Қазақ эстрадасындағы орны бөлек бойзбендтердің бірі «Жігіттер» тобының құрылғанына биыл 15 жыл. Бүгінде аталмыш топтың әншілері жеке шығармашылық пен бизнеске бет бұрған. Ал квартеттің жұмысы тоқтамақ па? Төрттіктің тағдыры не болмақ? Мерейтой қарсаңында топ продюсері Ерғали Әбдірайымов NUR.KZ порталына эксклюзивті сұхбат беріп, жобасының алдағы жоспарларымен бөліскен еді.

"Жігіттер" квартеті. Фото: Интернет желісінен

“Жігіттер” квартеті. Фото: Интернет желісінен

«Топтың болашағын бір Алла біледі. Ертеңгі күні не болатынын ешкім білмейді. Сол себепті мен жігіттерге айтамын, егер мүмкіндік болса жеке әндеріңді жаза беріңдер. Жеке бейнебаяндар түсіре берейік, халық сендердің жеке әндеріңді де тыңдағасы келеді. Сол себепті жеке әнші ретінде танылуға «Жігіттер» тобына рұқсат бергенмін», – дейді Ерғали Әбдірайымов.

Жеке әншіліктен бөлек, «Жігіттер» тобы жеке бизнеске де бет бұра бастаған. Мәселен, Бағлан Әбдірайымов бүгінде той орталығын ашып, өз кәсібін дөңгелетіп жүр. Бұған топ жетекшісі қалай қарайды?!

Ерғали Әбдірайымов әріптестерімен. Фото: Интернет желісінен

Ерғали Әбдірайымов әріптестерімен. Фото: Интернет желісінен

«Қолдан келіп жатса кәсіптің де шетін ашып қою керек. Топтың жұмысы не боларын әзірге ешкім білмейді. Неге десеңіз, бала-шаға өсіп келе жатыр. Ағайын-туыс, әке-шешелері бар. Олардың бәрі осы жігіттерге қарап отыр. Ырзық-несібесін алып отыр. Жеке кәсіптерін ашуға да рұқсат бергенмін. Менің өзімнің де топтан бөлек жеке бизнесім бар. Жігіттерге де жол көрсетіп, болатын болса осы іспен айналысыңдар деп кеңес беріп отырамын», – дейді продюсер

2003 жылы іргетасы қаланған ұжым осы уақыт ішінде түрлі оқиғаларды бастан кешірді. Топ құрамынан Еркін Нұржанов кетіп, орынын Мырзахан алмастырса, Ердос Қанаевтың денсаулығы сыр берген сәтте төрттіктің жұмысына аздаған үзіліс жариялаған кездер де болды. Сондықтан, продюсер ұжымды басқару оңайға соқпағанын жасырмайды.

"Жігіттер" квартеті. Фото: Интернет желісінен

“Жігіттер” квартеті. Фото: Интернет желісінен

«Сөздің шыны керек, қазіргі таңда бір жанұяның балалары өзара бір-бірімен ауызбіршілігін таппай жатқан кезде, мысалы, төрт жігітті ұстап тұру маған да қиын. Бір адамды тыңдағаннан, төрт адамды тыңдағанда төрт құлақ керек қой. Одан бөлек әрқайсының өзіндік мінезі бар. Мінезден бөлек әрқайсының отбасындағы жағдайлары мен проблемалары бар.

Сондай қиын кезде бір-бірімізге қол ұшын бермесек, онсыз тағы болмайды. Сол жағы қиындау. Бір адамға көмектескеннен гөрі, төрт жігітке көмектесу қиындау… Бірақ қазір үйреніп қалдық. Бір-бірімізді 2-3 күн көрмей қалсақ іздеп тұрамыз. Неге десеңіз, 15 жылдың ішінде біте-қайнасып, сіңісіп кеткенбіз. Біреуінің бір жері ауырып тұрғанын бірден түсіне қоямыз», – дейді Ерғали.

15 жыл бойы төрт жігіттің психологиясын жетік зерттеген продюсер топтағы әншілердің әрқайсына жеке-жеке баға берді. Олардың мойнына жүктелген өз жұмыстары бар көрінеді.

Ерғали Әбдірайымов. Фото: Интернет желісінен

Ерғали Әбдірайымов. Фото: Интернет желісінен

«Біреуі әнге жауап береді, біреуі топтың жүріс-тұрысына, баратын жеріне жауап береді. Бізде еркелеуі Мырзахан ғой. Біріншіден, сәл кейінірек келіп қосылды. Екіншіден, жасы кіші болғаннан кейін еркелейтіні бар. Кешігіп қалатын уақыттары болады, ұйықтап қалған сәттері де бар.

Біз ұшақпен ұшып кеткен де, «Ой, ұйықтап қалыппын ғой» – деп артымыздан ұшып келетін кездер де болады. Ішіндегі пысықтауы – Айдар мен Ердос. Бағлан солардың ортасында жүреді», – дейді «Жігіттер» квартетінің жетекшісі.

Айта кетейік, «Жігіттер» тобы бүгінде 15 жылдық концертке қызу дайындықты бастап кеткен. Наурыз мейрамының қарсаңында қос астанамызда аталмыш ұжым мерейтойын атап өтпек.