Семейде гибридті ота залы ашылады

Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың Семейге жасаған іссапары барысында анықталды. Гибридті ота залы қаладағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасында орналаспақ. Бұған қоса Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін кешенді дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, медицина мамандары шетелдің үздік клиникаларында біліктіліктерін арттыруды жалғастырады.

Осы мақсатқа жергілікті қазынадан шамамен 1 млрд теңге қаржы жұмсалады деп көзделуде. Оқыту бағдарламасы үш деңгейлі болады. Соған сәйкес медицина қызметкерлері басым бағыттар бойынша дамыған елдерде шеберліктерін шыңдамақ. Былтыр осы кешенді жоспар негізінде аймақтың 61 медицина өкілі, Еуропаның озық клиникаларында білімдерін жетілдірген-ді. Жедел медициналық жәрдем ауруханасы денсаулық сақтау ұйымдары арасында Семейде жетекші орында келеді. Өйткені қала тұрғындарынан бөлек, мұнда жақын аудандардың халқына да қызмет көрсетіледі екен.

-Сол себепті аурухананы гибридті ота бөлмесімен қамту — кезек күттірмейтін мәселе,- дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов. — Және де бұл жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлерін тұрғындарға қолжетімді етпек.

Әйтсе де облыс әкімі ақ халаттыларға тағы бір маңызды жайтты ескертті. Нақтырақ айтқанда, Даниал Ахметов қолда бар қондырғыны толыққанды пайдаланып, жұмыс тиімділігін арттыруды тапсырды. Ал шектеулі уақытта ғана іске қосылатын жабдықтан қандай нәтиже әрі сапалы қызмет түрін күтуге болады? Заңды сауал. Сондықтан бұл бағытта замануи көзқарас, менеджерлік ептелікті таныту артық етпейді деді әкім. Десек те бұл медициналық мекеме, қажетті жабдықпен қамтылмай қалады дегенді білдірмейді деді ол сөзінде.

-Неғұрлым қондырғы көп болса, солғұрлым жұмыс сапасы арта түседі деп ойласаңыздар қателесесіздер. Әлбетте құрал-жабдықтар болғаны дұрыс. Алайда онымен тиімді жұмыс істей білу керек. Мысалы Батыс Еуропа елдерін алып қараңыздар. Ол жақта МРТ қондырғысы тәулік бойы жұмыс істейді. Ал бізде қалай? 8 сағат өткен соң ол өз жұмысын тоқтатады. Бұл дұрыс емес. МРТ 24 сағат бойы қосылып тұрғанда ғана нәтиже береді, — деген аймақ басшысы, әр медициналық жабдықты жүйелі түрде пайдалану керектігіне тоқталып, сала мамандарына біліктілікті арттыруды қолға алуға кеңес берді.

Сол сияқты аталмыш аурухананың негізінде политравма және ортопедия орталығы ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл Астана қаласындағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ, Семейдегі Мемлекеттік медицина университетімен бірлесіп іске асыратын жоба екен.

— Гибридті ота залы көптеген мүмкіндіктер береді. Мәселен, жылдам уақытта науқастың диагнозын анықтауға болады. Сонымен қоса, жедел коронарлы синдром, яғни инсульттің алдын-алуға және кардиохирургиялық амалдарды жүргізуге септігі мол, — деді Марат Шоранов.

Жариялағанkaz.altaynews.kz
Бөлісу