ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданында адамдарды эвакуациялаумен айналысып жүрген әкімдік қызметкерлері өздері суға кете жаздаған. Аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова ҚазАқпарат тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Оқиға 31 наурыздан 1 сәуірге қараған түні болған. Малеев ауылының тұрғындарын Бұқтырма өзенінің тасқынынан құтқару жұмыстарын ұйымдастырып жүрген аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова қасындағы екі маманмен өлім аузынан аман қалған.

«Түн ортасы болатын. Бұқтырманың ағысы өте қатты еді. Басында тұрғындарды ауыл мектебіне орналастырғанбыз. Одан кейін аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов Зыряннан автобустар шығартып, су басқан үйлердің тұрғындарын қалаға таси бастадық. Бұл ауылда 2015 жылы да тасқын болған. Сол кездегідей болады деп ойласа керек, кейбір тұрғындар үйін тастап шығудан бас тартып жатты.  Көше-көшені аралап, мектеп пен үйлердің арасында шапқылап жүргенбіз. Алдында ғана барып кеткен бір көшеге тасқын жеткенін естідік. Құтқарылмаған адам бар деген соң, қайта бардық» – деп еске алады Жанна Асқарова.

ШҚО-дағы тасқын: Әкім орынбасары суға кете жаздаған

Бірнеше минуттың ішінде көшеге кірген су машинаны ағызатындай тасқынға ұласады деп ойламаған мемлекеттік қызметшілер «Нива» көлігімен судың ортасына қойып кеткен екен.

«Көлікте менімен бірге Малеев ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Наталья Зайцева мен мектеп директоры Айгүл Башаева болды. Жүргізушіміз Александр Хабаров деген кісі. Алдында ғана аман-есен өткен жер еді. Көлікті қап-қара тасқын шыр айналдырып әкетті. Бір кезде «Нивамыз» бір нәрсеге тірелгендей тұрып қалды. Айнала қап-қараңғы, судың гүрілінен басқа ештеңе естілмейді. Әуелде көмекке шақырып айғайлап көрдік, нәтиже шықпады. Бір кезде көлікке су кіре бастады. Аяқтан өрлеген су кеудеге жеткенде, өмірден күдер үзіп, отбасымызға хабарласа бастадық.  Ішімнен ертең тасқын кесірінен әкімдік қызметкерлері құрбан болды деп бүкіл БАҚ шулайтын болды ғой деп ойлап қоямын» – дейді ол күліп.

ШҚО-дағы тасқын: Әкім орынбасары суға кете жаздаған

Әкімдік өкілдері мінген көлікті су ағызып әкеткенін ауыл тұрғындарының біреуі байқап қалса керек. Соның дабылы бойынша «Урал» жүк көлігімен бір топ адам іздеуге шыққан.

«Үй-ішімізбен қоштасып жатқанда басқа көліктің жарығы шалынды. Бізді іздеп жүрген шығар деген үмітпен телефонның шамын жағып, белгі беруге тырыстық. Сол әрекетімізден нәтиже шығып, іздеушілер бізді тауып алды. Талғат есімді жігіт көліктің терезесін теуіп сындырып, бізді кезекпен сыртқа шығарды. Олардың ісі нағыз ерлік еді. Өз бастарын тәуекелге байлап, бізді құтқарды» – дейді әкімнің орынбасары. Тасқын құрсауынан аман қалған төртеуіне де  жедел медициналық көмек көрсетілген.

«Дәрігерлер суыққа қарсы ем-дом жасап, ыстық сорпа берді. Бір-екі сағат есімізді жиған соң таңғы сағат 5-ке дейін құтқару жұмыстарына қайта араластық. Мына жақтан сіңлім мен анам телефон соғып, наразылықтарын білдіріп жатты.

Мен оларға: «Құдай ажалдың аузынан сақтады. Аурудан да сақтайды» деп басу айттым. Осының бәрін көрген тұрғындар да бізбен бірге қимылдап,  айтқан ақылымызды дұрыс қабылдап жатты. Сол түні ажал аузынан қайтқанымызды енді түсініп жатырмын. Бірақ біз істеген жұмысты өзге әріптестеріміз де істеп жүр. Тосын оқиғаға тап болуымыз ел арасына жайылып кетті де, назар бізге ғана ауды» – дейді Жанна Асқарова.

Ол түннің суығында мұздай судың ортасында қалса да, әзірге денсаулығы сыр бермегенін айтады. «Ауданда төтенше жағдай режимі әлі алынбағанын білесіздер. Бұқтырманың суы түсе бастағанымен, ондаған үй мұз бен судың құсауында тұр. Сондықтан әлі де сағатпен санаспай жұмыс істеуге мәжбүрміз. Тасқын салдары жойылып, жағдай тұрақталған соң, толық медициналық тексеруден өтетін шығармын» – дейді ол.

Айта кетейік, әкімдік өкілдері тұрғындарды құтқарамыз деп жүріп, тасқынның ортасында қалғаны туралы бірінші болып облыс әкімі Даниал Ахметов аудан халқымен кездесуде айтқан болатын.

Бөлісу