Негізгі Жансарай Жаңа білім беру сапасы: 2017 жылдың қорытындысы мен 2018 жылға арналған жоспар

Жаңа білім беру сапасы: 2017 жылдың қорытындысы мен 2018 жылға арналған жоспар

Заманауи өркениеттің болашағы технологиялық ілгерілеу мен экономикалық өсімге ғана емес, сондай-ақ адами капиталдың сапасына байланысты.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «білім беру саласына өзіндік инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар жеке экономика саласы ретінде қарау керек» екенін айтқан болатын. Қазақстанда білім беру жүйесі қалай дамып жатқаны туралы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы жұмысы мен 2018 жылға қойған міндеттері туралы PrimeMinister.kz шолу материалынан оқыңыздар.

Сырт көз — сыншы

Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің мәліметіне сәйкес, 2017 жылы бастауыш білім берумен қамту бойынша Қазақстан әлемнің 137 елінің арасында 118 орыннан өз позициясын жақсартып, 4 орынға ие болды.

«Адам дамуы индексі» рейтингісінде Қазақстан адам дамуының деңгейі жоғары елдердің тізіміне қосылып, 188 елдің ішінде 56-шы орынға тұрақтады.

Экономикалық бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші бойынша IMD-2017 Менеджмент институтының нұсқасы бойынша Қазақстан әлемде 35-ші орынға тұрақтап, «Білім беру» субфакторы бойынша өз позициясын 9 сатыға жақсартты. Сондай-ақ, Қазақстан ЭЫДҰ-ның инновациялық саясат және білім беру саясаты жөніндегі комитеттеріне кірді.

ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы: қандай жұмыс атқарылды

Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғыртудың өзектілігі әлеуметтік функция — заманауи қоғамдағы еңбекті бөлуде басты рөлді орындайтын білімдерді жасауға және трансляциялауға негізделген.

«Әрбір қазақстандық білім — болашақта табысты болудың ең негізгі факторы екенін түсінуі тиіс. Жастардың басымдықтары жүйесінде білім бірінші орында болуы керек. Құндылықтар жүйесінде білімділік басты құндылыққа айналатын болса, онда ұлт жетістікке жетеді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында.

Қазақстанның білім беру жүйесін жаңғыртуда білім беру саясатында қамтылған барлық бағдарламалық нұсқаулар тек әлемдік тәжірибеде жинақталған оң әлеуеттен барлық мүмкін нәрсені жинай алатын болса ғана мол табысқа жетуге болады. Сол себепті, көптеген мемлекеттер үшін, әсіресе Орталық Азия үшін білім беру жүйесін жаңғырту мәселесі өзекті болып қалып отыр.

Қазақстанда ұйымдастырушылық негізгі ұлттық білім беру саясаты ҚР білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы болып табылады.

Бағдарлама білім беру сапасын бағалаудың заманауи жүйесін құруға, білім беру стандарттарын, оқу орындарының түлектерін даярлауға қойылатын талаптарды жетілдіруге, жеке меншіктің түрлі формаларындағы оқу орындарының әртүрлі түрлерінің пайда болуына, білім беруді ақпараттандыруға және оқытудың жаңа технологияларын енгізуге, білім беруді қаржыландырудың мемлекеттік емес көздерін белсенді тартуға бағытталған.

2011–2020 жылдарға арналған ББДМБ сәйкес білім беру жүйесін жаңғырту мен дамытудың негізгі бағыттары анықталды: мектепке дейінгі білім беруді дамыту, педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру, электронды білім беруді енгізу, «E-learning» жобасы, жоғары оқу орындарын жаңғырту, кәсіптік-техникалық білім беруді жаңғырту, орта білім берудегі инновациялар.

2017 жылы жасалған жұмыстың қорытындылары туралы айтар болсақ, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен және оқытумен қамту 4,7%-ға өсіп, 90,5% құрады.

Орта білім беру бойынша жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Министрліктің мәліметінше, 2017-2018 оқу жылында 1, 2, 5, 7 сыныптарды көшіру жүзеге асырылды.

А. ж. 1 қыркүйекте жаңартылған мазмұнға 3, 6 және 8 сыныптардың оқушылары көшіріледі. Сонымен бірге, 5 күндік оқу аптасы енгізілді. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда жаратылыстану-ғылыми циклдің 4 пәнін ағылшын тілінде оқытуға көшуге дайындық жүргізілуде («Физика», «Химия», «Биология», «Информатика»). 2017–2018 оқу жылында 153 мектепте пилоттық режимде жаратылыстану-ғылыми цикл пәндерін ағылшын тілінде оқыту басталды.

«Әліппе» («Букварь») әзірленіп, 18 мектеп пен 30 балабақшада апробациядан өтуде, 30 пилоттық мектепте 3, 6 және 8 сыныптардың барлық оқулықтары апробациялануда. Қазақ-ағылшын, орыс-ағылшын және ағылшын тілдерінде «Физика», «Химия», «Биология» және «Информатика» пәндері бойынша еліміздің 16 мектебінде апробация жүріп жатыр.

Сондай-ақ, 70 мыңнан астам мұғалімнің жаңартылған мазмұн бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткені атап өтілді, информатика, физика, химия, биология пәндерінің 12 мың педагогі «Өрлеу» АҚ, «USTAZ Professional Learning Centre», «Назарбаев Университет», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АББҰ-да біліктіліктерін арттырды.

Педагогқа қойылатын нақты талаптары (білімі, қабілеті, еңбек әрекеттері) бар Педагогтың кәсіби стандарты бекітілді. Педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі әзірленуде. Оқушылар мен мұғалімдерге артылған жүктемені азайту мәселесі қаралуда.

2017 жылы олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар 661 халықаралық марапатты жеңіп алды, оның ішінде алтын медаль — 125, күміс — 197, қола — 327, құрмет грамоталары — 12. Беделді халықаралық олимпиадалардың қорытындысы бойынша қазақстандық құрама команда әлемде 10-шы орында.

73 пилоттық мектепте жан басына шаққандағы апробациялау жалғасуда. Өңірлердегі жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыру мәселесі пысықталуда. Мектептер мен балалар үйлерінің 60%-дан астамында қоғамның қатысуымен қамқоршылық кеңестер жұмыс жасайды. Мектеп директорын конкурстық іріктеуге қамқоршылық кеңестің міндетті қатысуы нормасы бектілді.

Білім беру саласы әлеуметтік лифт ретінде

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап 318 колледжде стипендия, жол жүру ақысы және біржолғы ыстық тамақ түрінде әлеуметтік қолдау мен алғашқы жұмыс біліктілігін тегін алуды қарастыратын «Барлығына арналған тегін ТжКББ» жобасы іске асырылуда. ТжКББ ұйымдарында 100 мыңнан астам орынға мемлекеттік тапсырыс бар, оның ішінде 21 мыңы «Тегін ТжКББ» жобасы бойынша.

130 типтік оқу жоспары, бағдарламалар жаңартылды, 53 білім беру бағдарламасы әзірленді. ТжКББ кәсіптері мен мамандықтарының классификаторы қайта қаралды. 500 шетел әдебиеті мемлекеттік және орыс тілдеріне аударылды, 288 колледждің кітап қоры толықтырылды.

WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес жаңа білім беру бағдарламалары енгізіліп жатыр. 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 260 мамандық бойынша жаңа модульдік бағдарламалар енгізілді, онда 3 біліктілікке дейін алу жолдары қарастырылған. Техникалық және кәсіптік білім берудің БМЖМС-на колледждерге оқыту бағдарламаларын 80%-ға дейін өзгертуге мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді.

ТжКББ жүйесінің педагогикалық мамандарына біліктілікті арттыру бойынша модульдік бағдарламалар әзірленіп, енгізілді. 2017 жылы осы бағдарламаларға сәйкес 5200 педагогикалық мамандар біліктіліктерін арттырды, соның ішінде колледждердің 300 басшысы бар. Инновациялық басқару тәсілдерін меңгерген менеджерлер пулы даярланды.

Қосарлы білім беру жүйесінің элементтерін енгізудің оң үрдісі байқалады. 2017 жылы 460 колледжде 80 мамандық пен 165 біліктілік бойынша 3055 кәсіпорынның қатысуымен қосарлы білім беру жүйесі енгізілді. Жалпы 31 607 студент. ТжКББ жүйесін жоспарлау және қаржыландыру тиімділігін арттыру үшін жан басына қаржыландырудың жаңа әдісі бекітілді.

Қазақстанда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласы қарқынды дамып келеді, мәселен, 2017 жылы Quacquarelli Symonds World University Rankings әлемнің үздік университеттерінің рейтингісіне 8 қазақстандық ЖОО кірді.

Қазақстандықтардың болашағы — қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруде

Үш тілдік білім беру аясында оқу пәндерінің 50% оқыту тілінде (қазақ немесе орыс тілінде), екінші тілде (сәйкесінше орыс немесе қазақ тілінде) — 20%, ағылшын тілінде — 30% оқытылады. 76 ЖОО-да 2,5 мың арнайы топ құрылды, онда 30 мың адам оқудың барлық бағыттары бойынша білімді үш тілде алады.

51 шетелдік ЖОО-мен бірге 50 университетте екі дипломды білім беру бағдарламалары бойынша оқыту жүргізілуде. Ағылшын тілінде 10 білім беру бағдарламасы енгізіліп жатыр. Жоғары оқу орындарының академиялық және қаржылық дербестігін кеңейтуге арналған нормалар қарастырылған заң жобасы әзірленді.

2017 жылы 600 ПОҚ тілдік курстарда біліктілікті арттырудан өтті. Еліміздің 30 жоғары оқу орнының Қадағалау кеңестерінің корпоративтік хатшыларын оқыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік жоғары оқу орындарының Қадағалау кеңестерінің 94 мүшесі оқытылды. ЖОО-ларды басқаруға 2017 жылы 30-дан астам шетелдік топ-менеджерлер тартылды.

Экономикалық өсімнің жаңа моделіне көшу аясында «Жаңа экономика 3.0 драйвері ретінде білім беру хабын дамыту» жобасы іске асырылуда. Жобаның басымдықты бағыттарының бірі — шетелдік студенттерді тарту. ЖОО-ларда 13 мыңға жуық (3%) шетелдік студенттер білім алып жатыр. 2017 жылы аталған бағытта 200 маркетингтік науқан өткізілді. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Тәжікстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Қытайда, Үндістанда және Түркіменстанда білім беру бойынша алты PR-шара өткізді. Көрме қорытындысы бойынша өзара ынтымақтастық туралы 20 меморандумға қол қойылды.

2017 жылы 84 млрд-тан астам теңге жеке инвестициялар тартылды (оның ішінде 71 млрд тг — ақылы қызметтер көрсету есебінен және 13 млрд тг — стартаптарды дамыту мен бірлескен қаржыландыру есебінен).

Міндет анықталды — білім берудің жаңа сапасы

2018 жылға арналған міндеттерге сәйкес, бейінді ведомство мәліметтері бойынша 121,8 мың орынға арналған 1 067 мектепке дейінгі мекеме ашу, оның ішінде 766 (71,5 мың орынға) жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар, сондай-ақ балаларды ерте дамытудың стандарттары мен бағдарламаларын енгізу, БМЖМС-ға өзгерістер енгізу және жаңа бағдарламалар әзірлеу, электрондық Үкімет пен «E-әкімдік» жүйелерін біріктіру арқылы балабақшаларға бағыт беру үрдісін автоматтандыру бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату жоспарланып отыр.

Орта білім беру бойынша, жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары жалғастырылып жатыр (3, 6, 8 сыныптар), жаңартылған мазмұнға сәйкес білім беруге көшкен мұғалімдердің еңбекақысын біртіндеп 30%-ға арттыру, педагогтарды аттестациялаудың жаңа жүйесін енгізу, аттестаттаудың жаңа Ережелерін қабылдау, біліктілік деңгейін және ұлттық біліктілік тестінің нәтижелерін ескеретін педагогикалық шеберлік санаттарына арналған қосымша ақы төлеудің жаңа желісін құру жоспарланып отыр. Педагогтер біліктіліктеріне байланысты 20%-дан 50%-ға дейін қосымша ақы алатын болады.

Сонымен қатар Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларының жекеменшік мектептері мен Астананың мемлекеттік мектептеріне жан басына қаржыландыру жүйесін енгізу жоспарланған. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім беруді цифрландыру жүзеге асырылады және электронды журналды, «Күнделік» күнделігін енгізу және үш тілде бейнефильмдер мен интерактивті сабақтарды әзірлеу жұмыстары жалғастырылады.

Техникалық және кәсіптік білім беруде «Барлығына арналған кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын енгізу, кредиттік-модульдік технология бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеу, қосарлы білім беруді енгізу, 20 құзырет орталықтарын құру, оқу процесіне WorldSkills стандарттарын ескере отырып білім беру бағдарламаларын енгізу, WorldSkills халықаралық чемпионатында ТжКББ білім алушыларының позициясын жақсарту және шетелдік оқулықтарды аудару жұмыстары жалғастырылады.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында 2018 жылы мына жұмыстар жалғастырылады:

– ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту,

– университеттердің білім беру бағдарламаларының тәуелсіз рейтингісін жүргізу және үздік білім беру бағдарламаларының тізімін жасау,

– шет елдерде білім беру көрмелерін ұйымдастыру және өткізу,

– Қытай, Үндістан, Өзбекстан және Түркіменстанда Халықаралық бағдарламалар орталығының өкілдіктерін ашу мәселесін пысықтау,

– екі дипломдық білім беруді жүзеге асыру арқылы шетел студенттерін тарту жұмыстарын жалғастыру, ағылшын тілінде білім беру бағдарламаларын іске асыру,

– АТ, педагогикалық, медициналық, техникалық бағыттар бойынша жаңа университеттерді ашу мәселесін пысықтау,

– ағылшын тілінде 10 жаңа бағдарлама әзірлеу.

Жариялағанedu.gov.kz/kz
Бөлісу
   яндекс.ћетрика