ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші әрі актриса Меруерт Түсіпбаева отандық жерлес эстрада жұлдыздарымен бірге “Ертic Promenade” сахнасында өнер көрсету үшін Павлодарға келді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Жағалаудағы концертке дейін әнші Роза Мұқатаева, Ринат Малцагов және “Бастау” тобымен бірге Гагарин саябағындағы этноауылда болды.

Өнер иелерін аудан орталығының 90 жылдығын атап өтетін Качир ауданы орнатқан киіз үйде мол дастарқан күтіп тұрды.

“Мен Баянауыл ауданының Южный, қазіргі Жұмат Шанин ауылында дүниеге келгенмін, –  деді агенттікке берген сұхбатында Меруерт Түсіпбаева. – Алматыда тұрып жатқаныма көп уақыт болса да, әкімдіктің шақыруымен және туыстарыма, Жасыбай көліне демалуға келіп тұрамын. Павлодарға келген кезде үйге оралғандай сезінемін. Мен де бір кездері оқушы болған едім. Сахнадан жас өнерпаздарды көрген кезде өзімнің де арман қуып, мақсат қоятын сәттерім есіме түседі. Осындай табиғаты керемет, киелі жердің сәттілік пен талант сыйлағаны үшін ризамын. Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерімін. Мұндай құрметті атақты маған Президент тапсырды. Бала кезімізде бізде гаджеттер болмайтын. Біз шынымен де армандайтын едік және армандар орындалады. Балалық шақ – ең керемет кезең”.

Меруерт Түсіпбаева концерттің алдында жанкүйерлерімен табысты болудың құпиясымен бөлісті.

“Қол жеткізген сатыда тоқтап қалуға болмайды, –  дейді әнші. – Үнемі алға ұмтылу керек. Шығармашыл адам ешқашан да тоқтамауы тиіс. Себебі, шығармашылықтың шеті мен шегі жоқ. Дәл қазір әлеуметтік желіде жазып жатқан жерлестеріме, маған ұқсағысы келетін және кезінде мен сияқты ауылда тұратын қыздарға айтарым – сәттілікке сену керек. Армандар орындалады”.

Еске сала кетейік, Ертіс өңірінде туған қазақстандық эстрада жұлдыздары кеше жағалауда өнер көрсетті.

Бөлісу