Мәтін талдаудың лингвистикалық бағыттары

Тіл білімінің аумағына кіретін жас сала прагмалингвистика өткен ғасырдың 70-жылдары қалыптаса бастады. Прагматика (гр. іс-әрекет) – лингвистиканың бір саласы. Ол тілдегі белгілер қызметін зерттейді.

Бұл терминді ХХ ғасырдың 30 жылдарында Ч.У. Моррис ұсынған. Прагматиканы лингвистикалық зерттеу 60-70 жылдарда Ч.С. Пирс идеяларынан кейін басталады. Оған игі әсерін тигізген Дж. Остин, Дж. Р. Серл, З. Вендлердің логика-философиялық сөйлеу актілері туралы теориясы, П.Грайстың мағыналардың прагматикалық теориялары және Л. Линский, П.Ф. Строссоның референцияның прагматикалық теориясы болатын. Лингвистикалық прагматиканың нақты белгіленген шекарасы жоқ, оған сөйлеуші мен тыңдаушы арақатынасынан туындайтын мәселелер кіреді .

Прагматика адамның коммуникативтік іс-әрекетінің ауызша (дискурс) және жазбаша (мәтін) екі формасын да қарастырады. Дискурс пен мәтіннің негізгі мәселелерінің қатарынан прагматика да орын алады.

Осыған орай ғалым З.Ш Ерназарова: «Қазіргі сөйлеу тілі синтаксистік бірліктерінің прагматикалық негіздер» атты еңбегінде мәтіннің ауызша, жазбаша да формасында сөйлеуші пен тыңдаушының сұхбаттасуы, коммуникацияға түсуі, қандай мақсатта қолданылуына, пайда болуына алып келеді. Коммуникация бейвербалды, вербалды түрде екі немесе одан да көп тұлғаның бір-бірімен ақпарат алмасуы прагматикаға қатысы арқылы жүзеге асады. Прагматиканың негізгі зерттеу саласының бірі – дискурс. Прагматика – динамикадағы мәтін – дискурсты оны дүниеге келтіруші адаммен байланысты қарастыратын ғылым деп, атауға болады – деген тұжырым жасайды .

Дискурсты сөйлеу тұрғысынан алып қарастырсақ та, сөйлеу ең алдымен ауызша формада жүзеге асырылатыны мәлім.

Мәтін талдаудың негізгі бағыттары: мәтін лингвистикасы, мәтіннің лингвостилистикасы, поэтикалық лингвистика.

Бөлісу