Индонезия тұрғындары тоқал іздеуге арналған жаңа мобильдік қосымшаның пайда болғанына өз наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды The Independent.

Қосымшаның авторы Линду Пранаяма (Lindu Pranayama) басым бөлігі мұсылмандар болып табылатын индонезиялықтарға AyoPoligami танысу сервисі арқылы тұрмысқа шыққысы келетін тоқал іздеп табуды ұсынған.

Индонезияда көп әйел алу заңмен бекітілген. Бұл елде бір еркек ең көбі төрт әйел ала алады. Бірақ ерлер тоқал алардан бұрын өзінің бірінші әйелінің, яғни бәйбішесінің келісімін және соттың ресми рұқсатын алуы тиіс. Жергілікті белсенділер тобы ер азаматтардың жалған рұқсат қағаздарын жасатып, заңды белден басып жатқанын айтып қоғамдық дау көтеруде.

Қосымша жарияланған сәттен бері 10 мыңнан аса жүктелген. Алайда, осы қосымша арқылы ер азаматтардың басым бөлігі тоқалдарды заңсыз іздеуге мүмкіндік алған. Осыған байланысты көптеген сын-пікірлердің астында қалған сервисті әзірлеушілер қосымшаның жаңа нұсқасын жасап шығаруға уәде берді. Олардың айтуынша, жаңа нұсқада пайдаланушыларға қатаң ережелерді сақтауға тура келеді, соның ішінде: пайдаланушының сәйкестендіру карточкасын, отбасылық жағдайы туралы ақпараттарды және бұрын алған әйелдерінің ресми келісімдерін ұсыну қажет.

reactor.inform.kz