Көркем мәтіндегі троп түрлері

Сөйлеу әрекеті кезінде бір сөзді, сөз тіркесін, сөйлемдерді қайталап қолдану жиі кездеседі. Қайталама – тілдік жүйеге тән лингвистикалық құбылыс болып саналады. Дыбыстардың, сөздердің, сөз тіркестерінің қайталануы дүниежүзіндегі тілдердің барлығында кездеседі. Әлемде бірде-бір тіл осы тәсілсіз өмір сүре алмайды. Осы құбылысты Ж. Вандриес былай деп атап көрсетеді: «Повторение это один из приемов, вышедших из языка аффективного» 

Қайталама термині қазақ тіл білімінің негізін салушы А. Байтұрсынов еңбегінде «қайталақтау» деп берілген. «Бір сөзді яки бір лебізді қайта-қайта айту қайталақтау деп аталады. Онда қайта-қайта айту нәрсенің өзіне яки ғамалына көбірек назар салыну үшін істелінеді. Сондай-ақ автор қайталаманың «еспелей қайталау» деген түрін көрсетеді»

Бүгінде қайталама процесі жан-жақты зерттеліп, қарастырылуда. 1980 жылдардан бастап қайталама тақырыбына байланысты бірнеше докторлық, кандидаттық диссертациялар жарық көрді. Олардың қатарына қайталамалардың лингвистикалық жүйесін қарастырған О. Бүркітовтың докторлық диссертатциясы қайталамалардың лексика-семантикалық құрылымын қарастырған Т.Б. Қалабаеваның қайталамалардың табиғатын тануға арналған Н. Қожабергенованың , қайталамалардың қазақ ертегілеріндегі қолдану ерекшелігін сипаттаған З. Керімбаеваның , Ж.Аймауытов шығармаларындағы лексика-синтаксистік қайталамалардың стильдік қызметін сипаттайтын Р.А. Досжанованың , қазіргі қазақ тіліндегі бір сөздің қайталануы арқылы жасалған сөз тіркестері тақырыбындағы

Ы. Балқыбекованың кандидаттық диссертацияларын айтуға болады.

Қайталамалардың ауызекі сөйлеудегі көрінісі қазақ тіл білімінде әлі толық зерттелмеген мәселе. Ғалым Р.С. Әміров қазақтың ауызекі сөйлеу тілінің синтаксисіне арналған еңбегінде ауызекі сөйлеу тіліндегі қайталамалардың диалогтарда ғана көрініс таппайтынын, тек бір ғана қызмет атқарумен шектелмейтінін атап көрсетеді. Ғалым түркі тілдеріндегі негіздің (түбірдің) қайталануын ауызекі сөйлеу тіліндегі өнімді тәсілдердің бірі деп есептейді. Негіздің қайталануы ауызекі сөйлеу стилінде бірнеше қызмет атқара алатындығын айта келіп, ол қызметтердің қатарына ойды үнемді беру, ойды эмоционалды өрнектермен беру, диалогтарда сөйлеуші мен тыңдаушының арасын байланыстыратын репликаларды беру қызметтерін жатқызады

Орыс тіл білімінде қайталамаларды осы бағытта зерттеген ғалымдардың бірі – Н.Ю. Шведова. Ол қайталамаларды ауызекі сөйлеу тілінде қолданылуы тұрғысынан бір ғана қырынан алып, оларды «реплика» қайталамалар деп атайды. «Повтор – это построения по правилам разговорной речи, входящая в сложное образование (диалогическое единство) и потому синтаксически не самостоятельная вторая реплика, имеющая в качестве своей основы элементы словестного состава первой реплики и подчиняющаяся ее форме »

Н.Ю. Шведова орыс ауызекі сөйлеу тіліндегі қайталамаларды бір-ақ қырынан, сөздің немесе фразаның қайталану процесі жағынан ғана қарастырады. Сондықтан ғалым өз еңбегінде «реплика – қайталама» терминін кеңірек қолданады.

Ең алдымен қайталану – адамзатқа тән қимылдың бір түрі. Қайталама ұғымы адамдардың санасы мен ойында пайда болып, тіл құралдары арқылы көрініс табады. Мұның өзі қайталама процесінің ерекше құбылыс екендігін және оны тіл аясынан да кең философиялық, дүниетанымдық деңгейде алып қарастыруға болатындығын көрсетеді. Қайталама процесіне алғаш назар аударған көне дәуір философтары болды. Қайталама процесі ғұлама Аристотельдің диалектика негіздерінің бірі болып саналады және оның атақты 10 категориясының сипатының құрамына кіреді. Демек, қазіргі тілдегі қайталама процесінің негізі көне дәуірде пайда болған.

Бұл процесс адамның ойлау қабілетімен тығыз байланыста қалыптасқан. Сөйлеуші өзінің ойын тыңдаушыға бірден жеткізе бермейді. Ол сөйлеу процесі барысында өз ойын нақтылау, тыңдаушыға түсіндіру мақсатымен белгілі бір сөзді немесе сөз тіркесін қайталап қолданады. Бұл процесті тілдік деңгейден де кеңірек алып, психолингвистикалық құбылыс ретінде қарауға болады.

Қайталаманың күрделілігі – тілдің барлық деңгейінде кездесетіндігі. Ал оның мәтін құрылымында қолданылып, стилистикалық қызмет атқара алатындығы – бүгінгі стилистика ғылымында толық дәлелдеген.

Мәтін мен қайталама категориясы тығыз байланыста келетін бірліктер болып саналады. Қайталамалар мәтінді құру, ондағы белгілі бір оқиғаны дамыту, мәтін сюжетіне түрткі болу, мәтін оқиғаларын шиеленістіру, байланыстыру мәтінді аяқтау қызметтерін атқарады. Мәтін ұғымы бар жерде қайталамалар да болады. Қайталама – тілдің көркемдеуіш тәсілдерінің ішіндегі ең көнесі. Оның көнелігін түркі тілдерінің тарихи ескерткіштері мәтіндеріне назар сала отырып анықтауға болады. Бұл процесті В.И. Еремина: «Повторение представляет собой древнее языковые выразительное средство, присущее и живой разговорной речи и устному народному творчеству» – деп бағалайды

Қайталамалардың о баста қалыптасқан ортасы – ауызекі сөйлеу тілі. Қайталамалар осы стиль арқылы нормаланып, кейін әдеби тілдің басқа да функционалды стильдеріне көркемдеу тәсілі ретінде енген. Ауызша сөйлеу түрінің жоғары сатысы болып табылатын шешендік сөздерде қайталамалардың алатын орны ерекше.

Қайталамалар диалогтарда да ерекше мәнге ие болады. Диалогтағы қайталамалардың өзі белгілі дәрежеде стильдік қызмет атқара алады. Біреуді келекелеу, сол адамның айтқан сөзін қайталау арқылы, сол адамның ойын, сөзін мысқылдау кез келген тілде кездесетін тәсіл. Бұл тәсіл мимезис деп аталады. Мимезис те қайталамалардың бір түрі, алайда оның қолданылу мақсаты басқа қайталамалар түріне мүлде ұқсамайды. Жалпы қайталама категориясының басым түрлері ойды әсерлі беру, белгілі бір айтылар сөзге ерекше стилистикалық мән беру, оқырманға оқиғаны саралап жеткізу, көркем мәтінді дамыту және жүйелі желімен беру секілді сан алуан қызметтер атқаратын болса, мимезис кейіпкер тіліндегі келеңсіз қолданыстарды сынау, келекелеу мақсатында қолданылады.

Көркем мәтіндегі троп түрлері. Эпитет, теңеу, метафора, метонимия, синекдоха. Қайталамалар тілдік деңгейдің барлық қабатында кездесетін құбылыс.

Бөлісу