Көркем мәтіндегі синоним, антоним сөздердің берілу сипаты

Эпитет – заттың не құбылыстың айрықша белгісін білдіретін, бейнелі де әсерлі сөз. Ол арқылы тек жеке бір ұлтқа қатысты ұлттық бояу, бедерді көруге болады. Мәселен, шешендік сөздердің ішінде ел аузында жиі айтылатын қонақтың төрт түрін эпитет арқылы көрсетуде қазақ ұлтына тән «қонақжайлылық», «қонағын құдайындай сыйлау», «құтты қонақ», «қонақ аз отырып, көп сынайды», «құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген керемет тәлімдік мәні мол сөздер көп кездеседі. Мына бір шешендік дискурста:

Сырым батыр үйіне қонып отырған қадірменді қонағы Төленді биден:

Биеке, қазақтың қонағы неше түрлі болады? – деп сұрапты.

– Қазақтың қонағы төрт түрлі болады:

– Арнайы қонақ

– Құдайы қонақ

– Қыдырма қонақ

– Қылқыма қонақ, – деп жауап беріпті

Берілген шешендік тағлымы мол сөзде «қонақ» сөзін, оның мәнін, қасиетін ерекше «арнайы», «құдайы», «қыдырма», «қылқыма» деген эпитеттермен беру арқылы тыңдаушының ойлауына, танымына ықпал еткен.Сонымен қатар қазақ халқы қонақтың көп келуін қалаған, қонақтың қасиеті болады, Қырықтың бірі – Қыдыр деп білген. Қонақтың келуіне, оның қасиетіне деген илану, сенім яғни, суггестия орын алған.

Сондай-ақ шешендік сөздер дискурсында эпитеттің көптеген түрлері анықтауыш мәнде жұмсала отырып, ел, жер, ата-ана бейнесін беруде көрініс табады.

Алтын ұяң – Отан қымбат,

Құт берекең – атаң қымбат,

Аймалайтын – анаң қымбат,

Мейірімді – апаң қымбат.

Асқар таудай – әкең қымбат

Туып-өскен – елің қымбат,

Кіндік кескен – жерің қымбат.

Ұят пенен ар қымбат. 

Өзің сүйген жар қымбат (Ел аузынан) 

Ежелгі дәуірден бүгінге дейін тілдің лексикалық құрамы дамуының бір факторы ретінде халық фантазиясында ертеден, жазу-сызу өнері болмаған кезден бері, керемет шешендік сөздерімізде де сөз ауыстыру қызметінде кеңінен қолданылып, ерекше байқалатын көркемдік амал тәсілдердің бірі – метафора. Ол тілде ерекше танымдық қасиеті бар құбылыс ретінде ақиқаттағы бір заттың, құбылыстың, уақиғаның атауы ұқсас белгісі бар екінші бір затқа телінуі арқылы көрінеді. Оны тілдік құбылыс ретінде зерделеуде қолданылған семасиологиялық, гносеологиялық т.б. бағыттармен қатар соңғы кездерде когнитивтік бағытта да қарастырыла бастады.Тілдік бірліктердің когнитивтік тұрғыда қарастырылуы адамның қоршаған әлемді қабылдауымен байланысты. Метафора когнитивтік санадағы ең іргелі ұғым, жаңа тілдік атауларды қалыптастырудың универсалды тәсілі.

Метафора адамның ойлауымен тікелей байланысты. Сондықтан болар олар барлық стильде, барлық жанрда жалпылама кездесе бермейді. Көбіне поэзияда жиі ұшырасады. Ақындар мен жазушылардың, танымал қайраткерлердің шығармаларында кездесетін әдемі сөз өрнектерін поэтикалық метафора болып табылады. Оны жалпы тілдік категория ретінде, образды ойымыздың дамуы мен қалыптасуын көрсететін элементі ретінде, сөйлеудің мәдени-тілдік көрінісі ретінде арнайы қарастыру маңызды мәселелердің бірі болып саналады.

Метафоралануға заттардың түрлі белгілерінің ұқсастығы, түс, қалып, көлем, қызмет, кеңістік пен уақыттағы алатын орны және т.б. бола алады. Бірақ, кез келген салыстыру, ұқсату метафораға айнала алмайды. Метафоралық мағына сөзді тірілтіп, оған өмірлік күш береді. Метафора екі сөз мағынасының өзара қарым-қатынасын көрсетеді. Метафоралы сөз саптауға таныс емес зат пен құбылыс міндетті түрде жақсы таныс нәрсемен салыстырылады.

Европалық ғылыми дәстүрде, әлемді тануда және білімді тіл арқылы көрсетуде метафораның қызметі туралы мәселені алғаш сөз еткен адам – Аристотель. Ол метафораға ғылыми баға беруге талпыныс жасаған. Аристотель «Поэтика», «Риторика» атты еңбектерінде семантикалық өзгерістерді басқаратын механизмді ашуға талпынып, өзіндік талдау жасайды. Ол метафораны ең алдымен шешендік және поэтикалық тіл стилінің компонентті ретінде қарастырып, жалпы қолданыстағы сөздерге қарама-қарсы қояды. Аристотель «Риторика» атты еңбегінде: «Метафорада жұмбақ қасиет бар, демек, жұмбақ дегеніміз – жақсылап құрастырылған метафоралар», – деп, ол теңеуді, әсерлеуді және мақалды метафораның түрлері ретінде қарастырады. Метафораны «жасырын теңеу» деп атайды.

Бөлісу