Қазақстан ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінде төрт сатыға төмен сырғыды деп хабарлайды abctv.kz

Қазақстан дүниежүзілік экономикалық форумының 2017/18 жылдарға арналған ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі жағдайын әлсіретіп алды. Біздің ел төрт сатыға төмендеп, 137 мемлекеттің ішінен 4,35 көрсеткішпен 57-орынға тұрақтады (былтыр 4,41 көрсеткішпен 138 мемлекеттің арасында 53-орында тұрған еді). Біздің елді инновация, тиімді емес сауда нарығы, еңбек нарығы және қаржы нарығы «жерге қаратты».

Қазақстанның ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі жағдайы екінші жыл қатарынан төмендеді. Ал ең үздік нәтиже 2015 жылы тіркелген болатын. Дәл осы жылы біздің мемлекет 42-орынға шыққан еді. Қазақстан 2012/13 жылдары – 51, 2013/14 жылдары – 50, 2014/15 жылдары – 50, 2015/16 жылдары – 42, 2016/17 жылдары – 53, 2017/18 жылдары 57-орынды иеленді.

«Еуразиялық экономикалардың басым бөлігі үшін жалпы тенденция тәуір. Ал елдер рейтингі арасында айтарлықтай алшақтық бар. Бәсекеге қабілетті экономикалар, оның ішінде Ресей Федерациясы да бар (38-орын, 5 сатыға көтерілді) барлық басымдықты сақтауда. Молдова 11 сатыға көтеріліп, 89-орынға орнықты. Бұған дейінгі жылдары рейтингтегі орнын жақсартқан кейбір елдер төмен сырғыды. Мәселен, Грузия (67) мен Қазақстанды (57) мысалға алуға болады», – деді дүниежүзілік экономикалық форумында.

Қазақстан ғаламдық индексте мынадай бағыттар бойынша әлсіреді: инновация – 95-орын (59 және 72 орындар), қаржы нарығының дамуы – 114-орын (былтыр және екі жыл бұрын 104 және 91-орындарда болған еді) сауда нарығының тиімділігі – 72-орын (62 және 49-орындар), еңбек нарығының тиімділігі – 35-орын (20 және 18-орындар).

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан бір жыл ішінде келесідей бағыттар бойынша жағдайын нашарлатып алған: базалық жағдайлар – 69-орын (бұрын 62 және 46-орындарда еді), инфрақұрылым – 68-орын (63 және 58 орындар), бизнестің бәсекеге қабілеттілігі – 108 орын (97 және 79 орындар), институттар – 60 орын (49 және 50-орындар).

Жақсылық да жоқ емес. Бар. Бірақ аз. Технологиялық дайындық 52-орынға дейін көтерілді (былтыр және екі жыл бұрын 104 және 61-орындарда еді), денсаулық сақтау және бастапқы білім 59-орынға дейін нығайды (94 және 93-орындар), нарық мөлшері 43-орынға тұрақтады (56 және 46 орындар), жоғары білім және кәсіби дайындық – 56 орын (57 және 60 орындар).

Былтыр Қазақстанды басып озған Руанда ғаламдық индексте 4,35 көрсеткішімен 58-орынға жайғасты (бұрын 4,41 көрсеткішпен 52-орында еді). Бәсекелестік деген осы. Егер Қазақстан былтырғы 4,41 көрсеткішін сақтап қалғанның өзінде биыл 54-орынға тұрақтар еді. Себебі осы жылы көптеген ел ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі жағдайларын жақсартты. Мәселен, былтыр 54-орын алған (4,41 көрсеткішімен) Коста-Рика биыл 4,50 көрсеткішімен 47-орынға көтерілді. Ал Мексика 51-орынды сақтап қана қойған жоқ, көрсеткішін 4,41-ден 4,44-ке жақсартты.

Ал өз орнын көп сатыға жоғалтып алған елдің бірі – Кувейт. Былтыр мұнайлы ел 4,53 көрсеткішімен 38-орынға шыққан еді. Биыл 4,43 көрсеткішімен 52-орынды қанағат тұтты.

Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі Қазақстанның «көршілері»: Латвия – 54-орын, көрсеткіш – 4,40 (49-орын – 4,45), Вьетнам – 55-орын, көрсеткіш – 4,36 (60-орын – 4,41), Филиппин – 56-орын, көрсеткіш – 4,35 (57-орын – 4,36), Руанда – 58-орын, көрсеткіш – 4,35 (52-орын – 4,41), Словакия – 59-орын, көрсеткіш – 4,33 (65-орын – 4,28), Венгрия – 60-орын, көрсеткіш – 4,33 (69-орын – 4,20).

Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінде Грузияда төмен түсті – 67-орын, көрсеткіш – 4,28 (59-оырн – 4,32). Иран Грузиядан сәл төмен орналасқан – 69-орын, көрсеткіш – 4,27 (76-орын – 4,12).

Ресей жағдайын едәуір жақсартты – 38-орын, көрсеткіш – 4,64 (43-орын – 4,51). Қазақстанның тағы бір ірі сауда серіктесі Қытай да жағдайын жақсартыпты – 27-орын, көрсеткіш – 5,00 (28-орын – 4,95). Қытайдың алдында Оңтүстік Корея орналасқан – 26-орын, көрсеткіш – 5,07 (26-орын – 5,03). Әзірбайжан да екі сатыға көтерілді – 35-орын, көрсеткіш – 4,69 (37-орын – 4,55).

Армения 73-орында, көрсеткіш – 4,19 (79-орын – 4,07), Тәжікстан – 79-орын, көрсеткіш – 4,14 (77-орын – 4,12), Украина – 81-орын, көрсеткіш – 4,11 (85-орын – 4,00), Молдова – 89-орын, көрсеткіш – 3,99 (100-орын – 3,86), Қырғызстан – 102-орын, көрсеткіш – 3,90 (111-орын – 3,75). Бұл ретте, ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінде Беларусь пен Өзбекстан жоқ.

Ал көш басында – Швейцария. Швейцария былтырғы көрсеткішті 5,86-тен  5,81-ге жақсартты. АҚШ 5,86 көрсеткішпен (5,70) Сингапурды үшінші орынға сырғытты. Үшінші сатыдағы Сингапурдың көрсеткіші – 5,71 (былтыр 5,72 еді) Үздік бестікте Нидерланды – 5,66 (5,57) мен ГФР – 5,65 (5,57) бар.

Гонконг 10-орыннан 6-орынға көтерілді – 5,53 (былтыр 5,48 еді). Швеция 6-орыннан 7-орынға төмендеді – 5,52 (5,53). Ұлыбритания 7-орыннан 8-орынға түсті – 5,51 (5,49). Жапония бір сатыға төмендеп, 9-орынға тұрақтады – 5,49 (5,48). Үздік ондықты Финляндия түйіндеді – 5,49 (5,48).

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

Бөлісу