С. Дөнентаев пен С. Сейфуллиннің памфлеттеріне тоқталыңыз

Памфлет, қаһарлы сөз (ағылш. рamphlеt – парақ) – белгілі бір құбылыстарды, беделді саяси және мәдени қайраткерлерді әшкерелеуге арналған өткір сатиралық шығарма; өткір сатираға құрылған әдеби туынды; қоғамдық-саяси өмірде қандай да бір тұлғаны немесе құбылысты өткір сатирамен масқаралайтын, нысаналы, айқын тілмен ерекшеленетін, жағымсыздық, жамандық такырыбын әшекерлейтін саяси публицистиканың жанры.

Публицистиканың жанры ретінде қара сөзбен ғана емес, өлең түрінде де жазылады. Памфлет белгілі бір құбылыс, оқиға, деректерді, мемлекеттік саяси жүйе мен беделді қоғам қайраткерлерінің ықпалын қысқа негізде сатира үлгісінде де әшкерелейді.

           Памфлет нұсқасы қазақ әдебиетінде революцияға дейін-ақ бой көрсеткен.Мұның мысалы ретінде С.Дөнентаевтың 1915 жылы жазылған “Бозторғай “өлеңін алуға болады.Бұл-бүкіл патшалық құрылысқа,оның әділетсіздігіне қарғыс айтып,қарсы үн көтерген ащы сатира.Ондағы зорлықшыл тұрымтай,қанға тойып ыңқ-ыңқ етіп отырған қырғи,көп үйректі шулатқан қаршыға,көкірек керіп қаз етін жеп отырған лашын – бәрі де патша чиновниктерінің бейнесі.Өлеңде суреттелген әлгі құстардың әрекеті-сол чиновниктердің қиянаты.Мұнда бозторғайдай жайдары,бөденедей момын еңбекші халықтың үстем тап өкілдерінен көрген қорлығын,шеккен жапасын,әділдік іздеп олардан таба алмағаның ақын ашына айтқан.Патшалық құрылыстың әділетсіздігі,ондағы үстем тап өктемдігі,қаншерлігі қатты әшкереленген.Бірақ,осы идея астарлап,аллегориялап жеткізілген.Сондықтан бұл туынды- мысал памфлет.

        Мысал памфлетті Сәкен де жазған.1917 жылы “Тіршілік” газетінде Сәкеннің “Күзетші иттер” атты өлеңі басылды.Бір ауылдың адамдары тойға жиналады.Өздері жоқта қарап тұрсын деп қотандағы қойға күзет қоюды ұйғарады.Күзетке”бөріден гөрі сенімді ғой,жеген тамағың ақтар” деп бірнеше ит әкеп қояды.Түнге қарай Айтжан деген қария қотанды бір көріп қайтайыншы деп келсе,сенімді деп қойған күзетші иттер бірнеше қойды жарып тастапты.Айтжан қарт аттан салады.Сонда әлгі өзі асыраған иттер өзіне жабыла кетеді.

    Сәкеннің осы сюжетінде үлкен сыр,астар жатыр.Февраль революциясынан кейін уақытша үкіметтің жергілікті комитеттері құрылды.Оған буржуазияшыл ұлтшылдар мен бұрынғы жуандар,тілмаштар мен хажы-қазіреттер кіріп алды.Олар бұл комитет езілген елге теңдік,бостандық береді,оны қолдандар деп лақап тартады.Бұған қазақ еңбекшілерінің көбі шынымен иланды,”жоғымызды жоқтайтын осылар екен ғой “деп оларға сенім білдіріп,үлкен үміт артады.Бірақ көп ұзамай “ұлтым”елім”қазағым” деп емешегі езілген қазақ ұлтшылдары өздерінің кім екенін көрсете бастайды.Елге өздері ауыз салады,тоңайды,алдайды.Сәкен аталған ысқағында байшыл ұлтшылдардың,міне,осы опасыздығын әшкерелеген.

   “Күзетші иттер”-мысал памфлет.Оның  мысал болатын себебі- әлгі опаыздардың әрекеті ашық сыналмай,қотан қорыған иттердің ісі  деп астарлап,аллегориялап сыналған.Ал,памфлет болатын себебі-ол идеалық,саяси жау тапқа,жау топқа қарсы жазылған.Соларға қарсы бітіспес күреске шақырып,оларды құрытып-жоюды үндеген.Сын обьектісі етіп жау жақтың жетекші адамдарың алған.Байқап қарасақ Сәкеннің де,Сәбиттің де памфлеттері шартты түрде жазылған.Оларда нақты адамдар айтылмайды,оқиға болған жері көрсетілмейді.Памфлет бұлай шартты болып та келе береді.

Бөлісу