Көркем әдебиет тілін талдау түрлері

Бұл талдау көркем әдебиет стилистикасының үлесіне тиеді. « Автор бейнесі». Баяндау түрлері. Кейіпкер тілі. Диалог. Монолог. Полилог.

Ауызша қарым-қатынас тарихи жағынан жазбашаға қарағанда ертерек пайда болды. Осыған орай мына бір пікірді келтіре кетейік: «Невозможно понять, что такое язык и как он развивается, если не исходить постоянно и прежде всего из процесса говорения и слушания и если хотя бы на мгновение забыть о том, что письмо – только заменитель устной речи»

Ауызша қарым-қатынас жағдайында сөйлеудің диалогтық түрі ең бастапқы, алғашқысы болып табылады. Диалог екіжақты қарым-қатынас түріне жатады. Мұнда қарым-қатынасқа түсуші екі адам бірін-бірі түсінуге тырысады. Ол екі одан да көп адамдардың өзара әңгімелесуі, сөйлесуі деген сөзінен алынған. Тақырыбы алдын-ала көрсетілмейді,еркін болады. Ол әртүрлі болуы мүмкін, себебі диалог үстінде әңгіменің тақырыбы өзгеріп отыруы да мүмкін. Демек, диалог өмірдің барлық саласынан орын алады да,қарым-қатынасқа түсушілердің бірдей уақыт аралығында кезек-кезек алмасып сөйлесуі нәтижесінде жүзеге асырылады.Диалог қандай да болмасын бір жағдайға қатысты туып, дамып отырады. Оның репликалары бірі арқылы бірі дамып,өзара байланыста болады. Диалогқа қатысушылардың ойлары әр түрлі болады: келісу, талқылау, сұрақ-жауап, ойдың бірдей шығуы, әңгіме бір тақырыптың төңірегінде өтеді. Мағынасы жағынан да тиянақты бола отырып шешеннің мінез-құлық басқа да қырларын таныта біледі. Диалог арқылы адамдардың ішкі сыры аңғарылады.

Зерттеушілер диалогты тұлғасына, мағынасына қарай түрліше қарастырады. Солардың бірі ретінде Г.Иманғалиеваның «Типология диология»атты кандидаттық диссертациясында диалогты тақырыптық сипатына қарай былайша топтастырады: Хабарламалық, прагматикалық, модальдық .Бұлардың өзі әңгімелесу, хабарлау, сұрасу, өтініш, пікірталас, қоштасу т.б. түрлерге жіктеледі.

Жоғарыда көрсетілген сөйлеу типтерінің бірі – ауызша диалогта қарым-қатынасқа түсушілер – сөйлеуші мен тыңдаушы. Сөйлеуші әрқашан да біреу, тыңдаушылар бірнешеу. Қарым-қатынасқа түсушілердің сөзі белсенді әрекетке құрылып, сөйлеуші мен тыңдаушы ауысып отырады. Сөйлеуші бір мезеттерде тыңдаушы болса, керісінше тыңдаушы сөйлеуші болады. Қарама-қарсылық байланыс қарым-қатынас жағдайында: тура, жанама, тілдік, тілдік емес(бейвербальды )түрде болады .

Шешендік сөздер дискурсының бөлінбес бір бөлшегі диалог болып табылады. Дискурстағы диалогта шешен (сөйлеуші тұлға) өзін қайталанбастай күйде танытады. Нені түгел айтып, нені бүгіп отырғаны, оның ұғымынша қандай нәрсені атамаса да түсінікті екенін сөйлеу кезінде қандай мүмкіндіктер байқалатындығын біледі. Диалог–табиғи құбылыс, ал осы диалогке қарағанда монологті қабылдау,түсіну тыңдаушыға ауырлау, күрделілеу болады. Шешеннің коммуникативтік тұспалын (интенция) тыңдаушының аңғара білуі диалогтің ойдағыдай өтуіне септігін тигізеді.

Ғалым Н.Уәлиев диалогтің ойдағыдай өтуі лингвистикалық және лингвистикалық емес факторларға байланысты деп көрсете келе, диалогтегі сәттілік пен сәтсіздік, диалогтің өрбуі мен үзілуіне коммуниканттардың көңіл күйі де ерекше әсер ететінін былайша пайымдайды: « Диалогтің ойдағыдай өтуі лингвистикалық және лингвистикалық емес факторларға байланысты.

Диалогтегі сәттілік пен сәтсіздік а) коммуниканттардың әлеуметтік-стереотиптік ерекшеліктеріне ә) коммуниканттардың аялық біліміне б) коммуниканттардың құзыретіндегі жақындыққа, я болмаса алшақтыққа в)коммуниканттардың жыныс, жас, тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты жайттарды ескеру, ескермеуден болуы ықтимал. Диалогтің өрбуіне немесе үзілуіне коммуниканттардың көңіл күйі де ерекше әсер етеді. Бөгде адамның қатысуы да диалогтің өрбуіне кері әсерін тигізуі мүмкін »

Әдеби туындының идеялық-эмоционалдық, сюжеттік-композициялық жүйесіндегі диалогтың алатын орны ерекше. Сондай-ақ диалог сюжет, конфликті дамыту, характерлерді ашуда айырықша сапаларға ие болады. Диалог арқылы сыртқы әлем бейнеленеді. Диалог заман көрінісінен хабар береді. Монолог сияқты диалог та түсініктемелермен көмкеріледі. Интонациялық құрылым, жекелеген сөздердің айтылуы өң, көзқарас немесе жымиюы тәрізді дәлсіздіктерді диалогсыз тану мүмкін емес. Диалог – айтпауға болмайтын, жасыруға келмейтін қажеттілікті жария етеді. Диалог адамдардың әр алуан көзқарасын, өмір құбылыстарына деген әр басқа қарым-қатынастарын да танытады. Адам өз өмірін сөз жүйесімен қорытып отырады, ал іштегі сөздер сыртқа шығуға дайын тұрады. Диалог негізінен ауызекі сөйлеудің бірлігі. Осыған орай диалогтық бірліктердің мынадай ерекшеліктерін атап көрсетуге болады: сөйлеуден тыс, сөйлеуді қостаушы тұспалдардың қолданылуы, айтылымның қысқа, ықшам болатындығы, интонация, просодикалық өзгешеліктер,репликадағы немесе сөйлеу жағдайына байланысты толымсыз сөйлемдердің алуан түрлі өзгешеліктерімен қолданылуы,басым көпшілік жағдайларда жай сөйлемдердің қолданылуы, жазба тіл нормасынан тыс сөйлем қолданыстары,алдын-ала дайындалмаған сөйлеу ретінде синтаксистік норманың бұзылуы. 

Диалогта қарым-қатынасқа түсушілердің сезімі мен көңіл-күйлері, сол сәтте тоқталмай кетуге болмайтын үзілістер, интонациялық бедерлер, бет жүзіндегі өзгерістер мен ым-ишара қалтарыстары түгел қамтылады.

Бөлісу