Танымал журналист Дана Нұржігіт қазіргі қоғамдағы құндылықтары төмендеген қыздар жөнінде сөз қозғап, атышулы Байзақованы «Бір сен үшін» фильмінде басты рөлге түсірген Азамат Сатыбалдыға риза болғанын жеткізді.

Бұл туралы журналист Асхат Садырбайдың «Үлкендердің әңгімесі»жобасында айтты, деп хабарлайды Stan.kz.

«Мен белгілі бір әуекомпаниясының ұшағында келе жатып, Азамат Сатыбалдының “Бір сен үшін” фильмін көріп қалдым. Басты рөлде екі әйел бар. Сонда жағымсыз рөлде ойнайтын Байзақованың абыройсыздығын көргенде мен Азаматтың режиссер ретіндегі көрегенділігіне таңғалдым. Өйткені Байзақова фильмде де жағымсыз кейіпкерді ойнайды… Азамат та Байзақованың көзінен жаңағыдай пендешілікті көрген ғой. Демек Байзақованың бойында ондай қылық бар. Көп ұзамай түнгі клубтағы абыройсыздығы елге жария болды және ол оны тереңдете түсті. Отырып шыққаны бір тарих болды.  Бірнеше күн қамауда отырды және оны көкірек қаға мақтан етті. Жалпы бұл жағымсыз көрініс қоғамдағы нені көрсетеді?» – дейді журналист.

Сонымен қатар Дана Нұржігіт қазіргі қоғамдағы өз құндылығын төмендетіп алған қыздардың өзін-өзі тауар тәрізді сататынын айтты.

«Біз әйел туралы көп айтамыз. “Әйел бақыты” хабарын ашамыз. “Бақытты әйел” бағдарламасын көрсетеміз. Әйелді бақытқа жету жолындағы агрессивті тәсілдерін жарнамалаймыз. Ол қалай болғанда да жәрмеңкеге шығарылған тауар сияқты өзін-өзі сату керек, сата білу керек дегенді әбден бойына сіңірген. Мына жабайы нарықтың шарты – тірі тауарға айналған әйел. Сол қынжылтады.  Ер-азамат келіп, менің көңілімді аулап жүріп, менің жолымды торуылдап жүріп, менің өмірлік жолдасым немесе қасымда жүретін жігіт ретіндегі қасиеттері бар ма, мен оны бағалай аламын ба деудің орнына, қыздар құнын төмендетіп алып, өзін тауар секілді сатады. Қандай қасірет бұл. Абыройсыздық. Мен әйел адамның Алладан кейінгі құдіретті дүние екенін жатырыма бала біткенде түсіндім. Бәрі әйелден басталатынын түсіндім», – дейді Дана Нұржігіт.