Батырлар жыры: ЕДІГЕ

Тоқтамыс деген хан болған, өзі қаһарлықты хан еді. Оның Қуқанат деген жақсы құсы бар еді. Оны жеті кісі бағып аңдушы еді. Біреу сол құсқа жем берсе, артынан тағы біреуі аңдушы еді – “бір жамандық істемесін” деп. Сөйтіп, жеті кісі бірін-бірі аңдушы еді.

Алдыңғы жем беріп жүрген біреу өліп қалды, сосын оның орнына Тоқтамыс хан: “Осы ноғайдың ішінен біреуді тауып беріңдер, – деп бұйрық берді. – Өзі құсымды жем беріп, жақсы бағатын кісі болсын”! – деді.

Үш жаққа үш адам жіберді, біреуі де тауып келе алмады.

Тоқтамыс хан: “Енді ноғайда адам жоқ па?” – дегенде, біреуі тұрып айтты: “Бір адам бар еді, оған айтуға бетіміз шыдамады”, – деді. “Кім?” – дегенде, “Құттықия деген бір бала бар, өзі жапанда жалғыз отыр, өзінің жалғыз қарасы жоқ. Өзі хан баласы болған соң, оған:

“Сен құс бағасың ба?” деп айтуға бетіміз шыдамады”, – деді. Сонда Тоқтамыс хан: “Бар айтыңдар”, – дегесін келіп, Құттықияға айтқанда, Құттықия айтты: “Менің жалғыздығым мен жарлылығым ғой, “құс бақ!” дегендерің. Шара жоқ, халім келгенше бағармын, артыңнан көшіп барармын”, – деді. Сонда Тоқтамыс ханның жіберген кісілері: “Құттықия осылай деп айтады”, – деп айтып келді. Тоқтамыс хан айтты:” Қанша “болса да, хан баласы еді ғой, шарбақты тазалаңыз, сонда келіп қонсын, – деді. Тоқтамыс хан ол құсты далаға терекке отырғызып, келіп оның басын ұялатып, жұмыртқалататын еді. Құттықия көшті де, тап сол теректің қасына қонып отырды, ханның шарбағына қонбады. Сонда Сәтемір деген бір қалмақ бар еді, ол Құттықияның әкесі Парпариямен дос еді. Құттықия Қуқанаттың қасына келіп отырғасын, Сәтемір оны естіп, Құттықияға бір кемпір жібереді: “Бір балапанын маған беріп жіберсін”, – деді. Құттықия оны адамға көрсетпеді келіп, беріп жіберер үшін. Құсқа жем берейін деп шыққанда, қасындағы басқа бағушылар үстін қарап жіберетін еді, бір жамандық істемесін деп. Басындағы телпегінің төбесіне бір тауықтың жұмыртқасын салып барып, оны ауыстырып алып келіп, кемпірге: “Жасырын Сәтемірге бер”, – деп, жібереді. Телпекің төбесі содан шұқыр болып қалған деді. Бір күндері Тоқта ханның әр елге жіберіп тұратын жансыздары бар еді, сонда Сәтемір ханның еліне барған бір жансыз Сәтемірдің үйінде Құқанатты көріп келіп, Тоқтамысқа айтады: “Мен Сәтемірдің үйінде Қуқанат кұс көрдім”, – деді. Сонда Тоқтамыс “Алда, қан жауғыр-ай, Сәтемір хан Парпарияның досы еді, оны мына Құттықия беріп жіберген екен ғой. Бар, Құттықияны мұнда шақырыңыз”, – деді.

Токтамыс ханның алмасы өзі отырған төсегінің астында тұрады екен. Сонда, Құттықия үйге кірісімен, еш нәрсе айтпастан, басын кесіп тастаған. Сосын Құттықияның үйіне кісі жіберген: “Бар, тез біліп келіңіз, үйінде қатыны буаз ба екен”, – деп. Барған кісілер айтып келді “Қатыны буаз екен”, – деп. Сосын Тоқтамыс екі кісіні қарауылға қойды: “Баласы түскен кезде, ұл, қыз демей, осында алып келіңіз,” – деп.

Бұл екі кісі: “Қатын қашан туар екен?” – деп, бағып жүрді. Сонда сол үйдің қасындағы бір үйде той болып жатыр еді. Сол той болған үйдің қара ала қаншығы буаз екен. Сонда Құттықияның қатыны толғатқанда, бағып жүрген екі кісі ана үйде тойда отырғанда, Құттықияның қатыны баласын тауып, бір адамнан, “Жылқыбайдың үйінің сыртына апарып таста”, – деп, беріп жіберіп, өзі көршідегі той болып жатқан үйдің қара ала қаншығының күшігін әкеліп, астына сала салды. Оны ана бағып жүрген екі адам білмей қалады.

Сосын қатынның қасындағы күшік баласын Тоқтамыс ханға әкеліп береді. Тоқтамыс: “Құдайдың құдіреті”, – деді де, отыра берді.

Бір күні Жылқыбай далаға шықса, сыртта бір бала жылап жатыр екен. Оны үйге әкеліп қараса, ұл бала екен. Қатынына айтты: “Осы баланы емізіп, өз балаңмен бірге бақ. Бұны Құдай берді, бұл – елден келген бала, сол үшін оның атын Едіге қоялық”, – деді.

Тоқтамыс ханның ел қыдырып жүретін жансызы бар еді, бір күні сол далада ойнап жүрген Едігені көріп, Тоқтамысқа хабар етеді: “Мен Жылқыбайдың үйінде бір бала көрдім. Асылы Жылқыбайдың тұқымына біткен бала емес, жауырыны қақпақтай, шекесі шоқпақтай, мойны құрықтай, көзі жанған оттай жайнаған”. Сонда Тоқтамыс айтты: “Бар, Жылқыбайдың ол баласын мұнда алып кел”! – деп.

Жылқыбайдың баласын алуға кісі келгенде, қатынына Жылқыбай сөйлей бастайды:

– Жас он бесте қосылған,

Қынадай белім шешілген.

Ибалықпен сөйлеп сөз,

Наздықпенен көсілген.

“Баласын алып келсін”, – деп

Тоқтамыс хабар етіпті,

Ол тілеуі кесілген.

Тілімді алсаң, бәйбіше,

Хан баласы – Едіге.

10. Едігені бермейік,

Мұның бетін көрмейік.

Біздің бала не қылар?

Тек жинаған малға ие болар.

Тірі болса Едіге,

Дұспаннан басып кек алар.

Едігеден айрылсақ,

Хан тұқымы жоғалар,

Тілімді алсаң, алғаным,

Едігені алып қалып,

20. Өз баламызды берейік.

Сонда бәйбіше мұңайды,

“Өлімге кетеді, – дегесін,

Жалғыз туған баласы” –

Жыламай қалай шыдайды.

– Асыл бірдей алғаным,

Дүниенің білдім жалғанын.

Тоқтамыстай зұлымның

Басқа қайғы салғанын.

“Беремін” десең, бер, – деді,

30. Қайғыруға бола ма?

Жорға таңдап міндірші,

Торқа таңдап кидірші,

Мен мауқымды басайын,

Бір сағат маған сүйдірші,

Тоқтамыстай зұлымға

Барса, бала келу жоқ,

Енді тірі көру жоқ.

Өксіп-өксіп жылайды,

Жыламай, қалай шыдайды?

40. Басайын деп бұл мауқын,

Бір сағат тұрып сүйеді.

Омырауын кемпір ашады,

“Жүрегім менің күйді”, – деп,

Бауырына басады.

Бетінен сүйіп егіліп,

Көзінің жасы төгіліп,

Кемпір сорлы бұл қалды.

Бала мінді атына.

Баласын ертіп қасына,

50. Тоқтамыс ханның үйіне

Жылқыбай келіп кіреді.

Суырып алды Тоқтамыс

Төсекте жатқан алмасты.

Сермей қалды басын-ай,

Басы түсті кесіліп,

Жылқыбайдың қасына-ай.

Етегіне бұл салып,

Баласының басын-ай,

Төге берді Жылқыбай

60. Көзінің аққан жасын-ай.

Сонда тұрып Жылқыбай,

Тоқтамысқа сөйледі:

“Ай, Тоқтамыс, Тоқтамыс,

Құдай алсын басыңды,

Қысқартсын сенің жасыңды,

Иесіз ордаң бұл қалсын,

Қатының мен балаңыз –

Екеуі де тұл қалсын!

Иесіз қалсын қалаңыз,

70. Мендей болып зар еңіреп,

Сақалың жуып жылаңыз”.

Сонда Жылқыбай баласын құшақтап алып, жылаумен шығып кетеді.

Құшақтаумен баласын

Жылқыбай үйіне кетеді.

Атқа да мінбей уайыммен,

Жаяу жүріп кетеді.

Қатыны келді қасына-ай,

Көзінің төгіп жасын-ай.

Ұстап тұрды Жылқыбай,

Жерге қоймай басын-ай.

80. Сонда кемпір сөйледі,

Сөйлегенде, не деді?

– Ай, Жылқыбай, Жылқыбай,

Ақылың болса, жылама,

Жылағанмен, бола ма?

Өлген адам тұра ма,

Тоқтамыс дегеніңді қыла ма?

Қаншама жылап айтсаң да,

Тірілмейді, өлгесін,

Тоқтамыс неге тірі жіберсін,

90. Белгілі жауын көргесін?

Өлгеніңе қайғы етпе,

Ол қайғыдан пайда жоқ,

Өлімге қылар айла жоқ.

Жалғызы өліп зарлаған

Біздей сорлы қайда жоқ?

Қанша айтса да, келмейді,

Енді қайтып бала да.

Еш жас алма көзіңе,

Жылама босқа балаға.

100. Өзің алып барғасын,

Өлтірсін деп, бәлеге.

Тәуекел ет те, көре бер,

Ісіне Ақтың көне бер.

Жалғыз туған балаңды

Қонысына қондыр да,

Тәуекел етіп жүре бер.

Жылқыбай көзі көреді,

Жалғыз туған баланы

Ақырда жерге көмеді.

110. Қайтып елге келгесін,

Ұйқысын шала қылмасқа

Едігені бағады.

– Айналайын, Едіге,

Қарағым, көтер басыңды,

Тұрып-ай, ішші асыңды.

Қашан тыям, қарағым,

Көзімнен аққан жасымды?

Бұл ордада кім қалды?

Жасы жетіп қуарған

120. Мен секілді шал қалды.

Мынадай бір пәле тап болып,

Қарағым, тұршы, Едіге.

Мен отырмын қасыңда.

Асыл туған ер, – деді,

Иесіз дәулет бұл қалды,

Адыра болып ақ орда,

Иесіз болып, тұл қалды.

Бұл орданың ішінде

Екі қу бас бұл қалды.

130. Ие болып кім қалар

Иесіз қалған қараға?

Сонда Едіге тұрып, Жылқыбайдың қолынан ұстап алып жүре берді, “Ата, бері жүрші”, – деп. Шығып алғасын далаға:

– Ата, сіз: “Малым иесіз қалады”, – дейсіз. Мен сенен туған бала емес пе едім? Мен тірі тұрғанда, неге иесіз қалады дейсіз? Сонда Жылқыбай тұрып толғады:

– Арғы атанды айтайын:

Ала тайлы Аңшыбай.

Аңшыбайдың екі қатыны –

Артық еді ақылы.

Ол да жалғыз өскен жан еді,

Жоқ еді туған жақыны.

Екі әйелден, қарағым,

Екі бала бұл туды.

140. Баба түкті шашты Әзіз,

Екі бірдей ұл туды.

Біреуінен бала жоқ,

Біреуінен туғаны –

Парпария деген ұл болды.

Парпариядан, қарағым,

Құттықия деген бұл туды.

Ол Құттықияны қарасаң,

Жарлы болып бұл кедей,

Хандығынан айрылып,

150. Отырып еді жалғыз үй.

Қуқанат еді баққаны.

Бақташысы өлгесін,

Қуқанаттың қасына

Қондырды Құттықия – әкеңді,

Сол уақытта сен өзің

Іште қалған бала едің.

Қуқанатты баққанда

Қалмақтың ханы Сәтемір

Жіберген екен бір кемпір.

160. Парпарияның досы еді.

“Баққаны болса Қуқанат,

Бір балапан берсін”, – деп,

Бұл кемпірді жіберді

Балапанды аларға.

Сонда жеті кісі бірін-бірі бағып жүруші еді. Сонда Құттықия төбесі шошақ телпектің астына бір тауықтың жұмыртқасын көрсетпей алып шығып, Қуқанаттың бір жұмыртқасын алып әлгі жеті кісіге көрсетпей, кемпірге беріп жібереді: “Сәтемірге апарып бер”, – деп. Сонда Тоқтамыс ханның бір жансызы бар еді. Сол ел аралап жүргенде Сәтемірдің үйіндегі Қуқанатты көріп, келіп Тоқтамысқа келіп айтады: “Мен Сәтемірдің үйінде Қуқанат көрдім”, – деп. Сосын Тоқтамыс: “Қап! Сәтемірдің досы еді Парпария. Оған Құттықия берген екен”, – деп, сол кезде Құттықияны шақыртып, басын кеседі. Сосын үйінде қалған буаз қатынына екі кісі қарауылға қойып: “Қыз туса да, ұл туса да алып кел”, – деп жібереді.

Сонда Құттықияиың қасындағы бір үйде той болады болады және сол той болып жатқан үйдің бір қара ала қаншығы да буаз екен. Әлгі қатынды бақтырып қойған екі қарауыл қасындағы үйдегі тойға кеткенде, қатын толғатады. Сонда әлгі қаншық та туады. Сонда қатын туа сала екі қарауылға көрсетпей, баласын бір адамға береді: “Соны Жылқыбайдың үйінің сыртына апарып тастаңдар”, – деп. Сосын өзі әлгі қара ала қаншықтың күшіктерін алып келіп, жатады. “Сонда сені даладан тауып алып, сені, даладан тауып алып, “Елден келді”, – деп, атыңды Едіге қойдық. Сені өз баламызбен бірге емізіп, асырадық.

Сосын бір күндері болғанда Тоқтамыстың жансызы далада асық ойнап жүргеніңді көріп, оны барып Тоқтамысқа айтып, сосын сені Тоқтамыс: “Алып келіңдер”, – деп, кісі жібереді. Сонда мен сені өлтіруге қимадым, хан баласы болған соң. “Хан тұқымы таусылар”, – деп, сыйладым. Оның орнына өзімнің жалғыз баламды бердім. Оны да Тоқтамыс хан өлтірді. Оның орнында қалған қазір сен, – деді.

“Ие болсын, – деп, – қараға”,

Тоқтамыстай залымнан

Сүйтіп қалдым пәлеге, – деді.

Сонда Едіге Жылқыбайға: “Баймын дейсің ғой, кәне, жылқыңды әкел, көрейін”, – деді.

Жылқысы жиналып келгенде. “Жылқың көп болғанымен, мұның ішінде мінетіні жоқ екен, – деді Едіге Жылқыбайға – Маған басқа жылқы тауып беріңіз”, – деді.

Сондағы бір жарлының бір шұбары бар екен “Екі жылқыға ауыстырам деп жүрген. Жылқыбай оны екі жылқы беріп алып, Едігеге береді. Едіге: “Осы жарайды”, – деп, мініп алады шұбарға.

Сол заманда Тоқтамыстың қырық нөкері бар еді. Күнде кешкі салқынмен аңға шығатын, аңнан келіп, күнде Тоқтамыстың бағына түсетін нөкерлер. Сонда Едіге де Тоқтамыстың қырық нөкерлерімен бірге аңда жүріп, олар қайтқанда, солармен бірге Тоқтамыстың бағына барып түседі екен. Ол қырық кісінің біреуі Аңғысын деген кісі еді, Едіге мен Аңғысын екеуі құшақтасып, қияметтік дос болады. Ханның нөкерлері, түс болғанда отырып, шарап ішетін еді. Бір күні Едігені Аңғысын: “Шарап ішейік”, – деп шақырды.

Едіге бармады:

“Ішіп жүрсіз ғой, іше беріңіз”, – деп.

Сонда қырық кісі шарап ішіп кеткесін, Тоқтамыс ханның қатыны қасына барып отырғанда, Едіге кіріп келіп: “Ассалаумағалейкүм”, – дегенде, Тоқтамыс селк етіп түсті. Сонсын қатыны үйіне барып, қара сиырды сауып, сүтін қатық қылып ұйытады. Бір тостағанға ұйытып, қатықтың үстіне қасық салады да, ішіне ұқсатып тұрып сиеді де: “Соңғы кеткен жігітке осы қатықты апарып бер”, – деді. Едіге қатықты алып, ішіндегі қасығымен төртке бөліп, қақ ортасынан ішеді. Ішіп болған соң: “Мына аяқты иесіне апарып бер”, – деп, қатықты апарған кісіге береді. “Қатығы тәтті, иісі ескі” деп апарып бер”, – деді. Сонда қатын ойлады: “Алда, қан жауғыр-ай! “Менен үлкен болып кетті, маған тең емес” дегені ғой, жаңағы қатықты төртке бөлгені: “Еліңнің мына жағынан кіріп, мына жағынан шығам”, – дегені екен. Ортасын ойып ішкені: “Ордаңды бұзып алам”, – дегені екен.

Сосын тағы Тоқтамыс хан келіп отырғанда, қатыны және қасына келіп отырады. Сонда Тоқтамыс ханға: “Сіз осы соңғы келген жігіттен қорқасыз-ау”, – деді. Сонда Тоқтамыс: “Атаңа нәлет, “Қатын дұшпан”, – деген ғой. Жер-жердегі хан біткен маған басын ұрып, еңкеймей, кетпейді. Енді маған: “Өзімнің қызметкерімнен қорқады”, – деп айтып тұрғанын қарашы”, – деп, қатынды өлгенше сабайды, сосын қатыны үйге барып, бір тебен инені бір ұстаға апарып: “Қатты сүріп берсін”, – деді. Сонда ол ұста қатты сүріп береді. Едіге келетін уақытта қатыны тебен инені алып, Тоқтамыстың қасына тағы келіп отырады да, жаңағы тебен инемен Тоқтамыстың киімінің астындағы төсегіне түйреді де, қасына етегін баса отырды. Сонда Едіге, келіп: “Ассалаумағалейкүм!” – дегенде, Тоқтамыс хан селк ете кеткенде, тебен ине шарт ете түсті. Едіге кеткесін, Тоқтамыс ханға қатыны айтты: “Қорықтың ба, қорықпадың ба? Мына инені қарашы”, – деді. Сонда Тоқтамыс хан енді шошығанын біледі.

Тоқтамыстың Сыпыра жырау деген жыршысы, Кеңестің ұлы Кең Жанбай деген бар еді. Тоқтамыс Едігеден басқаның бәрін жинап, кеңес құрады: “Осы Едігені өлтірейін, – деп, – соны қалай өлтіру керек?” – деп.

Жанбай би тұрып айтты: “Жиырма үй тіктіріп, үлкен той қыл, сонда Едігеге табақ тарттыр және Едіге табақ тартқанда, сол үйдегі кісілердің бәрі де Едігеге асатсын, қымыз бергенде, қымыздың сарқытын Едігеге ішкізсін. Сосын ең шеттегі үйге Сыпыра жырауды қой, Сыпыра жырауға барғанда, “Мен сені танымаймын. Қай баласың?” – деп, Сыпыра жырау сұрасын Едігеден. Едіге ер болса, қорықпай, ата-бабасын айтар. Қорықса, айтпас. Қорықпай айтса, өлтіру керек. Қорқып, жасырса, өлтірмесе де, еш нәрсе ете қоймас. Және сол үйдің есігінің екі жағына екі адам қою керек, екеуіне екі пышақ беріп. Олар, Едіге есіктен шығам дегенде, ішін жарып өлтірсін”, – деді. Тоқтамыс хан Жанбай бидің бұл сөзін “мақұл” деді, жиырма үй тігіп, той жасады. “Сол тойды жасайын”, – деп әңгімелескенде, Аңғысын ішінде бар еді.

Сосын Аңғысын оны Едігеге келіп: “Енді қызық болды, – деді. – Енді тез үйге бар да, бір мықты семіз нарыңды сой, – деді. – Оның мойнын бітеу ал, – деді. – Сосын оның бір жағын тастай қылып тіктір, екі бұрышына жіп тағып, бір шетін ышқырыңа, бір жағын тамағыңа байла. Тамағыңның астындағы шеті ашық болсын, сонда торсықтай болсын, ішің қабақтай болсын”, – деді.

Сонда Едіге торсықты байлап алып, табақ тартуға шықты. Отырған жұрт әрқайсысы Едігеге “асатам” деп ет берсе, Едіге оны асамайды, торсығына сала береді, көрсетпей. Сонсын екі шеткі үйге барып, табақ тартқанда, Сыпыра жырау сол үйде еді. Сонда Аңғысын да тойға келген жігіттердің атының үзеңгісінің оң жағын қиып қойып еді, басса, үзіліп кеткендей қылып. Шеттегі үйге келгенде, Сыпыра жырау Едігеден сұрай бастады:

– Жасы жеткен қартыңбыз,

Біз бір үлкен болған жан – деді.

170. Табақ тартқан жас бала,

Аты жөнің кім?

Танымай тұрмын мен, – деді,

Меңзетемін біреуге, – деді.

Сонда Едіге тұрып сөйледі:

– Атам атын сұрасаң,

Ала тайлы Аңшыбай.

Баба түкті шашты Әзіз –

Аңшыбайдың баласы.

Шашты Әзіздің баласы

Парпария сұлтан хан еді,

180. Өз әкемді сұрасаң,

Құттықия бек еді,

Өзім атым – Едіге,

– деп айтып жатқанда, Аңғысын жүгіріп келіп, есіктің алдында, ат үстінде тұрып, Едігеге сөйлей бастады:

– Менің атым – Аңғысын,

Аңдашы сөзім соңғысын,

Едігедей ер, – деді,

Ажал жетті, тез, – деді.

Келтірдім алып шұбарды.

Жер болғанда жапыра,

Екі алмақты алуға,

190. Сіздерге тұр салуға

Тәуекел Ақтың ісі еді,

Өлмей жаның қалуға.

Кідірме, батыр, сен, – деді,

Әзірледім мен, – деді,

Жылдам шығып кел, – деді.

Сонда Едіге үйден шыға жүгіргенде, есіктің екі жағында тұрған екі кісі Едігеге пышақты салып қалғанда, манағы жинаған еттер тарқатылып қалады.

“Ішін жарып салдық, – деп,

Өлтіріп мұны қалдық”, – деп,

Есіктегі екі адам кейін шегінеді.

Атқа мініп алады,

200. Аңғысын мен Едіге

Шаһардан шығып барады.

Едіге мен Аңғысын қаша жөнелгенде, қуамын дегендердің оң жақ үзеңгісі қиылып, қуа алмай қалады. Сонда Тоқтамыс хан Сыпыра жырау мен Жанбай биді шақыртып алады, “Едігені қалайда маған ұстап әкеліп беріңдер”, – деді. Сонсын Сыпыра жырау мен Жанбай би Едігеге келіп сөйлейді:

– Едіге сұлтан ер, – деді,

Артыңнан келдім мен, – деді,

Кідірші батыр сен, – деді.

Тоқтамыстай залымды

Түсіріп тақтан қояйық.

Тоқтамыстай залымның

Басын кесіп алайық,

Жоқ қылып оны, жояйық,

210. Орнына сізді қояйық.

Қайта жүрші қалаға,

Кетпе, – деді, – далаға.

Талайды көрген бабаңмын,

Ашуыңды, Едіге,

Тілей келдім мен, – деді,

Қайта жүрші сен, – деді.

Жасы жеткен бабаңыз

Бір тілегін бер, – деді.

Сонда Кеңестің ұлы Кең Жанбай сөйлей бастады:

– Ай, Аңғысын, Аңғысын,

220. Хан баласын қаңғыртып,

Енді қайда барасың?

Кетірме мұны далаға,

Қайта алып жүр қалаға,

Қатын мен қалды балаңыз,

Іні мен қалды ағаңыз,

Ата мен қалды апаңыз.

Тоқтамыс кеткесін далаға,

Тұрғызбалық қалаға.

Шақырып келдік біз, – деді. –

230. Қалаға қайтшы сіз, – деді.

Сонда Едіге сөйлей бастады:

– Кеңестің ұлы Кең Жанбай,

Ақылың жоқ, боқ Жанбай.

Тындамаймын сөзіңді,

Алма менің мазамды.

Енді жауап сөйлесең,

Тарттырамын жазаңды,

Жеткізермін қазаңды.

Оярмын сенің көзіңді,

Өлтіремін өзіңді.

240. Тыңда менің сөзімді,

Сыпыра жырау сен, – деді.

Екеуің де кейін қайт,

Енді кейін қайтпасаң,

Екеуіңді де өлтірем.

Мен кетермін, кетермін,

Сәтемірдей қалмақтың

Еліне іздеп жетермін,

Сәтемірдің елінде

Шұбарды үш ай бағармын.

250. Осы отырған қалаңды

Талқан қылып шабармын.

Тоқтамыстай ханыңның

Ордада басын алармын.

Үш ай тоқсан күн болғанда,

Осы ордаға жетермін,

Келерде хабар етермін.

Едіге Сәтемірдің еліне барып, үш ай – тоқсан күн болғанша Көкшұбарды бағып жатады.

Үш ай – тоқсан күн болғасын,

Аңғысынды ертіп,

Едіге елге қарай салады.

Сонда Сәтемір хан Едігеге: “Әскер берейін, ал”, – деп еді. Едіге: “Әскердің керегі жоқ, мен өзім он ноғайға теңмін”, – деді. – Әскер алып қасыма, бүлдірмеймін Ноғайды”, – деп, ешкім алмайды қасына. Елге үш күндік жер қалғанда, алдынан Аңғысынды жіберіп қоя береді. “Тоқтамысқа хабар бер. Ел-жұртын жинасын, босаң болып тұрмасын. Үш [інші] күні сәске болғанда, жетермін”, – деді.

Аңғысын Тоқтамысқа келіп сөйлей бастады:

260. – Ей, Тоқтамыс, Тоқтамыс,

Едіге ерің келеді,

Жолдас едім мен, – деді.

Қол астыңды жинашы,

Бейқам болып тұрмашы,

Хабарға келдім мен, – деді.

Үш күннен соң келеді

Едігедей ер, – деді.

Шабайын деп қалаңды,

Көрейін деп әлінді,

270. Берейін деп саған өлімді.

Тез бар деді сіздерге.

“Хабар айт, – деп, – сіздерге”.

Айттым хабар мен, – деді. –

Ендігісін өзің біл,

Тоқтамыс хан, сен, – деді.

Аңғысын қайтып келеді,

Едігеге жетеді,

Келіп, хабар етеді.

Тоқтамыс салды хабарды,

280. Ноғайға: “Кел! – деп бұйырды,

Едігедей ерменен ұрысуға ер!” – деді.

Тоқтамыстың сөзіне

Жалғыз ноғай ермеді,

Бір адам еріп жүрмеді.

Тоқтамыс жаман торықты.

Келмегесін бір адам

Өте жаман қорықты.

Желмаяны алдырып,

Кетер болды Тоқтамыс,

290. “Тұрмаспын, – деп, – қалаға”,

Кетер болды далаға.

Қатын менен балаға

Тоқтамыс болды садаға.

Өрге қарап жөнелді,

Тоқтамыс қашып далаға.

Әрбір жерге барады,

Бір тоғайға тап болып,

Тоқтамыс хан қалады.

Түйеде кісі жерінбес

300. Сондай қалың ну еді,

Тоқтамыс хан ойлады

“Қаша беріп не етем? – деп,

Осы жерге қорғалап,

Жан айласын етем”, – деп.

Сонда бір қызғыш құс тап болып, жұмыртқалап жатыр екен. Қасында адам жатқанын көргесін, қызғыш құс шырылдап түйілді. Сонда Алланың қаһарымен гулеген қызыл жел қаптады. Едіге Тоқтамыс ханның еліне келсе, Тоқтамыс хан жоқ, қашып кеткен екен. Артынан қуып жетеді. Сонда шалғын жапырылғанда, Тоқтамыстың айтқан сөзі:

– Гулеме, желім, гулеме,

Алладан үкім келсе, тынарсың.

Жапырылма, көк шалғын,

Еліміздің ажары,

Баса қонса, сынарсың.

310. Ай, қызғыш құс, қызғыш құс,

Отыңды оттап, суыңды іш.

Сені көлден айырған

Қаршыға құстың екпіні.

Мені елден айырған

Едігенің секпілі.

Едігедей ер жетті,

Қатын менен баланы

Бір көрсетпей, шөлдетті.

Бір тоғайдың ішінде

320. Қара жерге көлбетті.

Енді болды өлгенім,

Едігенің мен білдім

Жатқанда бағып көргенін.

Едіге Тоқтамыстың артынан қуып жетіп, айтқаны:

– Тоқтамыс хан, сен, – деді,

Артыңнан келдім мен, – деді.

Құттықия бабамды

Өлтіргенің шын ба еді

Бір торғайдың құны үшін?

Жылқыбайдың өлтірдің

330. Мен үшін жалғыз баласын,

Тастап иесіз қарасын.

Екі адамнан артық көрдің бе

Бір торғайдың баласын?!

Сонда Тоқтамыс сөйледі:

– Басымда бақыт тұрғанда,

Кетпес деп едім дүниеден.

Басыма қонған бағымнан,

Айырдың менің тағымнан.

Қулықтан туған Құлаша

Ат боларын білмедім,

340. Жетектеп алып кетерге.

Тумадан туған сұм бала

Ер боларын білмедім –

Жөргегіңді кесерге.

Бұл дүниеден мен болдым

Енді шығып кетерге.

Елім кетіп, танғаным,

Дүниенің білдім жалғанын.

Қатын, балам – аманат,

Енді кетіп қалғаным.

Едіге алмаспен Тоқтамыстың басын кесіп алып, сақалынан қанжығаға байлап алып, Едіге елге қайтады,

350. Жетейін деп еліне

Ата-анасын көруге.

“Тоқтамысты Едіге қуып кетті”, – деген соң, Жылқыбай мен қатыны бір төбенің басынан түспеген екен. Жеті күн тамақ үйінен тамақ таппаған: Едігежан не етер екен деп, қандай күнді көрер?”, – деп, үйінен тамақ татпаған.

“Едігежан не етер? – деп,

Қандай күнді көрер?” – деп,

Ол төбенің басында

Екеуі жылап, қақсаған.

Көзінің жасын тыя алмай,

Жылап тұрды-ау, қия алмай.

Қасына келіп отырды

Өзінің туған анасы.

360. Ол да не қып шыдасын,

Ішінен шыққан жалғыз баласы?

Сонда төбенің басында отырған Жылқыбайға келіп, Едіге Тоқтамыстын басын лақтырды. Өзінің туған шешесі де бірге келіп тұрған екен Жылқыбайдың қасына-ай. Сонда Тоқтамыстың басын етегіне салып тұрып Жылқыбайдың айтқан сөзі:

– Артық едің, асылым,

Ертеден сені алғаным,

Жалғызың бүгін тірілді.

Едігені бере алмай,

Бүтін алып қалғаным.

Ризамын Құдайға,

Едігені бергесін,

Басын алып жалғыздың,

370. Едіге алып келгесін,

Ризамын Аллаға!

Бүгінгі күн осылай

Тыңдашы менің сөзімді,

Бас қосып жастан алғаным,

Болар ма менің арманым?

Едігедей сұңқарым,

Келіп қондың, қарағым,

Ақ сұңқарым, қолыма.

“Осылай қайрат етер”, – деп,

380. Кіріп еді ойыма.

Едігедей қарағым,

Тоғыз ай он күн көтерген

Мынау тұрған анаңыз.

Ембесең де, көріңіз,

Анаңа жауап беріңіз.

Ризамын мен саған,

Шешеңізге еріңіз.

Сонда өзінің шешесі сөйлей бастады:

– Едіге деген ер, – деді,

Құлағың сал, Едіге,

390. Бір тұқым едің сен, – деді.

Жерге түскен бойында

Емізбедің мамаңды.

Тоқтамыстай залымның

Пиғылы оның жаман-ды.

Жіберіп едім сыртына

Жылқыбайдың мен, – деді,

Жаның аман қалды енді.

Жылқыбайдың үйіне

Отын алып, от жағып,

400. Менен туған бала болсаң,

Жылқыбайды бағып жүр

Өлгеніңше сен, – деді.

Бала емессің, шырағым,

Жылқыбайды бақпасаң.

“Балам” демен мен, – деді,

Атаға тартып тумасаң,

Атаның жолын қумасаң.

Атаңа тартып сен тусаң,

Жылқыбайды бағарсың.

410. Не құлқын ойлап табарсың,

Сүтін берген мынау, қарасаң.

Елік сүтін емген соң,

Көзіңді ашып, қарағым,

Жылқыбайды көрген соң.

Сонда Едіге сөйледі,

Сөйлегенде, не деді?

– Асыл туған Жылқыбай,

Артық еді бабамыз,

Келмеді деп жылайсыз,

420. Перзент жалғыз балаңыз.

Балаңды берсең мен үшін,

Сүрегі біткен күніңіз.

Айтатұғын сөзім бар,

Жылқыбай, ойлап біліңіз.

Тоқтамыстың орнына

Хан етіп сені қоямын.

Тоқтамыстай хандардың

Қызын алып беремін.

Бетіңе біреу қараса,

430. Басын кесіп, жоямын,

Тұқымын құртып қоямын.

Өлгенімше бағармын.

Екеуіңнің құлқыңды,

Тірі жүрсем, табармын,

Назарым саған салармын.

Қараған дұшпан бар болса,

Басын кесіп, жоярмын.

Ағайын, туған халқымен

Тұқымын құртып қоярмын.

Сонда Едіге Тоқтамыс ханның үлкен қызын алып беріп, Жылқыбайды хан қылып, таққа отырғызып қояды. Онан екі бала туады. Бірінің аты – Сұлтан, бірінің аты – Меңді болады.

440. Тоқтамыстың қызынан

Екі ұл туды, қарашы.

Сексен жасқа келгенде,

Балалы болды, шамасы,

Ешкімнің жоқ Алланың

Еткен ісіне шарасы.

Сонда Едіге бұрын атқа мініп, тауға шықпаған еді:

Едіге атқа мінгенде,

Қалмақ деген ел еді,

Ханқожа деген қалмақ бар еді,

450. Абығай дейтін баласы бар,

Тоғалай дейтін ері бар.

Сонда Едіге Ханқожаның еліне барайын деп сапар шекті. Касына екі жүз кісі әскер алды. Ол күнде Ащыбас шат деген жер еді ол Қалмақтың тұрған жері. Сонда Ханқожаның баласы – Абығай мен ері – Тоғалай, “ноғай келеді” деген соң, екі мың кісі әскермен қарсы аттанады. Сонда екі жақтың әскері қарсы келеді. Сонда Абығайдың айтқаны;

Аттанған ноғай ел, – деді,

Қалмақ едім мен, – деді.

Мекен еткен қашаннан

Мынау біздің жер, – деді,

Аз ғана ноғай, – сен,– деді,

Көп қалмақпын – мен, – деді.

Қонысымда тұрғанмын,

Сен секілді ноғайды

460. Қашаннан-ақ алғанмын.

Енді болар, ноғайым,

Кеудеңде сенің арманың.

Сонда Едіге сөйледі:

– Қалмақ едің сен, – деді,

Ноғай едім мен, – деді.

Ноғайға көзің салғаның

Бар ма еді бұрын-соңды

Ноғайды шауып, жесір алғаның?

– Енді болар, Абығай,

470. Өлгеннен соң арманың.

Алмасам сенің еліңді!

Тыңда мені, ит қалмақ,

Менің айтқан кебімді.

Өзіме қоныс қылармын

Сен отырған жеріңді.

Сонда Абығай сөйледі:

– Аттандырдым мың кісі,

“Алсын, – деп, – сенің қолыңды”.

Көруге, ноғай, шамаңды.

480. Сен өзің қандай ел едің,

Менімен қалай тең едің?

Көрмеп пе едің бұрын сен

Біздей қалмақ баласын?

Қайратыңның көрдің бе,

Сен ұрысып, шамасын?

Қайратыңа мақтанба.

Алсаң, алып жүрген шығарсың

Аз ғана қалмақ баласын.

490. Тоғалайдай еріміз,

Кеткен жоқ жауға кегіміз,

Тыңда айтқан кебіміз.

Басылды ма, ноғайлы,

Кеудеңдегі жараңыз?

Бізге бағын болады

Астана мекен қылған жеріңіз.

Біздің дінге кіреді

Сіздің ноғай еліңіз.

Сонда Едігенің айтқан сөзі:

500. – Біз ноғай деген ел едік,

Ежелден жатқан ер едік.

“Қалмақты көрсек, алармыз

Талқан қылып”, – деп едік.

Аз ғана кісі қолымыз,

Болушы еді жолымыз.

Сен секілді Қалмақтың

Болушы еді теңіміз.

Әлі бар ма, қалмағым,

“Алдырман”, – деген ойыңыз?

510. Соғысалық енді біз,

Әңгімені қойыңыз.

Едіге енді қарады,

“Алла!” – деп ұран салады,

Екі жүз кісі қолменен

Едіге кіріп барады.

Екі мың кісі қалмақпен

Екі жүз кісі салысты.

Неше күндей ұрысып,

Қырғын болып қалысты.

520. Сол ұрыстың ішінде

Ханқожаның баласы

Абығайды өлтірді.

Қалмақ қашпай, не қылсын?

Екі мың кісі қалмақтан

Бес жүздейі өліп қалады.

Бес жүз кісісі өлген соң,

Мың бес жүз кісі қалмағың –

Ол да қашып жөнелді.

Қашқан жауды қуа ма,

530. Бір қашқан кісі тұра ма?

Ханқожадай қалмаққа

Барып, хабар еткен соң,

Алды қашып жетеді,

Ханға хабар етеді.

Қалмақ сонда асарға

Босып қашып жөнелді,

Көрінбей жаудан қашарға.

Тоғалай деген қалмақтың

Астында мінген бозы еді,

540. Қорықпайтын батырдың өзі еді.

Тоғалай салды соғысты,

Қызылқұмның ішінде

Екі батыр тоғысты,

Екі күндей соғысты.

Тоғалайды өлтіріп,

Ханқожа кеткен жер еді.

Ханқожа қашты, тұра алмай,

Тұрғанымен, не пайда,

Жер-қонысын қия алмай.

550. Әлі қашты Ханқожа,

Қара жерге сыя алмай,

Үш Бөкенбай жерлерден

Ханқожа асты кетерге,

“Жолықтым, – деп, – бетерге”.

Ханқожаның қалдырды

Ноғайлыққа қаласын,

Асырып қатын-баласын.

Абығай мен Тоғалай –

Екі батырын өлтіріп,

560. Қалмақтың көрді шамасын.

Ханқожа қалмақ ер еді,

Кетпестен бұрын мың кісі

Ноғайлыққа аттандырып:

“Оған барыңыз”, – деп еді.

Аттанған кісі мың болды,

Ноғайлыққа кететін

Қалмағыңның шын болды.

Едіге қуды артынан,

“Ханқожаны қойман” деп.

Оны қуып кеткенде,

570. Бөкенбайда жатқанда,

“Ноғайға қалмақ жетті, – деп,

Елге әлек етті”, – деп,

Едігедей ерлерге

Сонда хабар етеді.

Ердің көбі таныпты,

Бір жүзі өліп ноғайдын,

Сол сапарда қалыпты.

Ханқожаға жете алмай,

Артынан хабар еткесін,

580. Едігедей ер қайтты,

“Елге қалмақ жетер, – деп,

Қашқанды қуып бұл жүрген

Жалғанынша бекер”, – деп.

Жүз кісі әскер қасында,

Едіге жүріп келеді,

“Елге бүлік салар”, – деп.

Ол қалмақтың бастығы –

Иманқара ер еді.

Ол да Ханқожаның

590. Бір баласы деп еді.

Аттанып қалмақ келгесін,

Едігедей ерлердің,

Таппасын ба ол қалмақ

Ерлердің жатқан жерлерін?

Шеттен келіп, тоғайдан

Қалмақ келіп, ел алды.

Ел алғанда, нені алды?

Едігедей ерлердің

Мекен еткен жерді алды.

600. Ішінде, келіп, сол жерде

Тоғанның елін шабады.

Қиырдан іздеп табады.

Қатыны жау қолында қалады. Сонда Иманқара елсіз жұртты шауып алады. Сонда қалмақтар Тоғанның қатынын айдап кетіп бара жатқанда, жесірдің үстіне Едіге жүз кісімен, Ханкожаны тастай беріп, бұған келеді. Сонда қалмақтың ханын өлтіріп, төрт күн соғысып, айырып жесірді алады.

– Едігедей ер еді,

Едіге тірі тұрғанда,

Жесірді қалай береді?

Сонда жесірді айырып алғасын,Тоғанның қатыны Едігеге келіп, сөйлей береді, Ол қатынның аты Мақпал сұлу еді.

– Едіге сұлтан, ханымыз,

Кеудедегі жанымыз,

Артық туған бегіміз.

Сұлтаным жауға кеткесін,

610. Бүлінді қатты еліміз.

Жібектен тартқан ұзыннан

Кесілді мынау желіміз.

Жаяулық көрді басымыз,

Төгілді жерге жасымыз.

Есім кетіп мен деген,

Тек жаным қалды-ау өлмеген.

Сұлтаным едің, Едіге,

Дүниеде жүзің көрмеген.

Біз секілді бейшара

620. Сыртыңнан жүріп шөлдеген.

Айырылдық туған баладан,

Жинаған дәулет, қарадан.

Әйел құрысын, ғаріп екен,

Әйел ерден айрылса,

Маңдайының соры екен.

Атаңа нәлет, ит қалмақ

Жаяу айдап, бұл қуды,

Басымызға күн туды.

Атаңа нәлет ит қалмақ

630. Көлікке де мінгізбей,

“Өлтіремін мен”, – деді.

Ұрады бізді қамшылап.

Ризамын Құдайға,

Едіге сұлтан, келдің бе?

Едіге сұлтан, ер, – деді,

Көрдім күнді қорлықты,

Қатты көрдім зорлықты.

Сонда Едіге тұрып сөйледі:

– Қайғы етпеңіз сіз, – деді,

640. Қалмақты қырдық біз, – деді.

Тауыстық қалмақ елдерін,

Ханқожадай қалмақтың

Өлтірдім екі баласын,

Тоғалайдай ерлерін,

Талқандадым мекендеген қаласын.

Ханқожасын асырдым

Қайырылмастай бұл жерге.

Тоғалайдай ерін боздаттым,

Жылатып қырып баласын.

650. Қыл жалаулы қалмақтың

Көрдім, жүріп, шамасын,

Көзің жасын тый, – деді.

Батыр Тоған келгенше,

Дидарласып көргенше,

Алладан бұйрық бұл болса,

Көрмессің қалмақ баласын.

Қайта айналып қонарсың

Мекен еткен жеріңе.

Алты қанат ақ орда

660. Өз қолыңнан тіктірсең,

Неше түрлі тағамның

Ең тәттісін татарсың.

Кең сарайда жүрерсің.

Сабырлық қыл, бәйбіше,

Бұрынғыдай боларсың.

Қайтарамын еліңе,

Апарамын жеріңе,

Қондырамын кешегі

Көшірген қалмақ жеріңе.

670. Тірі болса дүниеде,

Тоған батыр ол жетер.

Тірі қоймай қалмақтың

Талайларын меңдетер,

Сіздей қылып шулатар.

Қалмақты көрсе, айдаған,

Екі қолын артына

Ит қалмақтың байлаған.

Ер Тоғанның Мақпалы

Көп еді артық ақылы

680. Қалмақты сабап айдаған.

“Кезекті дүние” деген – бұл,

Қалмақтың соры қайнаған.

Қыбырлауға шама жоқ,

Қайырып қолын байлаған.

Баяғы кеткен жерінде,

Жеткенше, қуып айдаған.

Артық туған ер еді,

Қатын сабап қуғанын

Едігедей ерлерің

690. Артынан жүріп, қарайды.

Қалмақты айдап қуғаны

Едігеге жарайды.

Қуып жетті еліне

Тоғанның келіп қатыны.

Қонып қалды орнына,

Баяғы кеткен жеріне.

“Тағы зарар қылар”, – деп,

Едігедей батыр ер еді,

Айдауменен қалмақты

700. Сол жерге алып келеді.

Асауларын қалмақтың

Сол жерге қойып, қырады,

Басын кесіп қояды.

Ол қалмақтың нешесі

Сол жерде дінге кіреді.

Дінге кірмеген қалмақтың

Сол жерде басы қалады.

Тоған батыр еріміз

Елге қайтып бұл келсін.

710. “Енді бізге келсін”, – деп,

Қалмаққа хабар салайық.

Келмей қалған қалмаққа

Өзіміз іздеп барайық.

Ханқожадай ер кетті,

Таусылмай сонан ел кетті.

Артынан тауып алайық,

Тірі келсе қалмаққа,

Біз аттанып барайық.

Тұқымын құртып алармыз,

720. Сол қалмаққа барармыз.

Тоған ерге сәлем айт,

Неше күн лаң салғанын,

Тұнық елді алғанын.

“Біз жетерміз”, – деп едік,

Осы хабар келгесін,

Бара алмай енді қалғаным.

Құрыталық елдерін,

Суалталық көлдерін,

Артынан іздеп табармыз

730. Ханқожадай қалмақтың

Мекен қылған жерлерін.

Қайда да болса, барайық,

Сол қалмақты алайық,

Алыс та болса, арасын,

Көрелік қалмақ шамасын.

Тірі жерге қоймаспыз

Қалмақ иттің баласын.

Сөйтіп, Едіге батыр елге жөнелді. Едіге елге келгесін Тоған келе қоймады. Сонда Едіге Айса ұлы Ахметті шақыртып, екеуі Ханқожаның еліне жүретін болды.

Іздегенін қарасаң,

Ханқожаның елі еді.

740. Ол бір қашық жер еді.

“Не қылса да, сол елге

Бармай, не етем?” – деп еді.

Ахмет пен Едіге –

Екеуі көп жол жүрді,

Жол жүргенде, мол жүрді.

Айса ұлы Ахметтің

Кертарлан еді мінгені.

Ол шабыстан танбайды,

Бір жылқының баласы:

750. “Онан озам” деп білмейді.

Едіге мінген шұбардан,

Жылқы озар ма бұлардан?

Ахмет пен Едіге –

Екеуі бірдей жол жүрді,

Асықпай жолда ол жүрді.

Алыс жерге баруға,

Қалмаққа соғыс салуға.

Тоғанды шауып, ел алған

760. Қалмақ еді қашаннан

Ол ұрысып, кек алған.

Қорлық көріп басынан,

Ахметті ертіп,

Едіге кетті қасына.

Бір күндері болғанда,

Қалмақтың көрді қарасын.

Білейін деп екеуі

Қалмақтың азды-көпті шамасын.

Екеуі де артық ер еді,

770. Ерлігі қатар тең еді.

– Тұрамыз ба жасқанып,

Баралық енді, кел, – деді.

Тұрамыз ба бұл жерде?

Бұл қалмаққа жетейік,

Барып, қайрат етейік, –

Деп, Ахмет ұлы сөйледі.

Сонда Едіге сөйлей бастады:

– Шеттен хабар салайық,

Әскерлерін шығарып,

780. Сыртқа таман алайық.

Сосын соғыс салайық,

Тосып жатқан байтақ ел

Тап үстіне барайық,

“Кім десең?” – деп сұрайық.

Сонда Ахмет тұрып: – Ақыл, – деп,

Бұл айтқаның мақұл, – деп.

Ел шетіне барғасын,

Ноғайдың келеді ері деп,

Ноғай келді еліңе,

790. Жиналыңыз сіз, – деді.

Қалмақ шіркін қамалды,

Таба алмады амалды.

Жиналып қалмақ, толады,

Қойқара батыр бас болып,

Көп әскер сыртқа шығып қалады.

Жиналған әскер мың болды,

Бастығы оның – Қойқара,

Ойлап тұрса, бұл – бәле,

Ол – Ханқожаның баласы.

800. Жиналғасын, қалмаққа

Екі батыр келеді қасына.

Жалмауыздай емініп

Қойқарадай ханыңыз

Шыға қалды алдынан.

Ол да – мықты ханыңыз.

Сонда қалмақ сөйледі,

Сөйлегенде, не деді?

– Толағайдай еріміз,

Қалды сізге жеріміз,

810. Иманқара – ағамыз,

Өлшеулі еді шамамыз.

Салайын соғыс мен, – деді,

Ноғаймысың сен? – деді.

Солар үшін кек алуға

Тұрмын көздеріңді оюға.

Жанымда әскер қолым бар,

Екі бірдей қаңғырған

Ноғайлы, сенің сорың бар.

Жиналған өскер қаптаса,

820. Басың кесіп алмай ма?

Ерлеріңді жоярмын,

Қанынды ұрттап, тоярмын,

Олжаға атыңды алармын.

Еттеріңді кескілеп,

Сендерді итке салармын.

Жасқанатын мен бе едім?

Мен ноғаймен тең бе едім?

Ұрысатын менімен,

Сорлы ноғай, сен бе едің?

830. Сонда Едіге сөйледі,

Сөйлегенде, не деді:?

– Мен – ноғай деген ел, – деді,

Екеуміз дер, – деді.

Емеспіз саған тең деді,

Сөзің емес жөн, – деді.

Өлтіргемін мен сенің

Тоғалайдай ерінді.

Иманқара ағаңды

Өлтіргемін мен, – деді,

840. Емессің маған тең, – дед.

Менің атым – Едіге,

Қасымдағы – ер Ахмет,

Бұда қашаннан жатқан ер еді.

Төбесі шоқты сен қалмақ,

Едің бізге жем, – деді.

Тұрмалық көп сөйлесіп,

Соғысалық, кел, – деді.

Ахмет пен Едіге

Аттың басын жөндеді.

850. Сұр жебені қолға алды,

Айсаның ұлы Ахмет

Тебінгіден тесе атты,

Үзеңгіден үзе атты,

Суырып алып қорамса,

Жауған қардай боратты.

Біреу емес, бәрінен

Тепшіп сонда кетеді.

Қамалып тұрған қалмақты

Шүберектей көрмеді.

860. Балдағы алтын алмасты

Батырлар жауға сермеді.

Ақ сүңгіні қолға алып,

Келген әскер долданып,

Неше күн салды соғысты,

Қалмақпенен тоғысты.

Жарағы қанға тояды,

Сермесе, кеспей қоя ма?

Кеудесінен жел беріп,

Ақ сүңгіні қолға алып,

870. Тағы тиді-ау долданып,

Қырылғаны көп болып,

Қалмақтар састы-ау қозғалып.

Жақын екен қалмақтың

Тек сол жерде қаласы.

Екі батыр біледі

Соғысқан қалмақ шамасын.

Он екі күн болғанда

Қалмақтың алды қаласын,

Шулатып қатын-баласын,

880. Жинаған дәулет, қарасын.

Қой секілді қалмаққа

Тойғасын бөрі, қояр ма?

Ашығып жүрген бөрі еді,

Артық туған ер еді.

Ханқожадай қалмақты

Жеңіп алған жері еді,

Жинап алған ел еді.

Адамның қырды ірісін,

Тастады жаман сірісін.

890. Жинағасын елдерін,

Суалтқасын көлдерін,

Жинағасын қалмақты,

Жесір қылып шұбыртты.

Едіге мен Ахметтің

Бұл тауысқан жері еді.

Ноғайға, жинап, келтірді

Сол қалмақтың баласын,

Тауысып алып шамасын.

Екі ердің бірігіп,

Алған жері осы еді.

Ерлердің алған жері еді,

Тауысқан сөйтіп елі еді.

Қисапсыз көп ел еді,

Көп те болса, не қылсын?

915. Тақ таусылған жері еді.