетер де білем, шамасы!

Орақ өледі. Ақ жауып, арулап көмеді. Артынан бір бөлек күн өткен соң баяғы өлтірген Алшы, Исмайыл, Тобаяқ, Қарабатыр, Тілеке келіп, жылап-сықтап отырып бата оқиды. Сонда Орақтың сексен беске келген Қараүлек деген шешесінің Орақты жоқтап айтқаны:

– Айдынды Орақ, айлы Орақ,

90. Айбалтасы қанды Орақ,

Аштарханда даңды Орақ,

Арғымақ атың азды, Орақ

Байтақ жұртың тозды, Орақ,

Келер де болсаң, жылдам кел,

Сексенге келген қарт анаң

Жылай да жылай, жазды, Орақ!

Қарауыл қарап болар ма

Қара өлең жеген атпенен?

Қарусыз жүріп болар ма

100. Қалудай атасы басқа жатпенен?

Қоңқалаған көп жаман

Орағымды өлтірдің

Долай да долай матпенен!

Қоғалы көлді жағалап

Қалмақпенен қон енді,

Алшайып атқа мінген соң,

Орағымдай бол енді!

Хан Мұсадан жүлде алған,

Ағасы – би Мамайдан үлгі алған,

110. Аждаһаның тынысын,

Қолын салып, барлаған,

Сөйткен менің Орағым,

Аюдай арқыраған Орағым,

Күндей күркіреген шырағым,

Кетіпті алыс сапарға!

Қоңқалған көп жаман

Ере алмайтұғын қатарға!

Орағым менің бар болса,

Атан тіркеп, нар қылып,

120. Аруанаға жүк артып,

Ел жаңғыртып жатар ма?

Орағымды өлтірген

Алшы, Исмайыл, Тобаяқ

Есіинен менің кетер ме?

Лашын, сұңқар – екі құс –

Екеуі бір ұяның құсы екен.

Құладын құстың құлы екен,

Күндердің күні болғанда,

Құладынның көрдің бе

130. Аспаннан қу төңкеріп ілгенін!

Аңдаймысың, жігіттер,

Ноғайлының мынау үстімен

Ауыр әскер ертіп жүргенін,

Үстімнен жүрген дұшпанның

Езуін тартып күлгенін.

Қаршыға менен қарлығаш –

Екеуі бір ұяның құсы екен.

Күндердің күні болғанда

Көрдің бе екі басқа қонғанын?!

140. Қарауыл басы – қолбасым,

Жортуыл басы-жолбарысым,

Ежелден сырлас, мұңдасым,

Жау дегенде, тынбасым!

Орағымды өлтірген

Қалу мен Сары оңбасын!

Егізде екі болмасын!

Ертеменен тұра алмай,

Белімді бекем буа алмай,

Көзімнің жасын тыя алмай,

150. Отырғанда мен сөйтіп,

Бата оқи да келдің бе

Шыныңмен де, балам, ұялмай!?

Бата оқи келген Алшы, Исмайыл, Тобаяқ сөйлейді:

– Әй, қарт ана, қарт ана,

Атамыз – Мұса бидің ұлы едік,

Жаратқан бір Тәңірінің құлы едік,

Жантаза деген ханымның

Біріміз жүрегінің қасы едік,

Біріміз жүрегінің басы едік,

Біз Еділ үшін егестік,

160. Біз Жайық үшін жандастық,

Біз Қиғаш үшін қырылдық,

Біз Тептер үшін тебістік,

Біз таразы сайлап, оқ аттық,

Аюдай арқыраған Орақты,

Күндей күркіреген шырақты,

Семсер қылыш, балдақты,

Түзу мылтық, құндақты,

Қарағай найза сымбатты,

Күшіген жүнді көп оқты,

170. Қайрылмас алтын садақты,

Жараған бура қабақты,

Алғыр бүркіт тамақты,

Қарсы арыстан сымбатты,

Арыстан туған Орақтың

Біріміз еш қадірін білмедік,

Ақырда күндей де күндей, жоғалттық.

Сонда шешесін жұбатып, Орақтың Қарасай деген

баласы сөйлейді:

– Жылама, шеше, жылама,

Жыламай, көңіл тына ма?!

Мен – балдағы алтын ақ берен

180. Алып, белге ілермін.

Атамнан қалған берендер,

Бек сауытын киермін.

Мен Қабан құлақ қара атты

Қатырып тұрып мінермін.

Мен көрмеген Алаш жоқ,

Бәріне де тиермін.

Мен болаттай сарт-сұрт сынармын,

Дариядай аққан тұнармын,

Қалу менен Сарының

190. Басын кесіп алармын,

Ақ құрбандай шалармын,

Тап өзімдей қылармын.

Қалу менен Сарының

Басын кесіп алмасам,

Ақ құрбандай шалмасам,

Тап өзімдей қылмасам,

Қарасай атым құрысын!

Ер Орақтың ұлы едім,

Осы еді менің туысым.

Сонда бір аяғы ақсақ, бір көзі соқыр Орақтың

қатыны сөйлейді:

200. Кешегі Орақ кеткен соң,

Кемшілік басқа жеткен соң,

Бұлбұлдай соқыр сайраған,

Ауыздығын шайнаған,

Әрі де бері қозғаған.

Қозғағанмен, қоймаған,

Алғаны асыл болған соң,

Шыдамай, соқыр толғаған.

Не қылып соқыр шыдаған?

Ер еді Орақ болмаған!

210. Тағы да соқыр толғайды,

Әдемілеп қозғайды,

– Айдынды Орақ, айлы Орақ,

Айбалтасы қанды Орақ,

Аштарханда даңды Орақ,

Қаланың аузын қандатқан,

Қақпаның аузын шаңдатқан,

Едің күшті даңды Орақ!

Аяғым ақсақ, көзім соқыр болса да,

Үстіме қатын алмадың,

220. Артылдыра қамшы салмадың,

Алшаңдатқан мені Орақ!

Құланды қақтан қайырған,

Хандарды тақтан тайдырған,

Қарсыласып келгенде,

Қақ жүректен салдырған,

Қылышын қызыл қанға малдырған,

Қаланы алған сен Орақ!

Мен жыламай, қайтейін?

Айналайын Қарасай,

230. Соны да көрген мен бейбақ.

Қырқадан қырқа қараған,

Қырық шалғысын тараған,

Мың сан қолды талаған,

Бір өзін мыңға балаған,

Қалмақтан аққан қара қан

Көбіктей көріп, жалаған,

Қалмақтың қара, хандарын

Жаяу айдап, сабаған,

Кешегі менің Орағым

240. Болып өткен ер еді,

Айтулы ердің бірі еді!

Ел шетіне жау келсе,

Атын мініп сайланып,

Алмас қылыш байланып,

“Мен барайын!” – дер еді,

Қарсыласқан дұшпанды

Қабыландай соғып, жер еді!

Маңдайы күндей балқыған,

Көзі судай толқыған,

250. Иісі зағфырандай аңқыған

Бір патшадай неме еді,

«Өтіп кетті», – демесең,

Қай батырдан кем еді?!

Орақ еді алғаным,

Алғанымнан қалғаным.

«Атаңа нәлет»! – демедің,

Артылдыра қамшы салмадың,

Аяғым ақсақ, көзім соқыр болса да,

Үстіме қатын алмадың.

260. Өлеріңді білмедім,

Өлеріңді білгенде,

Сары мойын серке мен болып,

Құрбаныңа шалмадың,

Тілімді, айтсам, алмадың.

«Анасы мұның  әйел», – деп –

Қайырып ақыл салмадың,

Ақылдасып қалмадым,

Сол жерде болды арманым,

Арманда өлдің, алғаным!

270. Өлеріңді білмедім.

Өлеріңді білгенде,

Мынау Қабан құлақ қара атты

Қатырып мініп, шаппадым,

Ел қыдырып, ізденіп,

Бір бағымды таппадым.

Өлеріңді білмедім,

Өлеріңді білгенде,

Сары мойын серке мен болып,

Өкпеммен неге қақпадым!

280. Өлеріңді білмедім,

Өлеріңді білгенде,

Алданың берген түнінде

Армансыз құшып жатпадым!

Орақтың жауы бар екен. Орақ жауына бармастан бұрын өліп кеткен екен. Орақты өлтіргендер: «Орақтың жауын жаулап аламыз», – деп қол жинап, аттаныпты.

Сол күнде Қарасай он жеті жасар екен. Жауға бармай, үйде қалыпты. Жауға бармай, үйде қалғанына ызаланып, Қарасайды қайрап, жауға кеткен Алшы Исмайыл, Тобаяқтарды «бес қатын» деп қорлап, шешесінің айтқаны:

– Атқышым, мергенім,

Шиленгерім, зергерім,

Ілмей қалар ма екен күнінде

Ұядағы көргенін?

Отырған билер, сардарым,

Алтын тақта хандарым!

290. Атаңа тартып тумадың,

Беліңе садақ бумадың,

Не болды саған, балаларым?

Тумағыр, балам, тумадың,

Беліңе садақ бумадың,

Бес қатын кетіп, сен қалдың,

Атаңның жолын қумадың!

Жауыңды жауға алдырдың,

Дауыңды дауға алдырдың,

Жүзіңе қара салдырдың.

300. Әкеңнің жауын жаулаған

Бес қатынға алдырдың.

Кешегі әкең барында

Мынау Қабан құлақ қара атты

Мінуші еді салдыртып,

Жүруші еді жардырып,

Бетіме неге қарасйсың,

Жүзіңе қара шалдырып,

Әкеңнің жауын жаулаған

Бес қатынға алдыртып?

310. Айналайын Қарасай,

Мен саған жерік болғанда,

Аюдың етін жегіздің,

Жолбарыстың сүтін ішкіздің.

Екпініңнің қаттысы-ай,

Белден қарға аунаттың,

Онда да қоңыр күздей болмады,

Онда да мейірім қанбады.

Сөйтіп туған сен едің,

Сенің анаң мен едім.

320. Мен саған жерік болғанда,

Сегіз жылан жеп едім,

Сөйтіп туған сен едің,

Кешегі әкең Орақ өлгенде,

«Орнын басар ма екен»? – деп едім.

Балаларын қайрайды

Қарасайдың анасы-ай.

Қайырып жауап айтады

Анасына баласы-ай:

– Алшы, Исмайыл, Тобаяқ

330. Атам Орақ барында

Жүруші еді таласа-ай,

Бес қатын жауға жете алмас,

Жетсе де, қайрат ете алмас.

Тербетпе өлген әкем сүйегін.

Қайрай берсең, шешеке-ау,

Оған да бармай, тек жатпас.

Жауға бармай, тек жатпан.

Жауға бармай, тек жатсам,

Қарасай атым құрысын!

340. Ер Орақтың ұлы едім,

Осы еді менің туысым.

Қарасай жап-жас баладай,

Бала да болса, данадай,

Қолына құрық алады-ай,

Жылқыға жүгіріп барады-ай.

«Атамның антты досы», – деп

Қабан құлақ қара аттың

Мойнына құрық салады-ай.

Сонда Қара ат ат сөйлейді.

350. Сөйлегенде, не дейді?

– Айналайын Қарасай.

Асылың нұрдан жараған,

Ер Орақтың баласы-ай.

Мені мінбе, Қарасай.

Неге десең, Қарасай.

Жау ішінде қаласың,

Мені мінсең, Қарасай.

Кешегі Орақ кеткен соң,

Аузым сүтке тиген жоқ,

360. Арқам үйге кірген жоқ,

Жалшылар мінді жайдақтап,

Қойшылар мінді ойнақтап,

Мойнымда жалым жоқ,

Бұра тартар әлім жоқ.

Өзіңдей ерлер мінген жоқ,

Қадірімді ешкім білген жоқ.

Мен кешегі Орақ барында

Құлында емдім, тайда емдім,

Құнанымда арда емдім.

370. Дөненімде үйретті,

Мойныма арқан сүйретті.

Бес жасыма келгенде,

«Белін түзеп алсын”, – деп,

Онда да Орақ мінген жоқ.

Алты жасқа келгенде,

“Азу тісін жарсын”, – деп,

Онда да Орақ мінген жоқ.

Жеті жасқа келгенде,

“Аршынын түзеп алсын, – деп, –

380. Мүшесін сыртқа салсын”, – деп,

Онда да Орақ мінген жоқ.

Сеніз жасқа келгенде,

“Серке санды болсын, – деп, –

Олқы жері толсын”, – деп,

Онда да Орақ мінген жоқ.

Тоғыз жасқа келгенде,

Сонда мені үйретті,

Мойныма жібектен арқан сүйретті,

Бауырымнан жаратты,

390. Маңдайымды жауға қаратты.

Тұяқтан ұшқан тозаңды

Жауған қардай боратты.

Желпілдетіп ту алды.

«Ат болды», – деп, қуанды.

Не сұрайсың, Қарасай?!

Күндердің күні болғанда,

Көлдей тасқан көкірек

Қайғыменен суалды!

Кешегі әкең – Орақ мінгенде,

400. Алдымнан қара кетпеді,

Артымнан кара жетпеді.

Әкең – Орақ өлерде,

Аманат жанын берерде:

«Қожа, молда жинатып,

Дуа берме», – деп пе еді?

Айналайын, Қарасай,

Енді мені сойсайшы,

Қара етіме тойсайшы.

Әкең – Орақ жазғанға

410. Жалғыз ат та көп пе еді?

Айналайын, Қарасай,

Бұ сөзіме қансайшы,

Тілімді менің алсайшы,

Енді мені сойсайшы,

Басыма жалау байла да,

Орақпен бастас қойсайшы.

Қарасай Қабан құлақ қара атты сояды, әкесіне дуа береді, сонан соң жауға мінуге ат іздейді. Сол заманда қартайып, от басындағы құмалақты көсеумен қуалап отырған Ноғайлының Көкше деген батыры бар екен. Қарасай Көкшеден Көкбұйра атты саудалайды. Көкше: «Атымды бір қызға беремін»,– дейді. «Жаудан әкеліп төрт қыз берейін»,– дейді Қарасай. «Жаудан түскен қыздың керегі жоқ. Алсаң, Орақтан қалған қарындасың – Қибатты беріп, ал»,– дейді Көкше. Атты ала алмай, қайтып келіп, Қарасай шешесімен ақылдасады. Сонда шешесі айтады:

«Атқа барып мін», – деді, –

Олай-бұлай жел, – деді, –

Ат жүрісін көр, – деді, –

420. Ат көңліңе жараса,

«Жалғыз қызым – Қибатты

Жалғыз атқа берем», – деп,

Айналайын Қарасай,

Налыма оған сен, – деді. –

Айналайын, Қарасай,

Асылың нұрдан жараған

Аруақты ердің баласы-ай,

Жараған атты алмасаң,

Жауға таман бармасаң,

430. Сыртымыздағы дұшпанның

Бізге де кепті табасы-ай.

Қибат түгіл, мені сат,

Ат көңліңе жараса-ай».

Олай-бұлай шабады,

Ат жүрісін қарады.

Ат жүрісін көрген соң,

Ат көңліне жарады.

Жараған соң көңліне,

«Қарындасы – Қибатты

440. Беремін», – деп алады.

Үстіне тоқым салған соң,

Арқасы кетті жазылып,

Жоны кетті қазылып,

Басын тартса, ырғиды,

Мініп алса, қарғиды.

«Мінер атым – осы, – деп, –

Тәңірінің берген досы», – деп,

Көкбұйра атқа ер салды,

Ермен бірге жем салды,

450. Арқандап қойса, Көкбұйра ат

Бұзантаудың басында

Өз өзіне зең салды.

Енді Қарасай жауға кетпекші болады. Аттанарда Қарасайға қарындасы – Қибат келеді.

Ер-тоқымын салған соң,

Ат үстіне мінген соң,

Шын кетерін білген соң,

Талағы түскір қыз Қибат

Сонда тұрып толғайды.

Толғағанда, не дейді?

– Айналайын, Қареке,

460. Не қылғаның, ағеке?

Өгей аға сен бе едің?

Қарындасың өгей мен бе едім?

Мен сенің бүйтеріңді білмедім!

Бүйтеріңді білгенде,

Кешегі кеткен әкеммен

Бастасып неге өлмедім?

Кешегі әкем кеткен соң,

Кемшілік басқа жеткен соң,

Жалғыз тайға саттың ба?

470. Атым әйел демесең,

Мен екеуіңнен кем бе едім?

Әкелі қыз азар ма,

Күлтелі көйлек тозар ма?

Мен кешегі әкем барында

«Белім сұлу болсын», – деп,

Бешбетпенен қынағам,

«Шашым майда болсын», – деп

Сары маймен сылағам.

Ойбай, әке, тұрсайшы,

480. Қибатың мұнда жылаған!

Ішімде шемен көп жатыр,

Әкем салған жол жатыр?

Ойбай, әке, тұрсайшы,

Екі бөрің жеп жатыр.

Мініп алдым қараға,

Қарамен шаптым далаға.

Ойбай, әке, тұрсайшы,

Екі бөрің талады!

Жетім құлын емеген,

490. Қулық бие тебеген.

Оймауыттан ел көшсе,

Қос ордасы сол күнде

Алпыс нармен жөнелген.

Кешегі әкем өлерде,

Аманат жанын берерде,

Ұмыттың ба, ағеке,

Сонда саған не деген?!

Қарындасы бұлай деген соң, Қарасай аттан түседі де, атты тастай беріп, жауға қарай жаяу жүре береді. Сонда Қибат шыдай алмай, Қарасайдың артынан келіп, атты беріп, сөйлейді:

– Айналайын, Қареке,

Не қылғаның, ағеке!

500. Өгей аға сен бе едің?

Қарындасың өгей мен бе едім?

Сен томсарып кетпе, күліп кет,

Қалаған атың мініп кет.

Мен қыз да болсам, ұлдаймын,

Қадірімді біліп кет.

Айналайын Қареке!

Мен бір бата берейін,

Қолыңды жай, ағеке!

Әуелі Құдай оңдасын!

510. Табаның тастан таймасын!

Маңдайың жаудан аумасын!

Күндердің күні болғанда,

Жалғыз тайға сатқаның

Тек байлаулы басым болмасын.

Қарадан боздар өтер ме,

Қайрылмай дәурен кетер ме!

Күндердің күні болғанда,

Абысын-ажын бар болып,

«Жалғыз тайға келдің»! – деп,

520. Бетіме салық етер ме!

Бетіме салық еткен күн,

Айтып, бір сөзім өтер ме,

Есімнен менің кетер ме?!

Шешелерімен, туғандарымен амандасып, Көкбұйра атқа мініп, Қарасай кеткен қолды қуып, жауға қарай жөнеледі. Жолшыбай Қарасай Көкбұйра атқа бір сөз дейді:

– Айналайын, Көкбұйра ат,

Сен де шықтың бұл жерге,

Мен де шықтым бұл жерге.

Елден шыққан екеуіміз

Аман-есен Құдайым,

Қосқай еді үйірге.

530. Айналайын, қызыл ат,

Жал – құйрығың ұзын ат,

Қибатқа алып мінген соң,

Кісінікі емес, біздің ат.

Айналайын, Көкбұйра ат,

Шамаң келсе, жылдамдат!

Көкбұйра ат сонда сөйлейді,

Сөйлегенде, бүй дейді:

– Айналайын Қарасай,

Мінген атың мен болсам,

540. Менің ием сен болсаң,

Мені Қибатқа алып не етесің,

Бір тұлпардан кем болсам?!

Бірінші күдер асады,

Аспанға тозаң шашады.

Екінші күдер асқанда,

Бұйраның бауыры сөгілді.

Үшінші күдер асқанда,

Қолтық еті бөлінді.

Төртінші күдер асқанда,

550. Аш қабыландай бүгілді.

Бесінші күдер асқанда,

Көрген адам түңілді.

Алтыншы күдер асқанда,

Теңгеліктің терең суының

Ортасына кез келді.

Екпініне шыдамай,

Су арнадан қашады,

Қарасай жаман сасады.

Жетінші күдер асқанда,

560. Көзі кетті қызарып,

Тілі кетті қызарып,

Аш қарсақтай бұлтарып,

Ор қояндай жалтарып,

Қырық күн бұрын кеткен әскердің

Соңынан қуып жетеді.

Алшы, Исмайыл, Тобаяқ,

Қарабатыр, Тілеке –

Бұларға сәлем етеді.

«Алшы Исмайыл, Тобаяқ,

570. Қарабатыр, Тілеке,

Қарамай кеттің сен, бәлем!

Артыңнан келдім мен – бала.

Оймауыттың ойында,

Қызылкөлдің бойында

Атам Орақ барында

Атысып қалған тасы бар,

Бәстесіп қалған бәсі бар,

Сол тасқа барып,

Атысалық, кел, бәлем».

580. Алшы, Исмайыл Тобаяқ,

Қарабатыр, Тілеке

Қарасайға ереді,

Құрсап жатқан көп қолды

Ертіп тасқа келеді.

Қарабатыр, Тілеке,

Алшы, Исмайыл, Тобаяқ

Тасты, барып, атады.

Шақыр-шұқыр етеді.

Оғы қайта шығып кетеді.

590. Қарасай барып атқанда,

Қаһарланып тартқанда,

Үй орнындай қара тас

Қақ жарылып кетеді.

Алшы, Исмайыл, Тобаяқ,

Қарабатыр, Тілеке

Баланың көріп қайратын,

Өзінен өзі қорынды,

Қайратынан жерінді.

Қарап тұрса, аттанған

600. Қалмақтың қолы көрінеді.

Қалмақтың қолын көрген соң,

Көп екенін білген соң,

Қайтуға беті берілді.

Жаудан қорқып, Алшы, Исмайыл, Тобаяқ, Қарабатыр, Тілеке еліне қайтпақшы болады. Өздерінің қайтқанымен тұрмай, Қарасайға да: «Қайт», – дейді.

«Ау, ағалар, ағалар!

Мен сөйлейін, сөз тыңда,

Зейінің қойып тез тыңда.

Пұттаған үнем болмайды,

Пұтқа қазан толмайды.

Қаһары қайтса, хан оңбайды.

610. Қияқты күміс найзаны

Сілтеп жауға салалы,

Қаптап жауға баралы.

Алаштап ұран салалы.

Не қылар дейсің жау шіркін?

Баса шауып алалы,

Қайтпаңыз, көп, қайтпаңыз,

Қалмаққа анау баралы»

«Қайтпаңыз»! – деп көп қолға,

Қарасай тағы толғайды.

620. «Ау, ағалар, ағалар!

Мен сөйлейін, сөз тыңда,

Зейінің қойып, тез тыңда.

«Астымдағы Көкбұйра ат

Қара асым менің болсын», – деп,

Қибатқа алып мінгенмін.

«Үстімдегі ақ сауыт

Кебінім менің болсын», – деп,

Үстіме алып кигенмін.

«Солқылдаған ақ найза

630. Басыма сайғақ болсын», – деп,

Оң қарыма ілгенмін.

Мен атамнан туған күн,

Алшайып атқа мінген соң,

Ер тілегін әрқайда

Бір Жасаған оңдайды,

Қожа Бәуеден қолдайды,

Қайтпаңыз, көп, қайтпаңыз, –

Деп Қарасай толғайды. –

Өлерімді білгенмін.

640. Не қылғаным, қайтқаным?

Жанды құрбанға айтқанмын!

Қайтпаңыз көп, қайтпаңыз,

Атыңның басын тартпаңыз.

Төсегіме төрт кісі,

Жастығыма бес кісі,

Қылышыма қырық кісі,

Найзамның ұшы – жүз кісі,

Мылтығыма мың кісі,

Садағыма сан кісі.

650. Қарабатыр, Тілеке,

Алшы, Исмайыл, Тобаяқ –

Бесеуіңіз – бес қатын,

Бесеу ара бір кісі.

Енді қалған не кісі?

Қайтпаңыз, көп, қайтпаңыз», –

Деп Қарасай толғайды,

Әрі де, бері де қозғайды.

«Қайтпаңыз»! – деп айтса да,

Оған әскер болмайды.

660. Аттанып келген көп әскер

Алды-артыңа қарамайды.

Қарасайдың сөзін тыңдамайды.

Алшы, Исмайыл, Тобаяқ, Қарабатыр, Тілеке көп қолмен қайтып кетеді.Қолдың ішінде Естерек ұлы ер Тарғын бар екен, қолдан бөлініп, Тарғын Қарасайдың қасында қалады. Сонда Қарасай Тарғынға сөйлейді:

– Әй, Тарғын-ау, әй,Тарғын!

Сөзімді тыңда, сен Тарғын.

Қырқадан қырқа көрінген

Қарағай ма екен, тал ма екен?

Қарағай басын қырқа ұшқан

Қаршыға ма екен, қаз ба екен?

Үйде туып, түзде өлген

670. Жігітте арман бар ма екен?

Қалмақтың қолын көрдің бе,

Көп пе екен бізден, аз ба екен?

Сонда Тарғын сөйлейді,

Сөйлегенде, бүй дейді:

– Қалмақтың қолын мен көрдім,

Екі мың да жүз кісі.

Бір жағыма қарасам,

Тағы да сондай бір кісі.

Қалмақтың қолы көп екен,

680. Көп те болса, шөп екен.

Аруақты ердің баласы,

Айнымай шапсаң, сендердің

Алуыңа дөп екен.

Айналайын Қарасай,

Сенің қосшың мен болсам,

Қалмақты шауып аласың,

Табаныңа саласың,

Атыңды атқа сатамын,

«Қарасай»! – деп атыңды атаған

690. Кешегі кеткен Орақтың

Тап өзінен кем болсаң.

Асу да асу бел еді,

Аса бір соққан жел еді.

Қарасай сынды жас бала

Жауға жалғыз келеді

Соңынан Тарғын ереді.

Әрі-бері жүрген соң,

Артынан шықты бір қара,

Қарасай мұны көреді,

700. Көріп, көңлін бөледі.

Қарсы алдына қараса,

Үйіндегі қалған інісі,

Он бес жасар Қази сол еді.

Ағасын қуған артынан

Қази сынды жас бала

Жазыла алмай келеді.

Омырауын таныған,

Ақ қолтық ат шабылған,

Шабысы желдей еседі,

710. Тұлпардың о да иесі еді.

Ағасына келіп жетеді,

Келіп сәлем етеді.

«Арманым жоқ, өлсем»! – деп,

Ағасымен тізгіндесіп кетеді.

Қарасай сонда сөйлейді,

Сөйлегенде, бүй дейді:

– Айналайын, Қазижан,

Оймауыттан ел көшер,

Азаматы тең көшер,

720. Неге келдің, сен Қази?

Жап-жас бала сен түгіл,

Алдалап әзер келем мен, Қази,

Қайт-сана, Қази, қайт-сана,

Атыңның басын тарт-сана!

Әулиеге ат айтып,

Құрбандыққа мені айт-сана.

Сонда Қази сөйлейді,

Сөйлегенде,бүй дейді:

– Айналайын, Қареке,

730. Не қылғаның, ағеке?

«Қайт»! – десең де, қайтпаймын.

Атымның басын тартпаймын.

Тәуекелсіз іс болмас,

Қорқуды жолдас етпеймін.

Қарадан боз да өтер ме,

Қайрылмай дәурен кетер ме?!

Осыдан елге мен барып,

Тоғыз қатын алсам да,

Тоқсан бала сүйсем де,

740. Ұяласым, жалғызым,

Екеуміздің бірігіп

Бір күн жүруімізге жетер ме?!

Қарасай сонда сөйлейді,

Сөйлегенде, бүй дейді:

– Айналайын, Қазижан,

Аспандағы жұлдызым,

Маңдайдағы құндызым,

Артыңда енді кім қалды,

Айналайын, жалғызым?

750. Жалғызым, сенен айрылсам,

Қуқыл тартар ақ жүзім.

Қайт-сана, Қази, қайт-сана!

Атыңның басын тарт-сана!

Құшақтатшы етіңнен,

Бір сүйдірші бетіңнен,

Әліде көріп өлемін,

Әліде көрмей өлемін,

Тәңрінің ісі тәуекел,

Мен тәуекелмен келемін.

Ағасы: «Қайт»! – деп қанша өтінсе де, Қази қайтпайды. Осылай сөйлеп келе жатқанда, бұлардың алдынан алты құлаш ала атпен қалмақтың қарауыл қараған Бөрі хан деген әрі батыр, әрі ханы шығады. Бөрі хан сөйлейді:

760. – Қарауыл келіп қарасам,

Қара айдарым тарасам,

Қарайып келіп күн батты,

Сарғайып келіп таң атты,

Қызара келіп күн шықты.

Күн астына қарасам,

Будуақ-будақ шаң шықты.

Шаң астына қарасам,

Жасыл ала ту шықты,

Ат кейпіне қарасам,

770. Түсі қашып, түн қатқан,

Ер кейпіне қарасам,

Асық ойнап, доп атқан,

Ертеңменен шешесі

Ұйқыдан әзер оятқан,

«Дана», – десем, баласың.

Екі бірдей жас бала

Не бұйымға жарарсың?

Қайда кетіп барасың?

Кеудем – темір, бөксем тас,

780. Мені не қып аласың?

Қайт-сана, батыр, қайт-сана!

Атақсыз өліп қаларсың.

Аты – жөніңді айт-сана.

«Қайт»! – десем де, қайтпайды,

Атының басын тартпайды.

Кеудем – темір, бөксем – тас,

Атсаң, оғың өтпейді,

Маған әлің жетпейді.

Қарасай сонда сөйлейді,

790. Сөйлегенде, бүй дейді:

– Атаңа нәлет, айдын хан,

Мен сендей, жапанда тұрып, даурықпан.

Алда Тағала демесе,

Біздерді Алда жебесе,

Сыртыңнан тіліп аларға

Тұрмын бір киімге баулық, хан.

Қара өгіздей даусың зор,

Кеудең – темір, бөксең – тас,

Тас болса да, маған бор.

800. Қызығымды бүгін көр,

Көрген жерден кері шалып,

Түртті ме сені, бәлем, сор?!

Әй, кәуір-ай, әй,кәуір,

Сөзімді тыңда, сен кәуір,

Мен хас асылдан боламын,

Күркіресем, күндей борадым,

Күлсем, жаймашуақ болармын.

Мен бурылша аттан мықтымын,

Бұғалық салсаң, үзермін.

810. Мен буыршыннан мықтымын,

Мұзға салсаң, мұңайман.

Мен толарсақтан қисықпын,

Тезге салсаң, түзелмен.

Мен – ашылмас қара тұманмын,

Көлденең жатқан қара шұбар жыланмын.

Атым – Қара туыппын,

Сабындап жусаң, ағарман.

Мен – қонаға шыққан бұлтпын,

Келе бір жаумай, ашылман.

820. Мың болмақ түгіл, сан бол,

Бір соғыспай, басылман.

Асылымды сұрасаң,

Мен қан жұқпайтын

Қара алмастан асылмын.

Мен беліме садақ асынған,

Біріндеп жауды қашырған,

Қарсыласқан дұшпанға

Найзағайдай жасылмын.

Кеудеден кетер жан үшін,

830. Жерге тамар қан үшін,

Атамның атын жасырман.

Мен, мен-дүрмін, мен-дүрмін,

Мен де өзіңдей кен – дүрмін,

Мен өзіңнен де ер-дүрмін,

Атыссаң да, жеңдірмен.

Хан Мұсадан жүлде алған,

Ағасы – би Мамайдан үлгі алған,

Түрікпеннен, барып, мал тапқан,

Қапелімде сөз тапқан,

840. Аждаһаның тынысын

Қолын салып барлаған,

Тұлпар мініп, ту алған,

Туын қанға суарған,

Туғаннан туға таласқан,

Дулығалы басты көп кескен,

Мен – айдынды ер Орақтың ұлымын,

Жаратқан бір Тәңрінің құлымын.

Мен тура қарап тұрармын,

Бір оғыңды салып ал,

850. Етімнің болат жасығын,

Сынап та, қалмақ, танып ал.

Асу да, асу бел еді,

Аса бір соққан жел еді.

«Жасы үлкен ағам, – деп,

Ақ сақалды бабам», –деп,

Әлгі келген қалмаққа

Қарасай кезек береді.

Атаңа нәлет ит қалмақ

Қорамсаққа қол салды,

860. Бір салғанда, мол салды.

Суырып оғын алады,

«Көкбұйра аттың басы, – деп, –

Алтынды ердің қасы, – деп, –

Қақ жүректің тұсы, – деп, –

Өлер жерің – осы», – деп,

Кірісінен өткізіп,

Масағына жеткізіп,

Толықсып тұрған Қарасайды

Толғап бір қалмақ ұрады.

870. Зырқырап оғы кетеді,

Қарасайға жетеді,

Шақыр да шұқыр етеді,

Қайта шығып кетеді.

Қарасай сонда сөйлейді,

Сөйлегенде, бүй дейді:

– Атаңа нәлет, Бөрі хан,

Атыссаң, келші бері, хан

Атар да жерің білмедің,

Көкбұйра аттың басына ат,

880. Қақ жүректің тұсына ат!

Сақалыңның ағы бар,

Ағалығың тағы бар,

Бір оғыңды тағы да ал,

Бір оғыңды тасқа жанып ал,

Қапыда қалсаң, ит шіркін,

Оғыңды тағы салып ал.

Бір атпады, екі атты,

Табанға қойып, ширатты.

Зырқырап оғы кетеді,

890. Қарасайға жетеді,

Шақыр да шұқыр етеді,

Қайта шығып кетеді.

Қарасай сынды жас бала:

«Алда»! – деді, ақырды,

Аруағын шақырды.

«Уылжыған етімді

Ит әуре оғың етеді.

Атаңа нәлет, ит қалмақ,

Қатты бір тартсаң, не етеді?

900. Етімді бір кеттің сыздырмай,

Аруағымды кеттің қоздырмай!

Алты атқа алған адырна,

Ата алмасам, маған серт!

Атқанымда ұсынып,

Өте алмасаң, саған серт!

Шым жібектен ескен кірісі,

Үзіліп кетсең, саған серт!

Кебеже қарын, кең құрсақ,

Қой мойынды, қоян жақ,

910. Ұмтыла басқан Көкбұйра ат,

Шіренгенде, шыдамай,

Жығылып кетсең, саған серт!

Тигізбесем, маған серт»!

Атайын деп Қарасай,

Көтеріп оғын алғанда,

Сонда Қази сөйлейді:

– Айналайын, Қареке,

Не қылғаның, ағеке?

«Қал»! – десең де, қалмадым,

920. Бағана-ақ тіліңді алмадым,

Артыңда тұрып, бармадым.

Жау қызық екен, аңдадым.

Менен батыр сен емес,

Сенен де кем мен емес.

Тоқтатпайды сұм жүрек,

Артыңда жүрер ер емес.

Артыңнан келген Қазиға

Кезегіңді бермеген –

Сенің де мұның жол емес.

930. Қарасай сонда сөйлейді:

– Айналайын, Қазижан,

Жас түлеген көрінесің

Менің-дағы көзіме-ай.

Өлмесең, сен де жетерсің

Осындай жаудың кезіне-ай.

Осы жауды шабайын,

Берсейші менің өзіме-ай!

Сонда Қази сөйлейді:

– Айналайын Қареке,

940. Не қылғаның, ағеке?

«Қал»! – десең де, қалмадым,

Бағана-ақ тіліңді алмадым.

Өгей аға сен бе едің,

Інің де өгей мен бе едім?

Мен сенің бүйтеріңді білмедім.

Бүйтеріңді білгенде,

Үйде жатып, неге өлмедім?

Алдымды барлап, ұрысып,

Қызығымды көрмедің.

950. Айналайын Қареке,

Не қылғаның, ағеке?

Бір тілеген тілегін

Ініңнің де бермедің.

– Жемісін таудың терейін,

Ат құйрығын өрейін.

Олай болса, қарағым,

Кезегімді берейін.

Айналайын, ат, – деді, –

Айнымай тұрып, – тарт, – деді.

960. Қази сонда қозғалды,

Қозы жауырын қолға алды,

Атайын деп оңдалды.

Сыбанады білегін,

Тоқтатады жүрегін,

Суырып келіп алады

Атасының бір оғын.

«Алаша аттың басы, – деп, –

Қалмақ ердің қасы, – деп, –

Қақ жүректің тұсы, – деп, –

970. Өлер жерің – осы», – деп,

Толықсып тұрған қалмақты

Толғап Қази ұрады.

Екі атпады, бір атты,

Табанға салып, ширатты,

Бөрі хандай ханыңды

Алты құлаш ала аттан

Он бес жасар Қази құлатты.

Осылай сөйлесіп тұрған уақытта қалмақтың көп қолы келіп қалған екен. Бөрі ханның жығылғанын көрген соң көп қалмақ бұларға жабыла қоя берді.

Толып жатқан көп қалмақ,

Атына үбішін жабады,

980. Әрі де бері кеңесіп,

Ақыл-айла табады.

Қарасай, Қази, Ер Тарғын

Жерінде тұрған қамады.

Қамағанын көрген соң,

Қарасай мінген Көкбұйра ат

Шап айылын босатты,

Құйысқанын қысқартты,

Қаһарланып, қамшыменен үш тартты.

Келді қалмақ, қаптады.

990. Қаптады да, батпады.

Аруақты ердің баласын

Бір Құдайым сақтады.

Жау таянып келген соң,

Үшеуі жауға шабады.

Ай бетінен кіреді,

Күн бетінен шығады.

Екі-үш күн айқай салады,

Қарасай, Қази – жас бала,

Ұйқыдан шаршап құлады.

1000. Беті-қолын жуады,

Белін қынай буады,

Аюдай ақырған Орақтың,

Күндей күркіреген шырақтың

Көріне жетіп келеді.

“Аюдай ақырған Орағым,

Күндей күркіреген шырағым,

Аруағың болса, тұр, – деді, –

Балаңа туған бар, – деді, –

Аман-есен балаңды

1010. Өз қолыңа ал, – деді. –

Екі бірдей жас қарғаң

Ауру-сауын біл”, – деді.

Аюдай ақырған Орақтың,

Күндей қүркіреген шырақтың

Аруағы көрден шығады,

“Атаңа нәлет ит қатын,

Екеуі неге кетті? – деп, –

Екеуінің біреуін

Жібермесең не етті?” – деп.

1020. Асу да асу бел еді,

Аса бір соққан жел еді.

“Ә”, – дегенше болмады,

Жауға жетіп келеді.

Балаға екі: “Тұр! – деді, –

Аттарыңа мін!” – деді.

Ұйқыдан түсіп қалғанын

Сонадан соқыр біледі,

Біледі де, жылады,

“Не қылғаның жауда жатқаның?

1030. Мен біліп келдім сендердің

Сілелерің қатқанын,

Жауға қарай шапқаның”.

Шабумен келіп кіреді.

Ай бетінен кіреді,

Күн бетінен шығады,

Екі – үш күн айқай салады,

Қарасай, Қази, Ер Тарғын

Қалмақты жаулап алады,

Табанына салады.

Әңгімесін айтады,

1031. Еліне аман қайтады.

Батырлар жыры, батырлар туралы жыр, батырлар жыры сценарий, батырлар жыры шығарма, батырлар жыры тақырыбы идеясы, батырлар жыры қобыланды батыр, рухани жаңғыру батырлар жыры сценарий, батырлар жыры үзінді, батырлар жыры жоспар, батырлар жыры сабақ жоспары, алашұлы батырлар жыры, қазақ батырлар жыры,

0

Publication author

offline 14 мин

qazbrand

0
Comments: 0Publics: 1182Registration: 20-11-2017