ДҮНИЕДЕ  ДҮР РУХЫМ  ДУМАН КЕШКЕН

 Еркегүл АРЫҚҚАРАҚЫЗЫ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

«Отырар кітапханасы» Ғылыми Орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

Өткен ғасырдың соңы, жаңа ғасыр басы көптеген өзгерістерге, замана ғажайып оқиғаларға, құбылыстарға толы уақыт болды.

Ал Еліміздің тарихындағы ұлы оқиғалардың бірі – халқымыздың бостандығы, тәуелсіздік жариялауы.

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып танылуы, оны дүние жүзінің көптеген елдері мойындауы әртүрлі тарихи кезеңдерде тағдыр тәлкегімен шет жұрттарға ауып кеткен, кейіннен әлемнің әр елдерінде тұрақтап қалған қандастарымыз үшін де айтып жеткізгісіз қуанышты оқиға болғаны анық.

Қанша алыстай бастаған сайын сонша алып та сұсты көрінетін асқар таулар сияқты Отан да өзінен жырақта жүрген перзенттеріне керемет қадірлі, аса құрметті болады.

Қазақстанның тәуелсіздік алуына байланысты шет елдердегі қазақ ақындарының да жедел үн қатуы, Ұлы Отан – Ата жұртқа оралған ағайынның көңіл-күйі, ата жұртқа асыққан қандастарымыздың сағынышты жырлары да – тәуелсіздік тұсындағы қазақ поэзиясына келіп қосылған жаңа бір арна болды.

ХІХ ғасырдың соңы қазақ тарихындағы аласапыран оқиғаларға толы жылдар болғандығы баршаға мәлім. Монғолия жеріне қазақтар алғаш қоныстана бастаған тарих та осы тұстан басталады. Ұлы Отаннан тағдыр талқысымен іргесі алшақтаған қазақ халқының бір бөлігі Алтай тауының теріскей бетіне қоныс аударған кезден бастап – ақ, өздерінің әдеби – мәдени мұрасын жасады. Өткен өмірлерінен өлең шежіре жасап ұрпаққа қалдырды. Алғашқы ақындардан басталған артта қалған Атамекенді аңсау сарыны сағынышқа айналған сырлы саз күйіндегі өлең боп өрілді. Баян – Өлгий қазақтары поэзиясының басталу тарихындағы тұңғыш ақындардың бірі Тауданбек Қабаұлының:

Болғанда таудан найман, тастан найман,

Мен Тауданбек болғалы бірталайдан.

Атамекен артта қап, арман жұтып[1],

Жылқышыға сіңгенім осы жайдан [1, 6]. деп, өлеңіне өрген асыл арманы 150 жылдан кейін орындалды. Ол Қазақ елі Азат ел атанған бүгінгі таңда алыс – жақыннан қандас бауырлар Ұлы Отанға оралу бақытымен орайласты. Баға жетпес бақыттың қуанышы өлең боп өріліп, елім деп соққан жүректерге Есіл Ерлер рухындағы үкілі үміт, шемен боп қатқан шер, сағынышқа айналған сарын сыр боп ашылды.

Ақын Кәп Құмарұлы «Сарын» атты өлеңінде:

Мен – қазақпын ақиық шыңдарда өскен,

Нар жетелеп таудан һәм қырдан көшкен.

Алты малта ас болып ат үстінде

Дүниеде дүр – рухым думан кешкен [2, 15].

деп, Алты алашқа жар сала ағынан ақтарылуы бойдағы қазақ қанының қуатын, жүректегі қазақы жанның жалынын паш еткендігінің куәсі.

Жаңа ғасыр жасынымен Ұлы Дала төрінде Қазақ халқының қасиетті шаңырағы көтерілді. Көк байрағын желбіретіп Азат Ел атанған күн – Ата – баба арманы орындалған күн болды. Ұлы Отаннан жырақ жүріп, шалғайда өскен қазақтан Азат Ел атанған қуанышқа қуанбаған жан бар ма. Тәуелсіздіктің қуанышын жүрегі жарыла бөлісіп, қарсы алған, Атажұрттағы ағайындармен бұл бақытты шынайы бөліскен жандар да әр тараптағы қазақ ұлтының перзенттері еді. Иә, бұл күн қазақ үшін «Ата – бабалар аруағы аунаған», «Ақ түйенің қарны жарылған» КҮН ЕДІ. Бұл күн қуанбаған, қуаныштан көзіне жас алмаған қаны қазақ, жүрегі мен жаны қазақ атаулы жоқ шығар.

Арнадым бұрын мен бар тілегімді,

Ар – бағым аяладым киелімді.

Не берем?

не қалайсың, Туған елім?

Ала ғой қажет десең жүрегімді!

 

Болса да жат жайлаған тыс аласы,

Байғұстың, сірә, жоқ қой еш аласы.

Ант ішкен бөтен ойсыз жүректердің,

Азаттық, ұлттық, бірлік нысанасы! [3, 15.].

Бақытбек ақынның өлеңдеріндегі сезім шынайылығына шүба келтіруге еш хақымыз жоқ. Оқыған соң, шын жүрекпен сезінген соң әрбір саналы азамат өзінің арының алдында, өзінің азаматтық болмысының алдында өзіне сұрақ қойып көрсін. «Туған ұлтымды мен қалай сүйе аламын? Туған халқыма мен не бере аламын?»

Өшпесе де көкейден табынғаны,

Тұста бітер тартылып тамыр қаны.

Қандай жақсы,

– Қайт дейтін, – жерің бары,

Елің бары, қарсы алар қабырғалы.

Шерімді, енді зарымды шегеремін,

Қажет десе өртенем, егер елім.

Бойда қалған бабамның рухымен,

Тағдырымды тасыңа шегеледім. [3, 3.].

Төрткүл дүниенің төрт бұрышында тіршілік етіп жатқан қандастарымыздың жан сыры да, шындығы да осы бір өлең боп өрілген өмір – дастан сынды жыр жолдарымен өрнектелгендей. Бабажұрттың баяндылығы, еркін еліміздің егемендігі – елден алыста өмір сүріп жүрген әр қазақтың мақтанышы, көңілдерінің қуаныш – көзайымы. Қабырғалы қазақ елінің қадірін де, қасиетін де қастерлеп, туған ұлтын жанымен, жүрегімен сүйе білетін қазағымыздың үлкен бір қауымы да осы шетелде өмір сүріп жатқан қазақ бауырлар! «Атам қазақ, әкем мен шешем қазақ, мен неге қазақтықтан намыстанам» – деп, ақын С.Торайғыров айтқандай, қазіргі таңда, қазақ ұлтының басындағы алуан түрлі қиындыққа (қазақ бола тұра туған тілінде сөйлеуді алымсынбай тіпті бара-бара туған ұлтының, қастерлі тілінің тұғырын төмендетіп қажетсінбеуге айналуының өзі бір – қасірет, ұлттық салт – дәстүр, әдет ғұрыптарды, ұлттық құндылықтарымызға жанашырлықпен қараудың орнына намыстанушылық, аяқасты етушілік т. б.) қабырғасы қайыса жанашырлықпен қарап ұлт болашағына алаңдай білетін «қазақтың бір баласы» нағыз ұлтжанды ұрпақ та осы шет жұртта өсіп жатқан қазақ ағайындардың ішінде мол.

«Бойда қалған бабамның рухымен, Тағдырымды тасыңа шегеледім», дегеннен асқан қандай сөз, қандай сезім керек?… Естен кетпес өлең! Оқыған сәттен – ақ тіліңе қайта- қайта оралып, жүрегіңді қуаныш кернеп, жаныңды жадыратып ала жөнелетін бір ғажайып әсерге бөленесің! Бойдағы бабалар рухының құдіреті, қазақ қанының қасиеттілігі осы шығар.

Міне, жат елде өскен қандас ағайындардың Атажұрттың, туған топырақтың қадір – парқын қалай бағалайтындығын Бақытбек ақын «шындықтан шымырлап туған» шырайлы шумақтармен жеткізеді.

Біздің халқымызда «атасында көрмегенді ботасында көріпті» деп айтылған тамаша сөз бар. Сандаған жылдарды артқа тастап, ата – бабалар арманына айналған тәуелсіздік таңы арайлап атты. Осы күнге жеткен бүгінгі қазақ ұрпағы «бақытымызды баянды қылғай, еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын» деген бір тілекпен тіршілік кешуде.

1997 жылы әлемнің әртүрлі мемлекеттерінде тіршілік етіп жақтан қазақтардың басы қосылып, қасиетті қара шаңырағымыз Қазақстанда тұңғыш бүкілхалықтық Құрылтай өткізілді. «Жинал, қазақ, жеріңе, егеменді еліңе», – деген дабыл шартарапқа жетті. «Елге ел қосылса құт» демекші, еліміздің тәуелсіздік алуымен байланысты сыртта жүрген ағайындардың елге оралу көші де басталды.

Ақын Кеңес Ілиясұлының ерікті ел атанған Қазақ елінің қуанышын:

Маған қайта оралғандай сезіндім,

Бабалардың маңдайынан тайған бақ, – деп көкірегін кернеген сезім толғанысын ойлы да өрелі өлеңмен өрнектейді.

Ертеректе бір атамыздан: «Бақыт деген не, байлық деген не?» деп сұраған екен. Сонда дана қария: «Бақыт қолға қонған құс, байлық қолға ұстаған мұз. Құс ұшады, мұз ериді, дүниенің қызығы – Сіз бен Біз» деп жауап қайтарыпты. «Біздің халықтың әулеті асып, дәулеті тасыған дәурені де бар, басынан бағы тайып, тар заманға тап болған қилы кезеңі де көп» [4, 409].

Сондай замандарда жаңағы атамыз айтқандай, бақыт ұшып, байлық көшкенмен, сіз бен біз қалыппыз. Халық қалыпты.

Мінеки, заманында бір ұлт боп ұйысудың өзі қанша қиын болғандығын, бұл мәселенің қазіргі бейбіт те еркін елдігіміздің тұсында да көрініс беруінің өзі – ел тағдырының, ұлт тағдырының басынан кешкен қасіреттердің ауыр салмағынан әлі де болса сабақ алып, ұлт бірлігі, ұлттық идеология, ұлттық тәрбие, ұлттық намыс, әрі-беріден кейін білім-берудің ұлттық педагогикалық негіздері т.б. ұлтқа – қазақ халқының тағдырына, болашағына аса қажетті жайттарды кейінге қалдыра тұруға болмайтынын аңғартса керек. Сөз ретіне қарай, айтпай кетуге болмайтын жағдайдың бірі:

Қазақ Елі еркіндігін алғанына ширек ғасыр өтсе де әлі де болса біржақты шешімін таппай келе жатқан өткір мәселенің бірі – бүгінгі қазақ тілінің «кеңсе тіліне айнала алмай», өрісі тарылып, өкпесі қысылып қалған мүшкіл халі. Атамекен топырағынан алшақта, қиыр қонып, шет жайлап тіршілік кешіп жатқан қазақ қандастарымыздың бойтұмардай сақтап, көздің қарашығындай қорғап отырған бір құндылығы – қазақтың құнарлы тілі.

Төрткүл дүниенің қай қиырынан келсе де Қазақ топырағына табаны тиген, «елім, жерім» деп ет жүрегі елжіреп, елеңдеп келген шет елдік кез келген қазақ бабамекен, Атажұртта ең алдымен ана тілінде сөйлеп, ана тілінде тыңдап, іс-қағаздарын, құжаттарын ана тілінде толтырғысы келеді. Себебі, кеңестік лагерь болуды қойып, басқа империяларға да бодан болып көрмеген мемлекеттерден келіп қалатын қазақтар (ағылшын, араб, неміс, түрік т.б. тілдерді еркін меңгерген) үшін орыс тілінің де, орыстың тілінде шала-пұла шүлдірлеп отырған басқа ұлт өкілдерінің де сапасы нөл. Ешқандай да ұғым бермейді. Мәнсап та, мағына да емес!

Қайта көздері атыздай болып таңқалып, Руссияға келіп қалмағандарына көзі жеткен соң еріксіз өкпе-назын айтып – қазақ тілінің тынысы тарылып, өзге тілдің өктемдік жасап тұрғандығын, оның кімге қажеті бар екендігіне таңданыстарын жасыра алмайды. Орыстың кезінде орыс еді, орысша оқытты, шоқытты деп жаба салуға жақсы еді. Еркін ел болғалы ширек ғасыр. Енді кімге жабасыз?! Түсіндіріп, дәлелдеп көріңіз. Амалың құриды-ақ… Ұмытуға қақымыз жоқ, естен шығаруға болмайтын бір шындық – Ұлы Отанынан жырақта жүрген қазақтардың ұрпағы үшін қазақ тілі ешқашан да бөтен тіл болмайды! Ешқашан да ұмытылмайды! Жер бетінде қазақ барда – қазақтың айшықты, қасиетті тілі ұмытылмайды. Қазақ тілінің Рухы өшпейді!!!

Ал ұлы Отанымыз, Қазақтың қара шаңырағында – туған тіліміздің еңсесін тіктеп, өрісі кеңейіп, гүлденіп көркейе беруіне ұлтжанды, зиялы «МЕН-ҚАЗАҚПЫН!» деген әрбір азамат қолынан келген үлесті қосуға мүдделі деп ойлаймын.  Сөйтіп шетте жүрген қазақ ұрпағына рухани демеуші, күш беруші пана болса екен.

«Отан!» – деп лүпіл қаққан жүрегі бар ұлы еліміздің әрбір азаматы ел тағдырын ойлайды, ойламасқа болмайды. Ол – халықтың, ата-ананың, жаратылыстың, туған ортаның перзенті. Оның парызы – Отанының туының жоғары болып, мәртебесі биік болуына қызмет ету.

Бақытбек ақынның «Тәуелсіздік» атты өлеңінде:

Көк туым дара шаншылды.

Кебіннен тілім аршылды.

Тәуелсіздік – жұртым-ау,

Шапағатты жар сынды.

Тұмар таққан таң сынды.

 

Қайтқаны хақ, қадамы – ақ,

Қағаным мінген қазан ат.

Қалың бұдун қағанат,

Тоныкөк тасқа қашатып,

Қағанаттан жазған хат.

Қанағат, халқым, қанағат – [3, 23]

деп, арғы тарихтан тәбәрік болып жеткендей тәуелсіздігімізді өлеңмен өрнектесе, «Қазағымның даласы» өлеңінде:

Тұяғы тасты үгіткен,

Тағыны туды қанатты.

Тебіні ерен түріктен,

Тегімізді жаратты.

 

Әз-ұяның төрінде,

Төрелік еткен азатты,

Түркілердің еліне,

Қара шаңырақ қазақты. [3, 6]

деп, ел егемендігін әдемі, әсерлі жыр жолдарына айналдырған. «Алтайдың арғы бетіндегі қазақ ақындарының туындылары қазақ халқының рухани ұлттық қазынасын өзіндік өрнек – нақышымен сырлы сазымен байытқан өзгеше бір әлем» [5, 26]. Онда тәуелсіздікпен тұстас туған туындыларда жаңа ұрпақтың ой-санасында қайта тірілген күрескер рух айшықты да өрнекті жырларға айналды.

Халқымызда: «Өскен ел тарихын таспен жазады, өшкен ел тарихын жаспен жазады» деген мақал бар.

Қазақ қауымының, зиялы жұрттың ендігі негізгі парызының бірі елін қорғайтын, жерін қорғайтын перзент тәрбиелеу, ата-баба салтын, ұлтжандылықты, ұлтқандылықты (патриотизм) бойына ана тілімен дарыту болса керек.

Халқымыздың Еділ үшін егескендігін, Тептер үшін тебіскенін, Жайық үшін жандасқанын, Қиғаш үшін қырылысқанын дауылпаз Махамбет жыр қылып, хаттап кетуі осыдан. Жер мәселесі – ел тағдыры екенін білген атам қазақ әрбір шөкім жер үшін қанын төккен халық екендігін тарих тағылым дәлелдейді.

Ана тілі, бөбек жыры, азамат үні, халық сыры – Отан деген мұхитқа құяды.

Ата тарих, міне, сол Отан шежіресі, оның нысаналаған қазығы, ұрпақтардың жан азығы.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 Қалиасқарұлы Қ. Монғолия қазақтарының әдебиеті. – Өлгий, 1993. – 85 б.

  1. Құмарұлы К. Кәрібоз. Өлеңдер мен дастандар. – Астана: Елорда. – 2001. – 255 б.
3.      Бәмішұлы Б. Тұмарлы таң. – Алматы: Көркем баспасы, 2003. – 519 б.
  1. Жолдасбеков М. Ел тағдыры – ер тағдыры.–Алматы: Санат, 1997.–685 б.
  2. Бұшатайұлы М. Жібек бұйда тағылған Ойсылқара. Жұлдыз. №2. 1993

[1] Тауданбек Қабаұлы – «Қобда қазақтарының ауыз әдебиеті ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап дами бастайды. Бұл осы өлкеге қазақтардың келіп қоныстана бастаған кезеңіне сәйкес келеді. Дәл осы тұста бірінші болып ел көзіне түскен ақын Тауданбек Қабаұлы – 1830-1908 ж.ж (Қаба өзенінің бойында туылған) Шығыс Қазақстан жерінен сүйгені Жайлыбаланы алып қашып, Алтай жерінен өтіп, Қобда қазақтары арасына келіп тұрақтайды. Бұл жердегі ағайындар ақын жігітті жылы шыраймен қарсы алады».

Бөлісу