Мен де ет пен сүйектен жаралғанмын: Жорабаева орамал тақпай, намаз оқығанын сынағандарға ренішін айтты

Instagram пайда болғалы қарапайым халық танымал өнер адамдарымен тікелей тілдесу мүмкіндігіне ие. Бұрындары жұрт әншілерді анда-санда теледидардан бір көргеніне қуанса, бүгінгінің адамдары әртістердің күн сайын қайда, не істеп жүргенінен хабардар. Таяқтың да екі ұшы болады демекші, бұл нәрсе танымалдардың өзін де, жұртты да мезі етіп жіберген, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Мәселен, жезтаңдай әнші Алтынай Жорабаева қашан да үлгілі де байсалды мінезімен ерекшеленген. Алайда оның өзі кей кездері желіде жазылған пікірлерге көз жұма қарай алмайды. Себебі ондағылар әншінің өзін қойып, отбасына, балалары мен бауырларына тіл тигізуді әдетке айналдырған. Бұл орайда Жорабаева жүйесіз сөздің қашан да иесін табатынын еске салды.

“Адам не тапса да, ниеті мен пейілінен табады” деп көп айтатын үлкендер. Кез келген дүниеге жақсы жағынан қарап, адамдар жайлы жақсы ойлап жүрудің өзі жүректің жұмсаруына әсер етеді. Менің парақшамды қанша адам оқитын болса, сонша ой, сонша пікір бар. Әркім ішіндегісін шығарып әлек. Іші гүлге толы жандармен қатар, күлге толылары да бар. Сол сөздердің сұрауы барын ұғынсақ етті. Мен де жақсылығы мен кемшілігі қатар жүретін, ет пен сүйектен жаратылған пендемін.

Ата-анам, бауырларым мен қыздарым менің ең басты байлығым. Олармен арамызды тату ұстау, солардың жанынан табылу, қол ұшын беруден тұрады өмірім. “Ақшасы жоқ бауырды қайтсін?” деген пікірлер болды. Қай бауырым болсын басына іс түссе, күн демей, түн демей жанымды қолыма ұстап қасынан табыларымды сол пікір иесі білмейді де ғой. Бізді ата-анамыз, адамды дүниесіне қарап таңдауға емес, бауырмал болуға өсірді, шүкір! Ал, дүние, бірде бар бірде жоқ қолдың кірі””, – деп жазады Жорабаева Instagram-дағы парақшасында.

Мұнымен қатар, желі оқырмандары Жорабаеваның діни ұстанымына, жүріс-тұрысына жиі теріс баға береді екен. Жұрт бірде намаз оқығанын жария еткені үшін сынаса, ендігіне “орамал тақпадың” деп ұрсатын көрінеді. Міншілдерге Жорабаеваның берер жауабы келесідей:

“Орамалым жоқ болса, келе алмай жүрген шығармын. Бірақ, мен орамал тақпайды екенмін деп Меккеге жалаңбас бармаймын ғой. Әр жердің жүру, киіну әдебі болады. Әр алуан пікір бар демекші, “Неге намазын, қажылығын жария қылады” деушілер де табылады. Желі толы жалаңаштанғандардың дәуірі болып жатқанда, жақсылықты салғанның несі айып? Өскелең ұрпақ ең болмағанда орамалды аруларды көрсін де… Менің келінім Аяулым мен сіңілім Айгүл де орамал тағады, мен өзім тақпасам да оларға құрметпен қараймын. Бір сауабы болсын тиер деп, соларға көмектесуге тырысып жүрмін.

Біз қоғам бір нәрсенің жаман жағын көріп, жаманын айтып үйренгенбіз. Жаманын жасырып, жақсылығын асыратын қазақтығымыз қайда? Аузым бар екен деп айдақтап сөйлей беруден аулақ болайықшы. Әркімнің парақшасына кіріп құсық пен қоқысты қалдырғаныңыздан жан жеңілдеп қалмайды, ақыретте бәрі жиылып кеп, өзіңізге қарсы қару болатынын да естен шығармаған абзал. Әр басқан қадамыма түсініктеме беріп, әр жазылған пікірге жауап беріп отырар болсам, 24 сағат инстаграмда отыруға тура келеді. Сіздер көпсіздер, мен жалғызбын менің сүйікті оқырмандарым. Мен сіздерді жақсы көремін. Маған не тілесеңіздер, Алла сіздерге еселеп қайтарсын”.

Бөлісу